Басты бет » Жаңалықтар » 50 адамға заңгерлік кеңес берілді

50 адамға заңгерлік кеңес берілді

Бейсенбі күні Өнер орталығында мүмкіндігі шектеулі жандарға заңгерлік кеңес берілді. Жыл басталғалы алғаш рет қолға алынып отырған бастама ақысыз негізде жүзеге асты.

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасова, сала мамандары қатысқан акцияда алдымен оның маңызы түсіндірілді. Мақсат — мүгедек жандарға жан-жақты көмек көрсету, оларды қоғамдық ортаға бейімдеу. Ұйымдастырушы — «Алаш» қоғамдық бірлестігі.

— Елбасының өзі әр Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандарға қай жағынан да қолдауды күшейту керектігін, әсіресе, заң тұрғысынан, олардың құқығы туралы мемлекеттік құжаттарды, өзгерістер мен жаңашылдықтарды мейлінше жан-жақты түсіндіру ләзім екенін айтып отырады. Осы мақсатта бүгін сіздерді жинап, ниет танытқан мамандарды алдарыңызға әкеліп отырмыз. «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, осы арада мамандарға сұрақтарыңызды қоюға, өздеріңізді толғандыратын мәселелерді бізге айтуға мүмкіндіктеріңіз бар, — деді шаһар басшысы.

Қорғаушы, нотариус, заңгер, сот орындаушы, сондай-ақ білім беру мен кәсіпкерлік салаларының мамандары атсалысқан шараға аталған топтағы 50-ге жуық ақтөбелік жиналды.

Облыстық әділет департаментінің бөлім басшысы Тимур Убишевтің айтуынша, мұндай акция енді тоқсан сайын ұйымдастырылмақ.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*