Басты бет » Басты жаңалықтар » Биыл Ақтөбеде үш ірі медицина орталығының құрылысы аяқталады

Биыл Ақтөбеде үш ірі медицина орталығының құрылысы аяқталады

Шипа

Ақтөбеде медициналық кластер құрылғанына екі жылға жуық уақыт болды. Қазір орталық  батыс өңірдің тұрғындарына жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіп жатыр.  Өткен жылдың өзінде 1311 инновациялық операция жасалды. Бірақ әлі де болса бұл салада атқарылатын шаруалар көп. Жалпы халық денсаулығын жақсарту  үшін биыл қандай жұмыстар қолға алынады? Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтен сұрап білдік. 

— Биыл «Денсаулық» бағдарламасының соңғы жылы. Бағдарлама аясында қандай жұмыстар атқарылды?

—  Елбасының Жарлығымен бекітілген бағдарлама 2016-2019 жылдарға арналған. Бағдарламада көрсетілген негізгі 42 индикатордың 40-ы орындалды. Көрсеткіш — 95, 2 пайыз. Қызмет сапасын арттыру және өзге де бағыттағы жұмыс жоспарлары толығымен орындалды. Орындалмаған индикаторлар  — нәресте өлімі мен жатыр мойыны қатерлі ісігіне шалдыққан науқастардың бес жыл өмір сүру көрсеткіші. Екі бағыт бойынша көрсеткіш белгіленген нормадан сәл төмен болып отыр. Жылдың соңына дейін бұл бағыттағы жұмыстарға баса назар аударылады.

— Нәресте өлімінің көбеюіне не себеп?  Өлім-жітімді болдырмау үшін қандай шаралар қолға алынды?

— Мемлекеттің ең басты жұмысының бірі — ана мен бала денсаулығын қорғау. Өкінішке қарай, бала туу көрсеткіші өскенімен бір жасқа дейінгі сәби өлімі көбейіп тұр. Мұғалжар, Байғанин, Қобда аудандарында нәресте өлімі жиі тіркелді. Бұның әртүрлі себебі бар. Мәселен, шетінеп кеткен нәрестелердің 52,5 пайызына   ұрықтың жетілмеуі секілді перинатальді кезеңдегі жағдайлар себеп болған. Бұл ана денсаулығына тікелей байланысты. Егер әйел өз денсаулығына мұқият қарап, жүктілікті жоспарласа, созылмалы ауруларын емдесе, бұндай жағдай орын алмас еді. Екінші кезекте туабітті дерт тұр, яғни сәбилердің 19,8 пайызы осындай ақаулардан көз жұмған. Жүктілік кезеңінде әйелдерді ультрадыбыстық зерттеуден өткізеді. Осы кезде іштегі сәбилердің ақаулары анықталып жатады. Егер ақау күрделі болса, дәрігер жүктілікті тоқтатуға кеңес береді. Өкінішке қарай, ақау анықталғанымен, жүктілікті үзбейтін аналар да бар. Сондай-ақ дәрігерлердің қателігінен, яғни УЗИ-ге түсіру кезінде дұрыс көрмей, сәбидің ақауы кеш анықталып жататын жағдайлар да кездеседі. Бұндай олқылықтарға жол бермеу үшін облыстық перинаталдық орталықтағы клиникалық диагностикалық орталықтан арнайы УЗИ орталығын ашқалы отырмыз. Бұл шаруамен жеке компания айналысады. Орталық наурыз-сәуір айларының бірінде өз жұмысын бастайды. Осы жерде аналар жан-жақты диагностикадан өтеді. Құрсақтағы сәбидің денсаулығын толық анықтауға мүмкіндік туады. Өз кезегінде бұл нәресте өлімін азайтуға септігін тигізеді.

Нәресте өлімінің тағы бір себебі — құрсақішілік инфекциялар. Стационарда инфекциялық бақылау жүргізу үшін бактериологиялық зертханамен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазір қажетті құрылғылар сатып алынуда. Бұл да сәби өлімін азайтуға мүмкіндік береді деген ойдамыз.

— Кейінгі кезде  қатерлі ісікке шалдыққандар көбейді. Көз жұмып жатқандар бар. Науқастың өмірін ұзарту үшін қандай шара жасалып  жатыр?

— Рас. Қазір онкологиялық дертке шалдыққандар көбейді. Олардың өмірін ұзарту үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда. Ем-дом, сауықтыру шаралары жүргізіледі.  2017 жылмен салыстырғанда өлім-жітім көрсеткіші 6,07 пайызға төмендеді. Дегенмен көз жұмып жатқандар бар. Оның ішінде бірінші кезекте өкпе қатерлі ісігінен қайтыс болатындар көп. Былтыр осы дерттен 93 науқас көз жұмды.  Екінші —  асқазан, үшінші — өңеш қатерлі ісігі. Өкпе қатерлі ісігінен көз жұматындардың санын азайту үшін облыста арнайы тексеру жүргізбекпіз. Отыз жылдан аса темекі шеккен, жасы 55-тен асқан адамдарды скринингтен өткіземіз. Қазір барлық емханалар жұмыс жасап жатыр. Шамамен он мыңдай адам тексеруден өтеді. Бұл өкпе қатерлі ісігін ерте сатыда анықтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ өкпе турберкулезінің алдын алу бойынша да қыруар жұмыс жүріп жатыр. Нәтижесінде өлім-жітім көрсеткіші төмендеді. Дегенмен Ақтөбе қаласы мен Шалқар, Хромтау, Темір, Ырғыз аудандарында осы дерттен көз жұматындар көп. Ал Мұғалжар, Қарғалы, Әйтеке би аудандарында аурушаңдық көрсеткіші жоғары болып отыр. 2017 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Глобалдық Қорынан» біздің облысқа  9 диагностикалық «Gene Xpert» заманауи  лабораториялық жабдықтары сыйға тартылды. Облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бактериологиялық зертханасы  «BACTEC MGIT-960» және «Hain-test» құрал-жабдықтарымен жабдықталды. Аталған медициналық  құрылғылар құрт ауруын ерте, 2-3 сағат ішінде анықтауға мүмкіндік береді. Жаңа аппараттар өкпе ауруларының алдын алуға үлкен септігін тигізіп отыр.

—  Биыл қандай құрылыс ғимараттары салынады?

— Қазір облыс орталығында үш ірі құрылыс жүріп жатыр. Олар — перинаталдық орталық, балалар онкогематологиялық орталығы, Чек-ап (Check-up) орталығы. Үш орталықтың құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Төртінші ірі нысан —  ПЭТ, яғни позитрондыэмиссионды томография орталығы. Құрылыс биыл басталады. Сонымен бірге Ақтөбе қаласының айналасындағы елді мекендер мен Байғанин, Темір аудандарында бес амбулатория салу жоспарланып отыр. 

— Жедел жәрдем қызметіне қатысты сын көп. Қаңтардан бастап осы салада өзгерістер болатынын айтқан едіңіз…

—  Жедел жәрдем бекеті қызметінің нормативтік базасына өзгерістер енгізіліп, шақыртулар төрт санатқа бөлінді. Төртінші санат, яғни созылмалы аурулар бойынша жедел көмекті қазір емханалар көрсетіп жатыр. Дәрігерлер күні-түні жұмыс істеуде. Барлық қоңырау 103 номеріне келіп түседі. Бұл жердегі диспетчер науқастың шағымы бойынша қандай категорияға жататынын анықтайды. Соның негізінде  бригаданы бағыттап отырады. Егер науқас созылмалы сырқатқа шалдықса, оған емхана мамандары көмектеседі.  Дегенмен емханалардағы автокөліктердің көпшілігі ескі болғандықтан жаңа қондырғыларды орнату қиын. Облыстық жедел жәрдем бекетінің жаңа көлігіне үйреніп қалған кейбір науқастар көліктің ескілігіне наразылық білдіріп жатады. Осы ретте облыс әкімдігіне әлі де 22 автокөлік қажет екенін айттық. Ұсыныс қаралып жатыр. Мәселе шешіледі деген үміттеміз. Жалпы 2018 жылдың қорытындысы бойынша жедел жәрдем бекеті 214 736 науқасқа көмек көрсеткен. Оның ішінде 67 658 бала бар. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 5,2 пайызға артық. Қазір қала үлкейіп келеді. Соған байланысты ең бірінші мақсатымыз — көлік санын көбейту.

Ал арыз-шағымға келер болсақ, басым бөлігі адами факторға байланысты. Кейбір мамандар науқаспен дұрыс сөйлеспейді. Түсініспеушіліктер орын алса, бір-біріне дауыс көтереді. Осы мәселелер бойынша да ескертулер берілді, бас дәрігер жұмысынан босатылды, мамандардың  мәдениетін көтеруге қатысты шаралар жүргізіліп жатыр.

— Былтыр дәрігерлердің үстінен 474 арыз-шағым түсіпті. Неге арыз көп?

— Медицина әлеуметтік саланың ішіндегі ең маңыздысы болғаннан кейін арыз-шағымдардың болатыны анық. Шағымдардың негізгі бөлігі медицина қызметінің  сапасына, этика және деонтология қағидаларын сақтамау, емдеу процестерін ұйымдастыруға қатысты болып отыр. Әрбір арыз-шағымға байланысты арнайы комиссия құрылады. Тексеру жұмыстары жүреді. Егер дәрігер тарапынан кемшілік кетсе, тиісті шара қолданылады. Қызмет көрсету сапасын жақсарту, дәрігер мәдениетін қалыптастыру мақсатында қаңтардан бастап «Сыпайы емдеу алдын алу мекемесі» атты жобаны жүзеге асырғалы отырмыз. Қазір ережесі бекітілді. Әрбір емханаға бұйрыққа сәйкес мониторинг жүргізіледі. Жылдың соңында қорытындыланады. Жоба нәтижесін береді деген ойдамыз.

— Елбасы медицина саласын толық цифрландыруға тапсырма берді. Бұл жұмыстар облыста қалай жүріп жатыр?

—  Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша цифрландыру жұмысы үш бағытта жүргізілді. Бірінші — медициналық ақпараттық жүйе барлық емдеу мекемесіне енгізілді. Екінші — аудан орталықтарына интернет желісі қосылды. Үшінші — мекемелердің тоқсан жеті пайызы компьютермен қамтамасыз етілді. Жалпы денсаулық сақтау саласында ақпараттық технологияларды пайдалану тек қана жаңашылдық тренд емес, бұл халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырып, денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын тиімді  пайдалануға мүмкіндік береді. Қазір тұрғындар да электронды түрде қызмет алуды түсініп келеді.  Мобильді қосымшалар, «Egov» мемлекеттік порталы арқылы дәрігердің қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақыру,  медицина ұйымына тіркелу секілді қызметтерді электронды түрде алады. Мәселен, былтыр науқастарға  ақылы рецепттер 100% электрондық түрде берілген.  Облыстың медицина ұйымдарында  электрондық кезекті пайдалану кеңейтіліп жатыр. Тұрғындардың еркін қызмет алуы үшін биыл қаланың 8 емханасына және Алға аудандық орталық ауруханасына электрондық кезектің терминалдарын орнату жоспарланып отыр. Алдағы уақытта қойма, дәріхана және диеталық тамақтану процестерін цифрландыру жоспарлануда.

— Қандай шешілмеген мәселелер бар?

— Негізгі мәселе — кадр тапшылығы. Қазіргі таңда 68 дәрігер жетіспейді. Оның ішінде 8 акушер-гинеколог, 9 неонатолог, 14 реаниматолог-анестезиолог, 20 жалпы тәжірибе дәрігері, 5 педиатр керек.  Өткен жылы медициналық университетті бітірген 120 жас маман жұмысқа орналасты. Бірақ әлі де маман қажет. Осы мәселе бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Сұхбаттасқан Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*