Басты бет » Ақтөбе — 150 » 1917 жылғы төңкеріске дейін: қала халқы қалай емделді?

1917 жылғы төңкеріске дейін: қала халқы қалай емделді?

Облыс орталығының денсаулық сақтау саласының қалыптасуы Ақтөбе қаласының негізі қаланған күннен басталады.

«Актюбинский городской вестник» журналының 1913-1914 жылдардағы сандарында қаланың іргетасының қалануы, алғашқы қоныстанушылар, қаладағы алғашқы құрылыстар, алғашқы көшелер туралы баяндалады. Сонымен қатар, 1882 жылы уездік дәрігерлер мен акушерлер үшін үй құрылысы аяқталғаны баяндалады.

1880 жылдан 1886 жылға дейін Ақтөбе уезі де құрамына енетін Торғай облысында азаматтық құрылымдағы емдеу мекемелері болған жоқ. Сырқат адамдар Ақтөбе, Қарабұтақ, Ырғыз және Торғай бекіністерінде орналасқан әскери лазареттерде орналастырылды. Бұл лазареттерде тұрғындарды емдеуі белгілі бір ақыға сәйкес жүргізілді, ал халықтың кедей тұратын бөліктері үшін емдеу ақысы жыл сайын

1000 рубль мөлшерінде бөлінетін субсидия есебінен өтелді.

1884 жылы Торғай облысында облыстық дәрігер, 4 уездік дәрігер, 4 ветеринарлық дәрігер, 4 босандыратын әйелдер, 4 фельдшер болған.

Уездік дәрігерлердің сырқаттарды қабылдайтын арнайы бөлмесі болған жоқ, сондықтан олар ауруларды өз үйлерінде қарады. Дәрі-дәрмектер де сол жерден берілді.

1887 жылы Ақтөбе бекінісінде сырқаттарды қабылдау орны ашылды. Ол уездік дәрігердің үйінде орналасты. Егер деректі құжаттарға сүйенетін болсақ, Ақтөбе уезінде 1895 жылы бір дәрігер және 4 фельдшер ғана жұмыс істеген.

1896 жылдың қаңтар айында қалада амбулаториялық-стационарлық қабылдау орны ашылады. Оған қазыналық үйлердің бірі, нақты айтқанда, уездік дәрігердің бұрынғы пәтері лайықталады және оны ұстау, пайдалану земство есебінен жүргізіледі. Сол кездегі газетте осы қабылдау орны ашылғанға дейін қалада дәрігерлік көмекті уақытында көрсетпеу, эпидемиямен күресте қиындықтар орын алыпты.

«Актюбинский городской вестник» газетінде В. Мощенский 1894 жылы Ақтөбе қаласында көп адамның өліміне себепші болған дифтерит эпидемиясы туралы жазады. Автор шаһарда медициналық қызмет көрсетудің өте төменгі деңгейде екеніне тоқталады. Инфекциялық сырқаттар үшін сол кезде жұмыс істеген оқшаулау палатасы ауруларды емдеуге лайықталмаған, медицина қызметкерлері емделушілерге жеткілікті көңіл бөлмей, соның салдарынан санитарлық тазалық да сақталмаған. Көптеген қала тұрғындары жергілікті дәрігер Чебатаревқа сенім білдірмей, оған қаралғаннан гөрі дифтериядан емделу үшін халық емшілеріне жүгінген.

Ақтөбеде сырқаттарды қабылдау орнының ашылуы аурумен күресудің алғашқы қадамы іспетті болды және қалада, сонымен бірге жалпы уезде дәрігерлік көмекті тиімді және оңтайлы ұйымдастырудың негізін қалады.

1897 жылы қалада 2 дәрігер және 4 фельдшер жұмыс істеді.

1904 жылы Ақтөбе қаласында үлкен аурухана әлі салынған жоқ еді. Жалпы Торғай облысы бойынша Қостанай қаласында ғана бір аурухана жұмыс істеді. Стационарлық емдеуді қажет ететін сырқаттар әскери лазареттерде емделді.

1904 жылы Ақтөбе уезінде сырқаттарды қабылдау орны үшке жетті. Алайда дәрігер кадрлары қардарлығы айқын білінді.

1907 жылы қалада дәрігерлік пункт ашылды. Бұл мақсатқа екі қабатты ғимарат бөлінді. Оның үстіңгі қабатында үш палаталық аурухана, амбулатория, операция жасау бөлмесі, перзентхана, дәріхана орналасты. Төменгі қабатқа қызметкерлер мен фельдшерлер орналасты. Ғимарат құрылысына сол кездегі ақшамен 25869 рубль жұмсалды.

Осы тұста «Жұқпалы аурулар барагы» деп аталатын инфекциялық бөлімше үйі салынды, алайда ол кейіннен өртеніп кетті.

Жалпы Ақтөбе емдеу пункті 65800 тұрғыны бар 99 поселкеге қызмет көрсетті.

1913 жылы Ақтөбе қаласында екі аурухана жұмыс істеді. Оның 10 төсектік емханасында жыл бойы 167 адам емделді. 35 төсектік екінші ауруханада осындай мерзімде 688 адам жатып шықты.

1915 жылы Ақтөбеде 5 дәрігер, 6 фельдшер, 1 тіс дәрігері, 1 фармацевт болды. Олар Ақтөбе қалалық сырқаттарды қабылдау мекемесінде, 1-учаскелік қабылдау орнында, Ақтөбе теміржол ауруханасында, Ақтөбе көшпелі ауруханасында қызмет атқарды.

1917 жылғы төңкеріске дейінгі Ақтөбенің денсаулық сақтау саласының жағдайы осындай еді.

Енді Ақтөбедегі дәріхана ісі жайына келсек. Мұнда да жалпы Торғай облысы бойынша алғашқы дәріхана 1885 жылы Қостанайда ашылады. Ал Ақтөбе тұрғындары бұл уақытта дәрі-дәрмекті әскери лазареттердің дәріханаларынан алып тұрады. Бұдан басқа дәріні жергілікті дәрігерлер мен 6 амбулаториядан алуға болатын еді. Дәрі-дәрмектер мұнда Орынбордан жеткізіліп тұрды.

1902 жылы Ақтөбе қаласында дәріхана ашуға рұқсат берілді. Бұл Орынбор-Ташкент теміржол құрылысы жүргізілуіне сәйкес қала тұрғындары санының көбеюімен байланысты еді. Аталған дәріхана 1902 жылғы 18 мамырдан жұмыс істей бастады. Ол провизор Лившицтің иелігінде болды.

1906 жылы 20 қазанда Ақбұлақ поселкесінде үшінші селолық дәріхана ашылды.

1909 жылы Торғай облысында дәріхана саны беске жетті. Соңғысы Шалқар қаласында жұмыс істеді.

1915 жылы облыс бойынша дәріхана саны 12-ге жетті.

Патшалық Ресейдің қазақ жерінде емдеу орындарын ұстауға мүдделілігі өз-өзінен түсінікті. Кез келген уақытта өршіп кетуі мүмкін жұқпалы аурулар оларға елеулі зиянын тигізетіні анық еді…

Сағыныш ТӨРЕМҰРАТОВА,

облыстық мемлекеттік архивтің қызметкері.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*