Басты бет » Жаңалықтар » Халық қалаулылары қабылдау өткізді

Халық қалаулылары қабылдау өткізді

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» фракциясының мүшелері Сәкен Қаныбеков, Павел Казанцев, Петр Шарапаев және Әлия Сапаровалар «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді.

«Кедергісіз келешек» партиялық жобасын іске асыру мақсатында өткен шарада  қала тұрғындары депутаттармен және құзырлы мекеме өкілдерімен тікелей тілдесіп, сұрақтарына жауап алды. Тұрғындар, әсіресе, кәсіпкерлік, тұрғын үй және жұмыспен қамту мәселелеріне қатысты көптеген сауалдар қойды.

— «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында тоқсан сайын еліміздің әр өңірінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған қоғамдық қабылдаулар, халықпен кездесулер өткізу жоспарланды. Бұл мақсатта тұрғындардың толғандырған сауалдарына барынша жауап беруге тырысамыз.

Ақтөбе өңірінде ауыл шаруашылығы жақсы дамыған, жайылымдық жерлер де көп. Күні кеше ғана Елбасының төрағалығымен өткен кеңейтілген отырыста ауыл шаруашылығына қатысты әр облыста қандай жұмыстар атқарылып жатқандығы айтылды.

Ақтөбеде сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорындар бар. Халықты жүз пайыз жергілікті өнімдермен қамтамасыз етуге барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Ол үшін ірі кооперативтер құру керек. Сондай-ақ мал сатып алуға да субсидия беріліп жатыр. Кәсіпорын ашқыңыз келсе, ауылшаруашылық министрлігінен қаражат бөлініп отыр, — деді Мәжіліс депутаты Сәкен Қаныбеков.

Қоғамдық қабылдауға келгендердің бірі — Жақсылық Наурызбайұлы. Екінші топ мүгедегі үш жылдан бері құс шаруашылығымен айналысады. Кәсібін одан әрі кеңейтуді көздеген кәсіпкер тиісті мекеме өкілдерінен арнайы кеңес алды.

— Кәсіп бастауда «Нұр Отан» партиясы қолдау көрсетті.  Шаруашылығымды дамытуға арнайы үлкен қора салу үшін қаражат керек. Сондай-ақ жер алып, өрік ағаштарын өсірумен айналыссам деген ниетім бар. Бүгінгі қабылдауда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған гранттарға ие болу мүмкіндіктерімен таныстым, — дейді ол.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары алдағы бір аптаның ішінде облыс аудандарындағы атқарылып жатқан істермен танысып, түсіндіру жұмыстарын жүргізбек.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*