Басты бет » Басты жаңалықтар » Бердібек САПАРБАЕВ: Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды сапалы әрі дер кезінде орындауымыз керек

Бердібек САПАРБАЕВ: Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды сапалы әрі дер кезінде орындауымыз керек

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінде жиын өтті. Онда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларды облыста жүзеге асыру жайы айтылды. Жиынға облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, сондай-ақ облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары, құқық қорғау, қаржы институттары мен банк саласының өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, кәсіпкерлер қатысты. Аудан әкімдері онлайн режимде қосылды.    

Талдау мен саралау — басты мәселе

Мемлекет басшысының қатысуымен Үкіметте кеңейтілген отырыстың өткенін білесіздер. Сол мәжілісте Елбасы барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың басшыларына тапсырма берді. Ендігі біздің міндет — берілген тапсырмаларды дер кезінде, сапалы орындау.

Ең басты тапсырма — халықтың табысы мен әл-ауқатының артуы. Ол үшін экономиканың даму қарқынын төмендетпеуіміз керек. Өткен жылдың қорытындысын әкімдіктің кеңейтілген отырысында қараған кезде барлық басшыларға тапсырма берген болатынбыз. Соңғы екі жылда біздің өңірімізде экономиканың даму қарқыны 5 пайыз деңгейінде болса, басталған жылды да сол деңгейден төмендетпей қорытындылауымыз керек. Сол кезде халықтың табысы көбейеді.

Тағы бір үлкен мәселе — бағаның орынсыз, заңсыз өсуіне жол бермеу. Жұмыссыздардың санын көбейтпеу, — деп жиынды ашқан сөзінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Президенттің қазіргі таңда мемлекетте, оның ішінде өңірлерде іске асырылып жатқан бағдарламалар мен жобалардың орындалу сапасына ерекше көңіл бөлгенін атап өтті.

Облыс әкімі өз сөзінде аймақта мемлекеттік бағдарламалардың қалай орындалып жатқаны алдағы тиісті мәжілістерде қаралатынын айта келе: «Әр бағдарлама қарапайым халыққа не беріп жатыр? Сол бағдарламаның мүмкіншілігін біз қалай пайдаланып жатырмыз? Одан біз қанша қаржы алуымыз керек? Қанша қаржы алдық? Соның нәтижесінде халқымыздың тұрмыс-жағдайы қалай жақсарады? Міне, осындай мәселелерді тағы бір мәрте саралап, талдау жүргізуіміз керек», — деді Б.Сапарбаев.

Жастарға пәтер алу үшін жеңілдетілген несие беріледі

Жиында облыс әкімі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Н.Назарбаев Жолдаудағы 5 әлеуметтік бастаманың жергілікті жерлерде орындалу жайына ерекше көңіл бөлгенін айтты.

Біз бұл тапсырманы талай рет қарадық. Жалпы, барлығы негізінен дер кезінде орындалып жатыр, көрсеткіштеріміз де жаман емес. Бірақ, көрсеткіштерді одан да жоғарыға көтеруге мүмкіндігіміз бар. Әсіресе, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша пәтер беру ісінде мүмкіндік зор.

Қазіргі таңда біз 2 миллиард 100 миллион теңгеге 254 пәтер бердік. Бірақ бізде салынып жатқан үй құрылыстарына сәйкес бұл көрсеткіш аз. Осыған орай, Ұлттық банк қосымша жаңа бағдарлама қабылдауға кіріссе, Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өз ережелерін өзгертіп жатыр. Сондықтан Ұлттық банк филиалының төрайымына,  екінші деңгейдегі банктердің басшыларына және барлық деңгейдегі әкімдерге, әсіресе Ақтөбе қаласының әкіміне айтарым, осы көрсеткішті көбейтуіміз керек. Ол үшін құзырлы органдармен келісімдеріміз бар.

Ең бастысы — біз бұл бағытта ай сайын пәтер беруде өзімізге міндеттеме алуымыз керек.   Жастар жылына байланысты жастарға пәтер алу үшін жеңілдетілген несие беретінімізді айттық. Бұл орайда «Баспана» акционерлік қоғамымен келісімшартқа қол қойылды. Пәтердің бастапқы жарнасын төлеу үшін 2 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Біз осылайша мемлекеттік, бюджеттік қызметкерлерге, жастарға, әлеуметтік сала мамандарына, әскерилерге пәтер алуда көмек қолымызды созбақпыз. Енді осыны орындауымыз керек, — деді Б.Сапарбаев.

Экспортқа бейімделген кәсіпорындарға қолдау қажет

Жиында шағын несиелеуге байланысты да атқарылып жатқан жұмыстар жайы сөз болды.

Бұл бағытта облыс тарапынан нәтижелі жұмыстар атқарылған. Былтыр бұл жұмысқа 5 миллиард теңгеге жуық қаражат қарастырылса, биыл 5,4 миллиард теңге мөлшерінде қаржы бөлінген.

Облыс әкімі бұл істе  кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы басқармалары мен қаржы институттары берілген қаражаттың 100 пайыз игерілуін қамтамасыз етуі қажеттігін атап өтті. Бұл орайда нақты жобалармен қазірден бастап жұмыс жүргізілуі тиіс.

Сондай-ақ, өзін-өзі жұмыспен қамту, импортты азайтып, экпорт көлемін көбейту мәселелері де Үкіметтің кеңейтілген отырысында нақты айтылған тапсырмалардың бірі. Әсіресе, экспортқа бейімделген компанияларды қолдауға мейлінше назар аударылуы керек.

Былтыр Елбасы тапсырмасына сәйкес Үкімет осы бағдарлама үшін 600 миллиард теңге бөлгенімен, өкінішке қарай, облыстан бірде-бір жоба ұсынылған жоқ, — деген облыс әкімі жиында аталған бағытқа бөлінген ауқымды қаражаттан Ақтөбе облысы да тиісті үлесін алу үшін құзырлы органдардың жұмысты жандандыруы қажеттігін айтты.

Облыста өндіру мен тұтыну балансы жасалғанмен, жұмыс мардымсыз жүргізіліп отыр. «Біз оны не үшін жасадық? Өйткені импортты азайтып, өзіміздің тауар өндірушілерімізді қолдау мақсатында жүзеге асырдық. Яғни импортты алмастырып, қазақстандық мазмұнды арттыруымыз керек. Өкінішке қарай, әзірге біз өндіру және тұтыну балансымен жұмыс жасамаймыз», — деді облыс әкімі.

Биылғы меже — 1 миллион шаршы метр тұрғын үй

Үкіметтің кеңейтілген отырысында үй құрылыстарын салу мәселесі көтерілді. Бұл жөнінен облыста былтыр 900 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс әкімінің айтуынша, бұл — республика бойынша жақсы көрсеткіштердің бірі. — Біз бұл жұмыстарды әрмен қарай жалғастыруымыз керек. Биыл ең кем дегенде 1 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жөнінде өзімізге міндеттеме алдық. Мен барлық құрылыс компанияларына қазірден бастап жұмыс жасау керектігін айтып жүрмін. Елбасы құрылыста мейлінше отандық өнімді пайдалану керектігін айтты. Ақтөбенің қажетті  құрылыс материалдарымен өзін-өзі қамтамасыз ету көрсеткіші — 85 пайыз. Қазіргі таңда цемент пен темірден басқасының барлығы өзімізде өндіріледі. Сол көрсеткішті 90 пайызға жеткізуге болады, — деді Б.Сапарбаев.

Жиында құрылыс материалдарын үнемдеу, жоба жасаушыларды лайықты таңдау ісі де сөз болды. «Тұрғын үй жобасын әзірлеген кезде бірінші кезекте балабақша, полиция пункті мен медициналық бекет салу секілді әлеуметтік нысандарға ерекше мән берілу керек», — деген облыс әкім соңғы кездері құрылысшылар көбінесе тұрғын үйді коммерциялық бағытта салуға ыңғайлайтынын да айтты.  Жиында  облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтан осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар турасында сұрады. Оның айтуынша, қазіргі салынып жатқан панельді үйлердің бірінші қабатын әлеуметтік ғимараттар етіп салу механизмі қарастырылған.

4 мың тонна ет экспортталады

Үкіметтің кеңейтілген отырысында елімізде аграрлық сала бойынша нәтижелі жұмыстардың жасалғаны айтылды. Аталған салада облыстың көрсеткіші де алдыңғы қатарлардан көрінеді.

Ең үлкен мәселе — цифрландыру. Судан бастап, жерді пайдалану ісіне дейін цифрландыру жүйесіне көшірілуі керек. Қазіргі күні облыста «АкТеп» пен «Айс» компаниялары ғана цифрландыру жүйесі негізінде жұмыс жасайды. Мұндай кәсіпорындардың санын көбейтуге біздің мүмкіншілігіміз бар. Әсіресе, мал ұрлығын болдырмау, оның алдын алу шараларына қатысты істі цифрландыруымыз керек, — деді облыс басшысы.

Электронды карта бойынша жұмысты жетілдіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мәселесі де сөз болды. Облыс әкімінің айтуынша, соңғы кездері аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы бойынша 5-7 пайыз өсім болғанымен де, сүт, ет өңдеу комбинаттарының жүктемесі 50 пайыздан аспай отыр. Өнім түрлерін көбейту ісінде де «Айс» компаниясынан басқа кәсіпорындарда бұл бағыттағы жұмыстар әлі де болса жүзеге асырылмаған. Соның салдарынан сүт өнімдерін көрші Ресейден тасымалдауға мәжбүрміз.

Азық-түлік сақтау қоймаларының санын көбейтіп, көтерме базарлардың жұмысын жетілдіру жайы да жиында айтылған басты мәселелердің бірі болды. Бұл өз кезегінде баға тұрақтылығын қамтамасыз етіп, сырттан келетін тауарлардың көлемін азайтуға өз әсерін тигізбек. Мұндай жұмыстар аудандарда да жүзеге асырылуы тиіс. Әсіресе, тоғыз жолдың торабында орналасқан Шалқар, Ырғыз, Әйтеке би, Хромтау сияқты өңірлерде бұл іс жетілдіріле түсуі керек.

Ақтөбе ет экпорты бойынша республикада алдыңғы орын алады. Бұл орайда «АкТеп» шаруашылығының ықпалы зор. Негізінен сиыр еті сыртқа экспортталады. Алайда облыс әкімі қой, шошқа етін экспорттауға ден қою керектігін айтты. Негізінен етті Ресейден бөлек, Қытай мен Араб елдеріне экспорттау жоспары тұр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың айтуынша, биыл облыста 4 мың тонна ет экспортталады. Сүт қабылдау пункттерінің санын көбейтіп, сүт бағасы да басты назарға алуынуы керек.

Бүгінгі таңда, «Айс» компаниясы қарапайым тұрғындардан бір литр сүтті 100 теңгеден қабылдап отыр. Жиында облыс әкімі сүт көлемін көбейту үшін жем-шөп базасын молайту, шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру жайын айтты.  Алайда облыс әкімі бұл істің әзірге ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде жүзеге аспай отырғанын сынға алды. Қазір облыста 195 кооператив тіркелсе, соның

24-інде өнім өндірілмейді.

Жиында өңдеу өнімдерін экспортқа шығару мәселесі де сөз болды. Бұл орайда Бердібек Сапарбаев өзімізде өндірілетін құрылыс материалдарын да экспортқа шығару жайын сөз етіп, осы бағытта жұмыстану қажеттігін айтты.

Суармалы егіс алқаптарын ұлғайту — бүгінгі күннің басты талабы. Осындай суармалы алқаптарды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында жүзеге асыру мәселесі айтылып, бұл жөнінде құзырлы органдармен жұмыс жүргізу жайы тапсырылды.

Жиында айтылған мәселелердің бірі — жекешелендіру. Әзірге бұл бағытта облыста жұмыс қарқыны бәсең. Сол сияқты, «Қазақинвест» мекемесінің атына сын айтылды. Келер аптада аталған мекеме басшылығының осы күнге дейін атқарған жұмысының есебі тыңдалатын болады.

Биыл облысқа 550 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылмақ. Бұл орайда облыс әкімі индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшылығына трансұлттық компаниялармен байланысты нығайтып, оларды Ақтөбе нарығына тарту бағытында жұмысты күшейту керектігін атап өтті.

Жалақы қарызы — 74 миллион теңге

Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел аумақтарында шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Бұл саладағы жұмыстар облыста көңіл көншітерліктей. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық мүмкіндігін тиянақты зерделеу бағытында жүзеге асырылып жатқан кәсіпкерлік скрининг бойынша бірқатар жұмыстар да атқарылған.

Облыста қаржы жүйесінің тұрақтылығы, банктер жұмысы, банкроттық мекемелермен жұмыс жайы да жиында көтерілген басты мәселелердің бірі болды. Облыс әкімінің айтуынша, аймақта 5 банкроттық мекеменің жұмысшылар алдындағы қарызы 74 миллион теңге. Алайда бұл бағытта істің мардымсыз жүргізіліп жатқанын айтқан Бердібек Сапарбаев орынбасарлары Қайрат Бекенов пен Серік Төленбергеновтің жұмысын сынға алды.

Сол сияқты, көлеңкелі экономикамен күрес, салық қарызы жайында да мәселе көтерілді. Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін қарапайым мектептерде пайдалану, білім сапасын арттыру, әсіресе колледждерде оқу сапасын халықаралық стандартқа бейімдеу жайы —  Үкіметтің кеңейтілген отырысында жергілікті атқарушы билікке жүктелген нақты тапсырмалардың бірі.

Бұған дейін де айтқанмын, қазір де айтамын. Батыста бір ұлттық университет болуы керек. Ол  Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті болуы тиіс. Елбасы кешегі отырыста әрбір өңірде Назарбаев Университеті секілді оқу орны болуы керектігін тапсырды. Соған сәйкес жұмыс жасауымыз керек, — деді облыс әкімі.

Бүгінгі күні облыста 3 жылжымалы медициналық пункт жұмыс жасайды. Былтыр жылжымалы медицина  47 елді мекен тұрғындарына қызмет көрсеткен. Ондағы дәрігерлердің жергілікті тұрғындарды ультрадыбыстық аппаратқа түсіріп, тіс емдеу, тағы басқа ауруларға қатысты ем жасауына мүмкіндігі бар. Жиында облыс әкімі биыл денсаулық сақтау саласы 100  пайыз жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз етілетінін айтты.

Жиында дәрі-дәрмек пен коммуналдық тариф бағасына қатаң бақылау жүргізіп,  тексерісті күшейту қажеттігі айтылды. Жол салу ісінде жаңа әдістерді пайдалану, басталған жобаларды мұқият аяқтау, бұл істе берілген қаражатты уақтылы игеру жайы да сөз болды.

Жасөспірімдер қылмысы: отыз күндегі 3 оқиға

Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету — ең үлкен мәселе. Биыл наурыз айынан бастап «Қауіпсіздік» акциясын бастауымыз керек. Мұндай акцияны өткізудегі ең негізгі пайда — қылмыс санының азаюы.

Бізді толғандыратын мәселе — жасөспірімдер тәртібі. Өкінішке қарай, жақында тағы да екі бала бір-біріне  пышақ сұқты. Отыз күннің ішінде  3 жағдай тіркеліп отыр. Менің ойымша, осындай қылмыстың көбеюі мектеп пен ата-ана арасындағы байланыстың нашарлығынан. Бұл бағытта ешқандай жұмыс жүргізілмейді, оны ешкім қарамайды. Енді ай сайын полиция департаментінің бастығы әр айдың қорытындысы бойынша аппаратта есеп беретін болады. Біз департаментке барлық жағдайды жасап жатырмыз. Өкінішке қарай, нәтижеміз нашар. Бұл істе барлық органдар бірігіп жұмыс жасауы керек, қоғам көмектесуі қажет, — деген облыс әкімі қамқоршылық кеңес жұмыстарындағы кемшіліктерді де атап өтті.

Бердібек Сапарбаев өзінің орынбасарлары мен басқарма басшыларына, аудан әкімдеріне, құзырлы органдарға әрбір салаға қатысты Президент жүктеген нақты тапсырмалардың дер кезінде, сапалы орындалуын тапсырды.

Жиын соңында ол Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жүктеген осындай нақты тапсырмалар еліміздің дамыған отыз елінің қатарына қосылу үшін уақыт күттірмей орындалуы керек жұмыстар екенін  баса айтып, сөзін қорытындылады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*