Басты бет » Басты жаңалықтар » Қаңтар: қарқынды істер бастауы

Қаңтар: қарқынды істер бастауы

Шолу

Жыл басы — қаңтарда әдетте алдағы атқарылар көп шаруаның жоспары жасалады. Сондықтан да бұл айды жақсы үміттің, игі істердің бастауы ретінде қарастыруға болады.

Қаңтарда күннің қарға адым ұзаруы да адамдардың көңілін сергітіп, алда келетін көктемнің бір хабарын сездіргендей әсерін тигізеді.

Сонымен, қаңтарда не атқарылды? Аз-кем әңгіме сол төңіректе болмақшы.

Жастар жылына — жалынды істер

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жастар жылының ашылуында сөйлеген сөзіне ақтөбеліктер жедел үн қосты.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде белсенді жастармен кездесіп, жас жігіттер мен қыздар өз жобалары мен жетістіктерін ортаға салды. Олар көптеген жалынды істердің ұйытқысы болатындығына сендіріп отыр.

Биыл Мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлықтарға сәйкес жастарды баспанамен қамту, жұмыспен қамтамасыз ету, жаңа сұранысқа ие мамандықтарды игеру, жастар кәсіпкерлігін қолдау, волонтерлық қызметті жандандыру, патриоттық ұйымдарды күшейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылмақшы.

Жастар жылы аясында жалпы көлемі 58,6 мың шаршы метр болатын 1187 пәтер пайдалануға беріледі. Жастарға арналған арендалық тұрғын үйлер жалпы көлемі 26 000 шаршы метр болатын 500-ден астам пәтерді қамтиды деп жоспарлануда.

Облыста биыл 22 мыңнан астам жас еңбекке орналастырылмақшы. Оның ішінде 12 500 жас тұрақты жұмысқа орналастырылса, 2 840 адам жастар тәжірибесінен өтеді.

Сондай-ақ 600 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілсе, 1 307 жас уақытша сипаттағы қоғамдық жұмыстарға тартылады. «Жасыл ел» жасағына 1 500 жас қабылданады.

Коммуналдық қызмет тарифтері төмендеді

Президенттің тапсырмаларына сәйкес 1 қаңтардан облыс тұрғындары үшін коммуналдық қызметтерге тариф деңгейі төмендеді.

Нақты тоқталатын болсақ, тауарлық газды сату бағасы жеке тұрғындар үшін

10,2 пайызға, ал заңды тұлғалар үшін 7,0 пайызға төмендесе, жылумен жабдықтау қызметі тұрғындар үшін 10,2 пайызға, басқа тұтынушылар үшін 4,3 пайызға арзандады. Сумен жабдықтау бойынша да коммуналдық қызмет төлемдері төмендеді. Тұрғындар бұдан былай тұтынған суға 5,5 пайыз төмен төлейді.

Электр энергиясы былтырғы жылдың 1 қарашасымен салыстырғанда тұрғындар үшін 9,8 пайызға, басқа тұтынушылар үшін 5,1 пайызға төмендеді.

1 қаңтардан бастап пәтер иелері қызметтеріне де тариф төмендеді.

Сондай-ақ, лифт қызметін көрсетуші мекемелер де жаңа жылдан бастап тұрғындарға жеңілдік жасады. Домофон қызметі үшін тариф 5 пайызға арзандады.

Мұның барлығы тұрғындарға, әсіресе аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік жағынан үлкен қолдау болды.

Мемлекеттік қызметтің басым бөлігі электронды түрде көрсетіледі

Қазіргі уақытта облыстың атқарушы билік өкілдері мемлекеттік қызметтің 202 түрін ұсынады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша халыққа 6,1 миллион мемлекеттік қызмет түрі көрсетілген.

2017 жылмен салыстырғанда электронды форматта көрсетілген мемлекеттік қызметтердің үлесі бес есе өсіп, жалпы санының 82,8%-ын құрады. Былтыр балабақшаға жолдама беру, балаларды мектепке қабылдау, дәрігерге жазылу, дәрігерді үйге шақыру және медициналық ұйымды бекіту бойынша мемлекеттік қызметтер электронды форматқа көшті.

Үкімет 2019 жылы 141 қызмет түрін, соның ішінде 69 жергілікті атқарушы органдар қызметін электронды форматқа көшіруді жоспарлап отыр.

Облыста ағымдағы жылы тағы 13 мемлекеттік қызмет түрі, яғни балаларды қосымша білім беру мекемелеріне қабылдау, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алуға кезекке тұру, сәулет және жер қатынастары саласындағы 11 қызмет электронды форматқа көшіріледі деп күтілуде.

Электронды мемлекеттік қызметтерді дамыту тұрмыстық жемқорлықты жоюға елеулі әсер етеді. Облыста Халықтық кеңсе,  халыққа қызмет көрсету орталықтарының жүйелі жұмыс істеуі тұрғындардың көптеген мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік беруде.

Меморандум мақсаты — әлеуметтік қамтуды көтеру

Облыс әкімшілігінің бастамасымен ірі кәсіпорын басшыларымен үшжақты меморандумға қол қою жұмыстары жүргізілді.

«Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ еңбек ұжымындағы кездесу барысында өткен жылғы ұжымдық шарт талаптары мен өндірістік бағдарламаның толық орындалғаны айтылды.

Осындай кездесулер «Ұлы қабырға» қазақ-қытай  бұрғылау компаниясы», «Қазақойл Ақтөбе», «Шығыс мұнай және сервистік қызмет көрсету», «СНПС-Ақтөбе көлік компаниясы»  ЖШС, сондай-ақ басқа да кәсіпорындарда өткізілді.

Ақтөбе рельс-арқалық зауыты ұжымдық шарт үшін 275 миллион теңге жұмсағаны атап көрсетілді.

Жергілікті билік тарапынан кәсіпорын басшыларына жұмысшылардың еңбекақысын өсіру, өндірісте қазақстандық құрамды ұлғайту талаптары қойылды.

«Ақтөбе» газетіне — 95 жыл

Биылғы 7 маусымда облыстық «Ақтөбе» газетінің алғашқы санының шыға бастағанына 95 жыл толмақшы. Осы атаулы күнге байланысты газет бетінде арнайы айдар ашылып, ғасырға жуық жүріп өткен жолдың шежіресі баяндала бастады.

Облыстық басылым 1924 жылы «Кедей» деген атпен 600 дана таралыммен жарық көрді. Содан бергі уақытта уақыт ағымына қарай «Алға», «Социалдық жол», «Социалистік жол», «Батыс Қазақстан», «Коммунизм жолы» болып өзгеріп отырып, бүгінгі белесіне көтерілді.

1990 жылдың 12 қазанынан газет «Ақтөбе» деген атпен шығып келеді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*