Басты бет » Ақтөбе — 95 » «Социалдық жол» бұдан 86 жыл бұрын

«Социалдық жол» бұдан 86 жыл бұрын

Биыл шыға бастағанына 95 жыл толатын облыстық «Ақтөбе» газеті бастауын «Кедей», «Социалдық жол», «Социалистік жол» , «Коммунизм жолы» атауымен әр кезеңде шыққан басылымдардан алады. Жиырмасыншы жылдардың үні — «Кедей» араб қарпімен сөйлесе, отызыншы жылдардағы «Социалдық жол» оқырманның қолына латын әліпбиімен жеткені белгілі. Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінде соңғы аталған басылымның 1933, 1934 жылдардағы тігінділері сақталған.

Сартап боп сарғайған сол газет тігінділерін парақтағанымызда, өткен дәуірдің тарихы жадымызға қайтып оралғандай болды. Ол — халқымыз аштық пен ауыртпалықты бастан кешіп жатқан қиын кезең. Бірінші бесжылдықтың қорытындыланып, екінші бесжылдыққа аяқ басқан тұсы. Соның өзінде басылым үлкен форматпен үнемі бір, сиректеу екі бет болып күнде шығып отырған. Облыстық газет редакциясы Ленин көшесі, №31 үйде орналасқан.

Газет жариялаған материалдардан облыстың әкімшілік аумағында сол тұста Арал, Қостанай, Ақбұлақ өңірлерінің де болғаны көрінеді. Мәселен, «Тұқым қорын құюда» деген айдармен жарияланған газеттің ресми материалында: «Меңдіқара, Ақбұлақ, Темір, Адамау, Қобда, Феодоров, Қостанай, Семиозер, Обаған, Қарабалық аудандары партия директивін орындаудан бас тартып, бассыздыққа, бейбастақтыққа салынып отыр. Бұлар бассыздықты, бейбастақтықты тезден жойып, тұқым жоспарын 1 мартқа қалайда орындап шықсын!» деп жазылған. («Социалдық жол», №47, 1933 жыл, 9 наурыз).

Осы жылы шыққан газеттің алғашқы санына Құбаш Қожамұратов уақытша редактор, кейін жауапты редактордың орынбасары, жауапты редактор деп қол қойса, бірсыпыра  газет номерлері Т.Сарходжаевтың қол қоюымен шыққан.

Газеттің бірінші беттегі атауынан кейін: «Ақтөбе облыстық партия комитетінің, атқару комитетінің,  кәсіподақ кеңесінің газеті, күнде шығады» деген мәліметтер берілген.

Сол тұстағы кеңестік саясатқа байланысты болар, газет қызметкерлері, ауыл-село тілшілері көбіне материалдарын бүркеншек  атпен жариялап отырған. Негізінен тілші хаттарына сүйенгенін де аңғару қиын емес. Газеттің әр номерінде дерлік  «Тілші хаттарын тез тергеу керек», «Тілші хаттары елеусіз қалмасын», «Тілші хаттарына көңіл толық бөлінсін», «Тілші хаттарын тез тергемеу — тап жауларының ісі»  деген айдарлармен ұдайы берілген топтамалардан мұны анық көреміз. Осы тақырыппен жазылған мақалалардан «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» науқанының да лебі сезіледі. Жалпы «Социалдық жол» газетінің бұдан 86 жыл бұрын не жазғанынан бүгінгі оқырмандарды хабардар ету мақсатында, газет бетінде жарияланған  бірнеше хабарларды сол күйінде ұсынуды жөн көрдік. 

АҚТӨБЕ АУДАНЫ АТ КҮТІМІН БАҚЫЛАМАЙ ОТЫР

Атты жазғы егіске дейін жақсы күтіп, қадағалау қазіргі жағдайда аса көңіл аударатын жұмыстың бірі болып отырғанда, Ақтөбе ауданы бұл жұмысқа көңіл бөлмей отыр. Ат күтімін бақылау жөнінде Орталық партия комитеті де 30-жылғы 5 январдағы қаулысында «Колхоздардың қазіргі дәуірін бақыламаушылыққа мықтап соққы берілсін» деген еді.

Бұл жұмысқа Ақтөбенің аудандық жер-су бөлімі ат басын сақтауды бақыламай естерінен шығарып отыр. «Ат басын сақтау туралы нендей жұмыстар жасап жатырсыздар?» деп сұрасақ…

«Ат басын күту туралы әрбір колхоздарға, кеңестерге 2-3 рет директив жазып, әдейі тапсырып едік. Бірақ олар осы күнге дейін не жасап жатқандары туралы ақпар бермей отыр» деген жауап келді.

Аудан көлеміндегі колхоздарда өткен 1932 жылы 10 114 ат болса, соның 1933 жылдың 10 мартына дейін қалғаны тек қана 5 369 ат. Оның да көбі санда бар болғанмен сапасы жоқ.

Көп колхоздарда аттарды бай-кулактар жабулап көрне зиянкестік жасап қотыр қылып, арқасын жауыр етіп, жұмысқа жарамсыз етіп тастаған. Бұған дәлелді «Кел, кедей» колхозынан табамыз, ондағы жағдайлар толық куә бола алады. Бұл колхозда өткен жылы 64 аттан, қазірде 8-ақ ат қалған. «Қарағайқұдық»  колхозында болғаны 12-ақ  ат бар. Оларға әзірленген шөп, жем берілген жоқ. Жұмыс малдарына  жазғы егіс кезінде құнарлы тамақ-жем, шөп осы күнге дейін бір колхозда да әзірленбеген. Бұл туралы аудандық жер-су бөлімі мен аудандық колхоз-совхоз орындары құлаш-құлаш директив жазумен отырған.

Ендігі жерде Ақтөбе аудандық жер-су бөлімі керенаулық құрғақ басшылықты қойып, қынулы іске кіріссін. Қаз сынды орғанына мәз болмай, жанды басшылықты дереу қолға алып, жазғы егіске дейін қолда бар 10 111 жұмыс аттарын жақсы бағып, бояма белсенділер мен басқармалардың қалай болса солай міне салуына жол бермей, қалған аз уақыттың ішінде толық жабдықтау керек.

С.

 («Социалдық жол», №42, 22 ақпан 1933 жыл).

ТАМДЫ МТС-ЫНЫҢ ҮЛГІСІ

Тамды машина-трактор станциясында биылғы көктем егісі қарсаңында 39 трактор ремонтталып шығуы керек еді. Аудандық партия комитетінің көрсеткен ақырғы сүрегі февральдың 20-сына Тамды МТС трактор ремонттау жұмысын 100 процент орындап шықты. Сонымен қатар Новоресей  МТС ремонт жұмысын тез арада бітіру үшін 5 кісіден бригада құрып, көтермеге кісі жіберді. Бұл барған бригадирлер Тамды МТС-ы тракторларының ремонтталу кезіндегі үздік көрсеткен қайраттарын Новоресей МТС-ының тракторларын ремонттау кезінде де көрсетіп, бұл МТС-тың тракторларын да қысқа  мерзімнің ішінде орындап шығуға уәделерін беріп Новоресей МТС-ына кетті. Новоресей МТС-ының тракторларын ремонттау жөнінде де қысқа мерзім ішінде көзге көрінерліктей іс көрсетуі сөзсіз.

Жиеналыұлы ҚҰРМАНҒАЛИ,

Тамды МТС-ының жанындағы партия ұясының хатшысы.

Кавилин,

(«Социалдық жол», №42, 27 ақпан 1933 жыл).

 ТРАКТОР ОҢДАУДА ТҮК ҚАРҚЫН ЖОҚ

Қарабалық аудандық астық совхозы 33-жылдың көктемгі егісіне әзірлену жұмысын әлі есіне де алған жоқ. Дайындықты күшейтуде партком атынан бірнеше екпінді бригадалар ұйымдастырылып еді. Сөйтсе де бұлар әлі трактор оңдау жұмысын оқсата алған жоқ. Бұл совхозда 95 трактор оңдалуы керек еді. Запас бөлшектер жетіспейді.

Запас бөлшектерді жетістіру  үшін әр жерге өкілдер жіберіліп еді. Олар да жөнді ештеңе істей алмады. Босқа расходтанып кеткен өкілдердің бірсыпырасы қайтып келді. Оңдалуға тиісті тракторлар мен бірнеше машине құралдар  әлі күнге дейін қар астында далада жатыр.

Бұл сияқта жауапсыздық көрсетіп отырған астық совхозының дирекциясы трактор оңдау жұмысын мерзімінде дұрыс қолдауы керек.

КЕНЖЕБЕКҰЛЫ.

(«Социалдық жол», №11, 12 қаңтар 1933 жыл).

ЕГІС ЖОСПАРЫН ОРЫНДАП ШЫҚТЫ

Темір (Өз тілшімізден) ауданының 9-ауылындағы «Қаракемер» колхозы 375 гектар егіс жоспарын 100,5 процент — «Жаңа тұрмыс» колхозы 890 гектар жоспарын 100,1 процент, «Қамыскөл» колхозы 104 процент, «Аққұдық» колхозы 650 гектар жоспарын 101 процент етіп орындады.

(«Социалдық жол» №107, 23 мамыр 1933 жыл).

ЖҰМЫС КӨЛІГІН ӨТІРІК АКТІ ЖАСАП, СОЙЫП АЛДЫ

Ақтөбе ауданы 1-май кеңесінің ағасы Бодан 6 март күні қарауындағы колхоздан бір атты өтірік өлді деп акті жасап, сойып алды. Сонымен қатар «Қызыл қазақ» колхозының тұқым фондасынан 1 центнер 34 килограмм астықты «қақым бар» деп ішіп қойған. Ауыл кеңесі бұл кемшілікті бетіне айтса, колхозшыны қолына не түссе сонымен  ұрып, жала жауып акті жасап, басын даулы қылды. Бірінші май кеңесі ағасының бұл қылықтарын Ақтөбенің  аудандық орындары тез тексеруін талап етеміз.

АНЫҒЫНА ЖЕТКЕН. («Социалдық жол», №81, 18 сәуір 1933 жыл).

БАСПАСӨЗ ТАРТУДА ЖАУАПСЫЗДЫҚ ЕТІП ОТЫР

Табын ауданында жаңа жылда небәрі 23 000 сомдық газет-журналдар таратылуы керек еді. Осыдан әлі күнге дейін бір дана да газет-журналдар таратылмай отыр.  Бұған басты себеп — аудандағы баспасөз бөлімі газет-журнал тарату кезінде түк жұмыс істей алмай отыр.

Басқа аудандарға қарағанда, Табын ауданы — мәдениет жөнінен артта қалған аудандардың бірі. Бірақ аудандық ұйымдар бұл жағдайды әлі күнге дейін дұрыс ескермей келеді. Соның салдарынан ауылда газет-журналдар тарамай жатыр. Осы күнге дейін газет-жунал таратуға байланысты  көпшілік арасындағы үгіт-насихаттық жұмыстар мүлдем қолға алынбай отыр. Сондықтан баспасөз тарату жолындағы опартонистік жойылып, жауапсыздыққа  тез арада шара алыну керек.

Колхозшылар және шаруалар арасында үгіт-насихат жұмыстары жедел күшейтіліп, ауданға берілген газет-журналдардың бақылау цифрларының тез орындалуына  тиісті шаралар алынуы тиіс. Бұдан былай аудандық ұйымдар баспасөз тарату жұмысына шындап кіріссін.

С. ұлы.

(«Социалдық жол», №81 18 сәуір 1933 жыл).

 ФЕРМА МАЛДАРЫН КҮТУДЕ ФЕРМА БАСТЫҚТАРЫ МЕН

 БРИГАДИРЛЕРДІҢ ЖАУАПСЫЗДЫҒЫНАН ҚОЙ ӨЛІП ЖАТЫР

Меңдіқара 4-ауылындағы «Құмтөбе» колхозының басқармасының, оның бригадирлерінің жауапсыздығынан колхоздың колындағы жұмыс көліктері күтілмей, пішенді кезінде бермегендіктен ферма малдары өліп жатыр.

Жақында колхоздың 7 аты өлді, 8 аты өлім халінде тұр.

Колхоз жанындағы қой фермасының 4-бригадасында 300-дей қой, 200 тоқты бар еді. Бірақ бұл қойлардың да жейтін шөптері даладан жеткізілмей, кезінде берілмей, жақсы күтілмегендіктен қойлардың ішінен өлгендері де, қотырға алынғандары да көп.

Колхоз, ферма басшылары бригадирлерге басшылық ету орнына қыдырудан қолдары босамай отыр.

БАЙДАУЫСЫ.

(«Социалдық жол», №56, 18 наурыз 1933 жыл).

ДАБЫЛҰЛЫНЫҢ ЖЕГЕНІН ТЕЗ ҚҰСТЫРУ КЕРЕК

Табын. 8-ауылда өткен жылы комсомолдар күшімен бір гектар егіс айдалып, одан 5-6 пұт тары түскен еді. Осы тарыны сол ауылдағы 7-санды жастар ұйымының хатшысы Дабылұлы түгелімен өзі жеп қойып отыр. Мұндай жемқор ұя хатшысының жегенін тез құстыру керек.

А. О.

(«Социалдық жол», №104, 10 мамыр 1933 жыл).

БАЙ БАЛАСЫ ҚЫЗМЕТТЕН ҚУЫЛСЫН

Ойыл. 19-ауылдың азаматы Сапагерей  Ерболатұлы деген өткен 1929-жылдары кооперативке бастық болып тұрғанда кооперативтің  5000 сом ақшасын жеп қойып, қылмысы мойнына қойылғасын қашып кеткен болатын. Оның әкесі Ерболат 29-жылы жеке жоспарды орындамағандықтан 3 жылға сотталған болатын. Сапагерей Ерболатұлы қазірде әкесінің атын жасырып, өтірік атақпен «Күмісқалиұлы» болып, Қобда ауданы 10-ауылдағы сельпо бастығы болып отыр. Ауыл кеңесі мен партия ұясы мұны біле тұра, осы күнге дейін қымтауменен келеді.

Ендігі айтарымыз, бай баласына кооперативтен орын бермей тез аластау керек.

КӘМӨНЕС.

«Социалдық жол», №56, 18 наурыз 1933 жыл).

Ақтөбе облысының мемлекеттік мұрағаты  деректері  бойынша әзірлеген

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*