Басты бет » Денсаулық » Көз неге ауырады?

Көз неге ауырады?

Шипа

Әлемде әрбір үшінші адам көз ауруынан зардап шексе, елімізде жыл сайын бір миллионға жуық адам офтальмологтардың көмегіне жүгінеді.  Себеп: экологияның бұзылуы, дұрыс тамақтанбау, ұялы телефон, компьютер. Қазақстанның батыс аймағы бойынша қызмет көрсететін «Көз жарығы» офтальмологиялық орталығында күн сайын жиырмаға жуық адамның көзіне ота жасалады. Орталықтың офтальмолог дәрігерлері Нұрғазы Жұмасейітұлы мен Динара Жолдыбаеваның айтуынша,  кейінгі кезде көз аурулары «жасарып» барады. Білікті мамандардан аурудан қалай сақтану керектігін сұрадық.

Ең соңғы сатыға жеткізбеңіз

—  Қазір көзі ауыратын науқастар өте көп. Катаракта, глаукома, миопияның асқынған түріне шалдыққандардың барлығына ота жасалады. Түрлі паталогиядағы инфекциялық аурумен ауыратындарға сырқат  асқынып кетпеу үшін ем-дом жасап, кеңес береміз. Негізінен егде жастағы адамдар жиі келеді. Соңғы жылдары әртүрлі факторларға байланысты аталған аурулар жас адамдарда да жиі кездесетін болды. Тіпті 25 жастағы азаматқа ота жасаған кезіміз бар. Туабітті катаракта, глаукомаға шалдыққан балаларды да көріп жүрміз. Бұның себебі әртүрлі, яғни экологияның бұзылуы, азық-түлік сапасының төмендігі, жүктілік кезіндегі аурулар, жаңа технологиялардың пайда болуы. Тағы бір айта кететін жайт, адамдардың өз денсаулығына немқұрайлы қарауы. Мәселен, орталыққа науқастардың барлығы ауруды ең соңғы сатысына жеткізіп барып келеді. Бұл — операциядан басқа ем жасалмайды деген сөз. Егер адам үш айда бір рет учаскелік көз дәрігеріне қаралып, ауруды ерте сатысында анықтаса, оперативті емге жеткізбей, консервативті ем қабылдар еді. Өкінішке қарай, науқастардың көпшілігі консервативті ем жасауға болатын уақытты өткізіп алады, сөйтіп, аурудың ең асқынған түрінде оперативті емге келеді, — дейді Нұрғазы Жұмасейітұлы.

Аталған орталыққа науқастар өзіміздің облыстан басқа Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда өңірлерінен келеді. Орталықтағы емхана мамандарынан бөлек, аурухана дәрігерлері күн сайын жиырмаға жуық адамды қабылдайды. Келетіндердің дені катарактаға шалдыққан. Бұл — көз бұршағының бұлыңғырлануы, қарауытуы. Көз бұршағына сәуленің өтуі қиындап, көздің көру қабілеті төмендейді. Катаракта әртүрлі факторларға байланысты пайда болады. Егер адамның қан айналымы, эндокринді жүйесі бұзылса, жүрек-қан тамыр, қант диабеті, бүйрек ауруларына шалдықса немесе өзге де сырқаты болса, катарактаға шалдығу қаупі жоғары болады. Әсіресе, бұл 50 жастан асқан адамдарда жиі кездеседі. Өйткені адамның жасы ұлғайған сайын ағзадағы зат алмасу процесі бұзылып, көз жанары да сола бастайды. Ультракүлгін сәулелер, электр тогы, радиоактивті заттар, т.б. көз нұрына зиян. Өйткені көз бұршағы радиацияға өте сезімтал келетіндіктен, осындай сәулелермен жұмыс істейтін адамдар катарактаға жиі шалдығады.

Біле жүріңіз!

Жұмыс істеп отырғанда шам адамның сол жағында тұруы тиіс. Кітапты көзге тым жақын ұстап оқуға болмайды. Кітапқа тым еңкейіп қарау омыртқаны қисайтып, алыстан көрмеушілікке ұшыратады.

Көзден қағазға дейінгі аралық 35-40 сантиметр болуы шарт. Телехабарларды көргенде экраннан 2,5 метр алысырақ отырған дұрыс. Көлікте кітап, журнал, газет оқуға болмайды. Өйткені оны ұстап отыру ыңғайсыз әрі оқуға жарық жеткіліксіз.

Балаларды қалай сақтандырамыз?

Кейінгі жылдары балалар арасындағы көз ауруы көбейді. Оның ішінде туабітті аурулардан бөлек, жүре пайда болған сырқат түрлері жиі кездеседі. Мектепте, асыра айтқанда, екі баланың бірі көзілдірік киюге мәжбүр. Нұрғазы Жұмасейітұлының айтуынша, соңғы кезде технологияның дамуы да көз ауруына жетелейтін бірден-бірсебеп болып отыр.

Көз — өте сезімтал мүше. Сыртқы факторлардың барлығы оған өзінің әсерін тигізеді. Қазір балалардың көпшілігі ұялы телефон, планшет, гаджет, компьютер пайдаланады. Мәселен, миопия деген көз ауруы бар. Ол — көздің шыны тәрізді мөлдір қабығының бұзылуы, түбінің зақымдануы, жақыннан көргіштігінің бұзылуы.  Ауру асқынған кезде күрделі астигматизмге ұласады.  Ал компьютерден, телефоннан шыққан ультракүлгін сәулелер көздің нұрлы қабығы арқылы оның түбіне жетеді. Егер аталған заттарға ұзақ уақыт және жақыннан қарайтын болсақ, көз түбі нервісіне күш түседі, ол өз күшінен екі есе артық  жұмыс жасауға мәжбүр болады. Осылайша көз ауруы басталады. Балалар организмі жас болғандықтан ауру бірден байқалмайды. Біртіндеп, сатылап миопияның күрделі түріне ауысады. Сондықтан балаларды компьютер, телефон пайдаланудың тәртібіне үйрету керек. Алыстан қарауға үйретіп, ұзақ отыруын шектеген жөн. Егер бала бір сағат компьютердің алдында отырса, бір сағат демалуы керек. Сондықтан балалардың алыстан, жақыннан көруі бұзылса, дереу көз дәрігеріне қаратқан дұрыс. Дәрумендер ішіп, көз жаттығуларын жасаса, сырқатты  ерте сатысында емдеуге болады, — дейді офтальмолог дәрігер.

Жаңа технология немесе лазерлік әдіс

 Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын көзге ота механикалық әдіс арқылы жасалатын. Көз 5 миллиметрге дейін кесіліп, ол жіппен тігілетін. Науқастар бір аптаға дейін ауруханада жататын. Ал соңғы технология бойынша пышақ тиетін жердің көлемі екі-үш миллиметрден аспайды, әрі науқастың бір күннен кейін-ақ ауруханадан шығуына болады. Орталықтың офтальмолог дәрігері Динара Жолдыбаеваның айтуынша, осы әдіспен кейде күніне 20-30 адамға дейін ота жасалады.

Қазір диагностика жетілді. Барлық ауруды дер кезінде анықтауға болады. Орталыққа жаңа технология енгізіліп, АҚШ, Швейцариядан шыққан жабдықтар әкелінді. Кейінгі кезде лазермен ота жасау, түзету секілді жаңа  әдістер қолданыла бастады. Алғашқыда Мәскеуден келген білікті маман операция жасап, бізге шеберлік сабақтарын өткізді. Қазір отаны өзіміз жасаймыз. Соңғы кезде осы әдіспен көз түбіне ота жасауды меңгеріп жатырмыз. Науқастарға  қарапайым линзадан бастап, премиум кластағы линзалар салынады. Мәселен, премиум кластағы линзалардың бір ерекшелігі, науқас жас ерекшелігіне қарамастан жақынан да, алыстан да көре алады. Дегенмен бұндай линзаның бағасы әрине, қымбат.

Сондай-ақ катаракта кезінде көздің мөлдір бұршағының ортасындағы ядроны алып тастап, орнына жасанды көз бұршағын саламыз. Осы ретте тұрғындарға бір нәрсені ескерткім  келеді. Кейде науқастар отадан кейін көзінің көру қабілеті жақсармағанын айтады. Себебі әр адамның диагнозы әртүрлі. Бір науқаста тек қана катаракта болса, екіншісінде оған қоса глаукома немесе көз түбінің қосалқы аурулары болады. Қосалқы ауруы бар науқастар ауруын әбден асқындырып келеді. Операция қанша сәтті жасалғанымен қосалқы  аурудың кесірінен  көз жүз пайыз көріп кетпейді. Сондықтан қос жанарға  көңіл бөлу керек. Кейін дертке қалай тап болғаныңды білмей қалуың мүмкін. Осыны есте ұстаған жөн, — дейді Динара Жолдыбаева.

Көзге арналған жаттығу

  • Түзу отырыңыз, көзіңізді жұмыңыз. Сөйтіп, айналмалы қозғалыстар жасаңыз. Мәселен, солға, жоғарыға, оңға, төмен қарай (5-10 рет).

  • Саусақтардың ұшымен көзді аздап басып тұрыңыз. Одан кейін көзді ашып, 15 рет жылдам жыпылықтатыңыз.

  • Оң қолыңызды алға созып, ортаңғы саусақтың тырнағына қараңыз. Қолыңызды оң жаққа мүмкіндігінше созыңыз, бірақ басты бұрмаңыз және саусақтан көз алмаңыз. Оң қолыңызды қайтарып, енді сол қолыңызбен жасаңыз. 5 рет  қайталаңыз.• Қайтадан оң қолды созып, ортаңғы саусақтың тырнағына қараңыз. Назарыңызды аудармай, қолыңызды баяу мұрныңызға бағыттаңыз. 15 рет қайталаңыз.

Дәрігер тұрғындарға глаукома ауруынан сақтану керектігін айтады. Себебі бұл дерттің «құрығына» іліккендердің аурудан айығуы қиын. Адам көзіндегі сұйықтың қалыпты айналу жағдайы бұзылса, көз ішінің қысымы жоғарылайды, содан  глаукома ауруы пайда болады. Бұндай кезде көз түбіндегі нерв талшықтары өліп қалады. Ал оны қалпына келтіру мүмкін емес.  Қазақта глаукоманы «суқараңғы» деп атайды.

— Әсіресе, алыс ауылдан келетін тұрғындар глаукоманың ең соңғы сатысында ота жасатады. Ал бұндай жағдайда көздің бірден қалпына келуі қиын. Сондықтан ауруды ерте анықтап, дәрігер тағайындаған тамшыларды уақытында тамызып жүру керек. Сонда ғана суқараңғылықтан сақтануға болады, — дейді Динара Жолдыбаева.

Адамның ішкі органдары сырқатқа шалдықса да ол көзге әсер етеді. Орталық және шеткі жүйке жүйесі, жүрек-қан тамырының жүйесі ауырса да, ағзадағы зат алмасу бұзылса да, ішкі секреция бездері зақымданса да, көз маңайында ауру процестері басталса да көзді ауыртады. Бір көздің жарақаттануы екінші көзге де әсер етеді.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*