Басты бет » Жаңалықтар » Мәжіліс депутаттары «Нұр Ақтөбеге» барды

Мәжіліс депутаттары «Нұр Ақтөбеге» барды

Өткен сенбі күні Ақтөбеге іссапармен келген Мәжіліс депутаттары «Нұр Ақтөбе» ауданындағы энерготиімділік орталығында болып, осы ғимаратта орналасқан орталықтардың жұмысымен танысты. Сондай-ақ, халық қалаулылары «7-20-25» бағдарламасы бойынша осы ауданнан пәтер алған ақтөбеліктердің қуанышымен бөлісті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауын, «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын халық арасында түсіндіру мақсатында келген Мәжіліс депутаттары   «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Петр Шарапаев, Сәкен Қаныбеков, Әлия Сапарова, Павел Казанцевтер алдымен «Нұр Ақтөбе» ауданындағы энерготиімділік орталығының жұмысымен танысты. Қала тіршілігін қамтамасыз ету және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инженерлік желілеріне мониторинг жүргізу орталығы, халыққа қызмет көрсету, ішкі істер департаментінің жедел басқару орталығы, Ақтөбе қаласының Алматы ауданы әкімінің аппараты орналасқан ғимарат — облыстағы жаңа технологиялық орталық ретінде белгілі. Ғимарат күн панельдерімен, газ поршеньді станциямен, геотермальді жүйемен, сондай-ақ жел генераторларымен жабдықталған. Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов депутаттарды жедел басқару орталығының жұмысымен таныстырды. Қала әкімінің айтуынша, жедел басқару орталығын іске қосудағы негізгі мақсат — қала қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ баламалы энергетика технологиясын көрсету және тұрғын үйлерді ыстық сумен, жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ету үшін оны пайдалана білуге үйрету. Жаңа технология арқылы тұтас қала аумағын бақылауға болады.

— «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне арналған бұл ғимараттың құрылысы 2017 жылы аяқталды. Ғимарат толықтай баламалы энергия көздерін тұтынады: жарық, жылу мен ыстық су күн мен жел энергиясынан  алынады, — деді қала әкімі.

Алматы ауданының әкімі Алмаз Әлімбаев депутаттарды халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен таныстырды. Ал қала әкімі аппаратының ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы Серік Әшірбеков қонақтарға жедел басқару орталығының мүмкіндіктерін көрсетті. Қала көшелерінде, үйлердің аулаларында, подъездерде орнатылған бейнекамералар арқылы экраннан сол жерлердегі жағдайды толық бақылауда ұстауға болады. Тіпті жолда келе жатқан автокөліктердің мемлекеттік номерлерін де еркін анықтауға мүмкіндік бар.

— Ақтөбе қаласының Алматы ауданы әкімдігі орналасқан ғимаратта халыққа қызмет көрсететін бірнеше орталық жұмыс істейді, бұл тұрғындар үшін өте тиімді. Елбасының цифрландыру тапсырмасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстық. Еліміздегі төрт ірі агломерация орталығы, одан қалды миллион тұрғыны бар қалаға айналу, «ақылды қала» болу бағытында Ақтөбеде жап-жақсы жұмыстар жүргізіліп жатыр, — дейді Мәжіліс депутаты Сәкен Қаныбеков.

Бұдан соң қала әкімі Ілияс Испанов, Мәжіліс депутаттары «Нұр Ақтөбе» ауданындағы «7-20-25» бағдарламасы бойынша үй алған ақтөбеліктерді құттықтауға барды.  «Цеснабанк» арқылы пәтер құнының 20 пайызын төлеп, 7 пайызбен несие рәсімдеген ақтөбелік Мейрамгүл Жорғабаева үш бөлмелі пәтерге қол жеткізіп отыр.

— Аталған банкте депозит ашып, қаржы салып отырдым. 1 миллион 600 мың теңге қаражат жинап, баспана алдық. Ұлым мен қызым бар. Өзім «Теңізшевройл» компаниясында жұмыс істеймін. Бұған дейін балаларыммен бірге ата-анамның үйінде тұрдым. Құжаттарды жылдам рәсімдедім —  пәтерді таңдағаннан кейін екі аптаның ішінде құжаттарымды әзірлеп, баспана кілтін қолыма алдым,  — дейді ол.

Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысы Жанаргүл Дүйсекенованың айтуынша, бүгінге дейін Ақтөбе облысында «7-20-25» бағдарламасы бойынша 364 адамның өтініші қабылданып, оның 216-сы мақұлданған. 

— Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгеріс енгізілді. Соған сай «Нұр Ақтөбе» ауданындағы үйлерді де ақтөбеліктер «7-20-25» бағдарламасы бойынша ала алады. Бұл аудандағы үйлер бұрын тек Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша сатылып келді. Міне, «Нұр Ақтөбе» ауданынан «7-20-25» бағдарламасы бойынша бірінші адам баспаналы болып отыр. Мұндағы пәтерлер таза әрлеуде сатылады, бір шаршы метрінің құны — 120 мың теңге. Қазіргі уақытта 171 пәтер осы бағдарлама бойынша сатылуға дайын. Үй аумағына қарай пәтер құны 3 804 000 теңгеден 8 688 000 теңгеге дейін шығады. Осы айдың басында 15 үй, яғни 1524 пәтер пайдаланылуға беріледі, оның 50 пайызы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы, қалған 50 пайызы «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы арқылы сатылады. Тұрғындар толық ақпаратты қалалық тұрғын үй қатынастары бөліміне немесе халықтық кеңседе орналасқан «Баспана» акционерлік қоғамының ақпараттық орталығына келіп, білулеріне болады,   — дейді Ж.Дүйсекенова.

Қазіргі уақытта «7-20-25» бағдарламасы бойынша ЦентрКредит, АТФ, RBK, Цесна, Форте, Сбербанк, Халық және Еуразиялық банктері жұмыс істейді.  Баспаналы болған тұрғындардың көпшілігі несиені Центр Кредит банкі арқылы рәсімдеген.

— Ақтөбе қаласы бойынша 25 құрылыс компаниясы коммерциялық үйлердің құрылысын жүргізіп жатыр. Бұл үйлер негізінен Батыс-2 ауданында орналасқан. Ондағы тұрғын үйлердің бір шаршы метрінің құны — 140-160 мың теңгенің шамасында, — дейді Ж.Дүйсекенова.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*