Басты бет » Жаңалықтар » Бақ өкілдері Алға ауданын аралады

Бақ өкілдері Алға ауданын аралады

Бейсенбі күні облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Алға ауданының Бестамақ ауылында «Алға ауданының 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2019 жылға арналған міндеттері» тақырыбында көшпелі баспасөз мәслихаты өткізіліп, БАҚ өкілдеріне ақпараттық баспасөз туры ұйымдастырылды.

Шаруалар жайы және жаңа үлгідегі кеңсе

Баспасөз туры Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына аудан атынан сыйға тартылатын жобаның таныстырылымымен басталды. Облыс орталығындағы «Мәңгілік алау» ескерткіші маңына жиналған БАҚ өкілдеріне аудан әкімі Нағымжан Алдияров жоба туралы кеңінен әңгімелеп берді.

Оның айтуынша, мерейтой қарсаңында алғалықтар ескерткіш аумағындағы гүлзарды қалпына келтіреді. Атап айтсақ, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, гүлзардың жиектас тақтайшаларын жаңартады. Бүгінгі күні ескерткіш аумағындағы ағаштарды кесу жұмыстары жүргізілуде. Қайта қалпына келтіру жұмыстарын биылғы жылдың маусым айына дейін аяқтау жоспарлануда. Жоба құны — 154 млн теңге.

Бұдан кейін журналистер Бестамақ ауылдық округіндегі «Есбол» шаруа қожалығының  жұмысымен танысты. Өткен жылы құрылған шаруашылық жылқы өсіру, жылқы малын бордақылаумен айналысады. Өз қаржысына баз салып, шаруасын дамытқан кәсіпкер Сәкен Сүйеубаев алдағы уақытта мал бордақылау алаңындағы жылқы санын 500-ге жеткізуді көздеп отыр. Жоба құны — 100 млн теңге.

Бұған дейін Ырғыз ауданында мал шаруашылығын дамытып, жылқы өсірген болатынмын. Өткен жылы Бестамақ ауылының шетінен жер алып, баз салдық. Қазіргі таңда бордақылау алаңында 120 жылқы бар. Биылғы қаңтар айынан бастап 30 жылқыны сойып, Алматы қаласына, облыс орталығына жібердік. Алдағы уақытта мал соятын алаң мен жұмысшыларға арналған жатақхананың құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Келер жылы жер көлемін ұлғайтып, ірі қара, қой шаруашылығын дамытқым келеді. Өзім Кеңқияқ ауылының тұрғынымын. Аудандық әкімдіктің қолдауымен былтыр осы жерден 11 гектар жер алдым. Алдағы уақытта қожалық жұмысын дамыту — басты мақсатым, — дейді шаруашылық басшысы С.Сүйеубаев.

Бұдан кейін БАҚ өкілдері Бестамақ ауылындағы «Қаптама индустриясы» ЖШС-ның қаптама фабрикасына барды. Айына 500 мың қаптама шығаратын кәсіпорында бүгінде 15 адам жұмыс жасайды. Өткен жылы өз жұмысын бастаған серіктестік несие алып, сондай-ақ өз қаржысын жинап, нәтижесінде ауыл маңындағы ескі ғимаратты қайта жөндеуден өткізген. Қазіргі таңда фабрика ұн, цемент, басқа да құрылыс материалдары мен тұрмыстық заттарға арналған әртүрлі қаптамалар шығарады.

Қазіргі таңда фабрика облыстағы аудандардан, сондай-ақ Семей, Павлодар, Алматы қалаларынан қаптамаға тапсырыс алып жатыр. Мүмкіндігімізге қарай айына 500 мың қаптама шығарамыз. Бүгінде Алға ауданының жұмыспен қамту орталығымен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Орталық арқылы бізге тігіншілер, басқа да әр санаттағы жұмысшылар келіп, тәжірибеден өтеді, жұмысқа орналасады. Өткен жылы мамандарды арнайы оқудан өткіздік. Фабрика жақсы жұмыс жасап жатыр, — дейді серіктестік директоры Әбділмәлік Райымбергенов.

Баспасөз туры аясында журналистер Тамды ауылындағы «Ауыл қамқоршысы» жобасы аясында күрделі жөндеуден өткен ауылдық амбулаторияны да аралап шықты. Белгілі кәсіпкер Шамиль Каспрановтың демеушілігімен қайта жөндеуден өткен ауылдық амбулатория бүгінде халық игілігіне қызмет етуде. Қазір мұнда 7 адам жұмыс жасайды.

Жөндеу жұмыстарының жалпы жоба құны — 30 млн теңге.

Бұдан кейін БАҚ өкілдері Алға қаласындағы аудандық әкімдік ғимаратында ашылған «Адалдық алаңы» кеңсесінің жұмысымен танысты. Аталған кеңсе облыс әкімінің «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобасы аясында берген тапсырмасына сәйкес жемқорлықпен күресу, халық алдында ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында облыста алғаш рет Алға ауданында ашылып отыр.

«Open space» үлгісінде жұмыс жасайтын кеңсе аудандық әкімдіктің 1-қабатында орналасқан. Мұнда аудан әкімінен бастап барлық сала мамандары тұрғындарды қабылдап, жер саласы, конкурстық комиссиялар, субсидия бөлу мәселелері бойынша отырыстар өткізеді. Сондай-ақ кеңсенің жанында азаматтарға электронды түрде мемлекеттік қызмет түрлерін ұсынатын қызмет көрсету бұрышы жасақталған.

Баспасөз турының соңында БАҚ өкілдері Бестамақ ауылдық Мәдениет үйінің жұмысымен танысып, аудандағы шаруашылықтар мен кәсіпкерлер, «Co-working» орталығының жұмысымен де танысты. Өткен жылы ашылған орталықта келушілерге барлық жағдай жасалған. Атап айтсақ, жеке және топпен жұмыс жасауға арналған орындар, тегін Wi-fi, қажетті техникалар, touchscreen теледидары және онлайн оқуға арналған QR-код қарастырылған. Мұнда жастармен қатар ауыл ақсақалдары бас қосып, жастарға, оқырмандарға өздерінің ақыл-кеңесін айтады, газет-журнал оқиды. Ал оқушылар мұнда өткізілетін әртүрлі іс-шараларға белсене атсалысады.

Өткен жылдың оң көрсеткіштері

Бұдан кейін Бестамақ ауылдық Мәдениет үйінде аудан әкімі Нағымжан Алдияров «Алға ауданының 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2019 жылға арналған міндеттері» тақырыбында көшпелі баспасөз мәслихатын өткізді.

Баспасөз мәслихатында Нағымжан Алдияров өткен жылдың аудан үшін табысты да жемісті жыл болғанын айтып, ауданда атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

Оның айтуынша, өткен жылы ауданда өнеркәсіп көлемі 105,7 пайызға артып, жалпы өнім көлемі 11 304,9 млн теңгені құраған. Ал ауыл шаруашылығы саласы бойынша жалпы өнім көлемі — 24 931,7 млн теңге.

Бүгінде ауданда 480-ге жуық шаруашылық бар. Өткен жылы аудан бойынша 1885 ірі қара, 1381 қой, 139 жылқы сатып алынып, жоспар толығымен орындалған. Тапсырмаға сәйкес былтыр сиыр етін экспорттау 1810 тонна болса, жоспар 990 тоннаға артық орындалған. Қазіргі таңда бұл бағытта аудандағы «АкТеп» ЖШС қарқынды жұмыстар атқаруда. Сонымен қатар биылғы жылы көрші Ресейден бастап бірқатар елдерге ірі қара етін экспорттау жоспарлануда.

Аудан әкімінің айтуынша, өткен жылы 5 елді мекенге газ тартылған. Жалпы жоба құны —1 342,0 млн теңге. Сондай-ақ былтыр Қарақұдық ауылына ауызсу берілсе, биыл Нұрбұлақ, Тоқмансай елді мекендері сумен қамтамасыз етілмек.

Баспасөз мәслихатында аудан әкімі сондай-ақ денсаулық, білім, мәдениет, құрылыс, құқық қорғау, т.б. салалар бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Жиын соңында аудан әкімі БАҚ өкілдерінің қойған сауалдарына тұшымды жауап берді.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Алға ауданы.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*