Басты бет » Жастар » Димаштың «Арнауы»

Димаштың «Арнауы»

Жаз айында Астанада талантты әнші Димаш Құдайбергеннің Жастар жылына арналған және Астана күніне орайластырылып «Арнау» атты концерті өтпекші. Бұл бағдарлама аясында тыңдаушы қауымға қазақтың халық әндері, сондай-ақ қазақ, орыс, ағылшын, француз, ханзу және итальян тілдерінде қазақстандық және шетел эстрадасы хиттері ұсынылмақшы.

Орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте «Қазақстан» РТРК» АҚ басқармасының төрағасы Ерлан Қарин телеканал «Арнау» жобасының ұйымдастырушылық тізгінін қолға алатынын айтты.

— Біз таланттарды қолдауға әрқашанда әзірміз. Оның үстіне 2019 жыл — Жастар жылы болып жарияланды. Димаш — біздің мақтанышымыз, жарқын да бірегей талант иесі, ол арқылы әлем қазақ музыкасын ғана тыңдап қоймай, біздің тілімізді де тануда. Димаш қатысқан біздің «Басты арнадағы Жаңа жыл» шоуымыз көрермендер тарапынан жылы қабылданды. «Арнау» жобасы да жаз айындағы тартымды шара болары анық, — деді ол.

Димаш Құдайбергеннің жаңа концерті ашық аспан астында өтеді, онда қазақстандық композиторлардың туындылары да кеңінен қамтылмақшы.

Оның өзі айтқандай, ол бұл концертті Қазақстан халқына Астана күніне орай сыйлық ретінде ұсынбақшы.

Әншінің әкесі Қанат Айтбаев «Арнау» қазақстандықтардың ғана басын қосып қоймайды, сонымен бірге оған Димаштың шетелдегі фанаттары да келеді дегенді айтты.

Билеттерді онлайн-сату шамамен ақпан айының ортасынан басталмақшы.

Айта кететін жай, алдағы 22 наурызда Мәскеуде, Кремль сарайында қазақстандық жас орындаушының жеке концерті өтеді деп күтілуде.

Нұр ДОСАНОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*