Басты бет » Басты жаңалықтар » Ауған соғысы — өмірдің қасіретті сабағы

Ауған соғысы — өмірдің қасіретті сабағы

Зерде

1989 ЖЫЛДЫҢ 15 АҚПАНЫНДА КЕҢЕС ОДАҒЫ ӘСКЕРІ АУҒАНСТАННАН ШЫҒАРЫЛДЫ

Гумер ГАЛЕЕВ, «Боевое братство» қоғамдық қорының құрылтайшысы, облыстағы  Ауған соғысына  қатысқан жауынгерлер ұйымының жетекшісі:

 Ауған соғысы — өмірдің қасіретті сабағы

 — Ауған соғысының әскери операцияларын бастан өткерген адамның бойында әскери кәсібилік пайда болады деген рас екен. Бір топ қарулас Ауғанстаннан келген бойы әскери-патриоттық клубтар ашып, жастар тәрбиесімен айналысуды бастадық. Себебі, шекараның аржағына  мүлде дайындықсыз аттандырылған жас балалардың қандай қырғынға түскенін көрдік.

Мен Ақмола облысы Жақсы ауданының Маховое ауылында туып-өстім. Әскерге сол жақтан шақырылдым. Ол жаққа барған қазақстандық жауынгерлердің қай-қайсысы да мықты: бойлы-сойлы, көзге түсерліктей денелі, рухы биік, жігерлі жастар болатын. Тағы бір байқағаным,  климатымыз  ұқсас болғандықтан ба, Қазақстаннан барғандар ол жаққа тез бейімделді. Бірақ тауда күндіз ауа температурасы 60 градустан жоғары қапырық ыстық болғанымен, түнге қарай тез суып,  +10 градусқа түседі. Түнде киінбей ұйықтау мүмкін емес, тоңып қаласың.

— Сіз Руслан Аушевпен бір полкта  қызмет етіпсіз…

— Мен Кабулде  180-мотоатқыштар полкі батальонының 1-танк ротасында қызмет еттім. Әскери бөлім Кабулда орналасқанымен, полк бір орында тұрмай, үнемі орын ауыстырып жүреді. Осы полктің 2-батальон командирі — Кеңес Одағының Батыры Руслан Сұлтанұлы Аушев. Жаяу әскер полкінің үш батальоны болса, әр батальонға бір-бірден танк ротасы бекітіледі. Біздің танк ротасы 2-жаяу әскер батальонына бекітіліп, «рейдке» бірге шығып жүрдік. Егер, бірінші батальон «рейдке» шықса (әскери тапсырма), екінші батальон қару-жарақ қоймасы мен полкті күзетеді, үшіншісі  «Өмір жолын» қорғап тұрады. Полк командирі Кеңес Одағының батыры — Евгений Высоцкий (2016 жылы Мәскеу қаласында қайтыс болды, жерлеуіне барып қатыстым).

Кеңестер Одағы жағынан, Өзбекстанның Термезінен — Кабул — Полихумриға кіретін автоколонна жолы — «Өмір жолы» деп аталды. Осы өткел арқылы елден азық-түлік, жанар-жағармай жеткізіледі. Себебі Ауғанстанда теміржол жоқ, тек тау арқылы өтетін  автокөлік жолы ғана болды.

— Көбіне қандай шабуылдар жасалды?

— Көп жағдайда тау-тас арасында  жүріп келе жатқан автоколоннаға  партизандық соғысты жақсы меңгерген «духтар»  шабуыл жасайды. Аяқ астынан 10-12 адамдық  топ шыға келіп, тез-тез атып-атып кетіп қалады. Шынымды айтсам, олармен ашық шайқас алаңында, бетпе-бет  соғысып көрген жоқпыз.

— Тұтқынға алған тірі «дух» болды ма?

— Тек қана бір рет. Бұл — 1982 жылдың тамызында біз елге оралар алдында, Панджшер ұрысынан кейін болған оқиға. Бір кишлакты тексеріп шығып келеміз, алдымызда — танк, соңында — жаяу әскер.  Кишлакты сүзіп шықтық, күдік туғызарлықтай ештеңе жоқ. Кері қайтып келе жатып, жоғарыда бір жартастың жанынан алабажақ шалманы байқап қалдық. Душмандар әдетте шалма оранып  жүріп соғысады. Тоқтай қалып, взвод командирі, мен, тағы 3 жауынгер, білдіртпей барып, қоршап алғанымызда, тастың тасасында бір «дух» етбетінен жатты. Автоматы жанында. Не ұйықтап кеткені, не танк гүрілінен қорқып кеткені белгісіз. Тосып жатқан жау жоқ деп келе жатқан бізді өткізіп жіберіп, ту сыртымыздан  автомат оғымен атқанда, сол жерде  біразымыз ажал құшар едік. Тұтқындадық, бірақ «Царандойға» (ауған милициясы) тапсырмай, жаңадан келген өз жауынгерлеріміздің алдына әкелдік. Пәкістандық екен. Бір көзі жоқ. Парсы тілінде сөйлейді. Әскери бөлімдегі аудармашы тәжіктеріміз арқылы біздің қанша жауынгерімізді өлтіргенін сұрадық. Ауған-пәкістан шекарасындағы үнемі өзара соғысып жататын тайпадан шыққан жалдамалы бандит саптың алдында бізге  сондай жеккөрушілікпен, сондай өшпенділікпен қарап тұрды.

Қарсы жақтан бізбен ақша үшін келген жалдамалы бандиттер көп соғысты. Бір жолы кеңес әскерінің бағасы жазылған қағаз тауып алдық. Ең төменгі шендегі жауынгердің бағасы өте арзан. Погондағы жұлдызы көп болса, бағасы да жоғарылайды. Генерал полковник пен тікұшақты (вертолет) атып түсіргенге көп ақша төленеді.

1979-89 жылдары Кеңес Одағы Ауғанстанға жіберілген 15 мың жауынгерінен айырылды.

Сол жылдары Ауғанстанда әскери қызметке Қазақстаннан  22 мың жас шақырылды.

Ақтөбе облысынан 1722 жігіт аттанып, 9 жыл ішінде 22 жауынгер  қаза тапты, 58-і мүгедек болып оралды.

1981 жылы Темір ауданынан шақырылған  Мұрат Анапин  із-түзсіз жоғалып кетті. Ол туралы әлі күнге дейін дерек жоқ.

— Кишлак халқы сіздерді қалай қабылдады?

— Кишлак халқы өте кедей, ер адамдар бөлек үйде, әйелдер бөлек  үйде тұрады. Әдетте ауған үйінде ортадағы қазан құрылған ошақтан басқа ештеңе болмайды.  Оған от жағылып, тамақ пісіріледі. Еркектері оттың айналасында киімдеріне оранып ұйықтайды. Әйелдері тұратын үйлерді  білмейміз. Шариғат заңдарын бұзғандық болып саналғандықтан, бізге әйелдер тұратын үйлерді тексеруге   тыйым салынды.

Адамдар күн суық болса да, жалаң аяғына галош сұға салып жүреді. Ауған шаруасы тасты жерді ұнтақтап, оны кетпенмен тегістеп, ол жерге топырақ тасиды. Жерді соқаға есек не өгіз жегіп жыртады. Күзде  бидайды қол орақпен орып, бастырады. Әр кишлакты бір молда басқарады, ол не айтса да заң. Халқы хат танымайды, қол қойғанда бармағын басады.

— Естен кетпейтін ерекше әскери операция?

— Ауған жерінде қызмет еткен 1,5 жыл ішінде 24 әскери операцияға қатыстым. Тіпті айына екі рет қоршаудан шыққан  күндер де болды.  Махмуд-Ракиде танк  ротасы командирін қалай өлтіргені көз алдымда. 50-дивизияның полкі  қоршауда қалды деген хабар жеткен соң біздің полкті түн ішінде  тұрғызып, сол жаққа көмекке жіберді. Қараңғы түсіп барады, әлі жеткен жоқпыз. Алдымыздан кишлак көрінді, сыртында  бір топ ауған мінген жүк көлігі тұрды. «Ана көлікті тексеріп көрейік» деп едік, командир  қарсы болды.

Көлік  кузовтары толған жауынгерлер, бензовоздар, қару-жарақ тиелген колонна  болып, біздің  полк  кишлактан өтіп жатыр. Ең алдымызда Донецкіден жақында ғана келген жас аға лейтенант-рота командирі люкті ашып тастап, танктен кеудесін шығарып отыр еді.  Бұрылысты айнала бергенімізде, жоғарыдан ата бастады. Рота командирі отырған ең алдымыздағы танк  жарқ ете қалды да, бір орында тұрып қалды. Колонна  да тұр. Жан-жақтан қоршап алып, биікте тұрып, ашықтан-ашық атып жатыр. Бұлар — жалдамалы бандиттер, «Черный аист» тобы. Полк командирі рациядан не болғанын сұрады, біз жағдайды баяндадық. «Колоннаны алып шық» деді.  Механик танкты орнынан әрең қозғап, колоннаға жол ашты. Оқтан әрең шыққанда, бір шақырымнан соң  тағы минаға ұрындық. Бағытты  өзгертіп едік, алдымыздан ата  бастады. Түн іші. Қай жақтан атып жатқанын да білмейміз, бас көтертпейді. Әрең дегенде, 50-ші полкке жеттік. Келсек, бәрі ұйықтап жатыр. Күндізгі атыстан әбден шаршаған. Оятып, сапқа тұрғызып, полк командирі біздің экипажды «Жауынгерлік ерлігі үшін» медаліне, мені «Ерлігі үшін» медаліне ұсыну бұйрығын оқыды. Панджшер операциясында минаға ұрынғанымыз ол бөлек әңгіме.

Ауған халқының кеңес әскеріне деген жек көрушілігін туғызу үшін «духтар» — сырттан келген жалдамалы баскесерлер біздің әскери киімді киіп (арасында 2-3 орысша сөйлейтіндері)  кишлакта ойран салады. Олар адам азаптаудың неше түрін біледі.

Басында душмандарда жөнді қару болған жоқ. Біз бастапқыда шайқас орнынан  оқ-дәрімен түтіндеп атылатын 18-ғасырдың мылтығын тауып алып жүрдік.  Соғыстың соңғы жылдарында ғана олардың қаруы жақсарып, тікұшақтарды да  атып түсіріп жатты, стингерлер пайда болды.

— Ауған соғысына қатысқан жауынгерлер одағын ұйымдастыруға досыңыздың өлімі себеп болды деп естідім…

— Иә. Ауғанстанда көз алдымда  ең жақын досымды өлтіріп кетті. Есімі — Марсел, Башқұртстаннан еді. Оны ауыр жаралады, қоршаудан  қолымызға көтеріп алып шықтық. Өлерінің алдында: «Башқұртстандағы әке-шешеме барып шығыңдар. Тірі  қалсаңдар, біздің балаларға көмектесіңдер», — деді.

Ауғанстаннан оралғандардың тағдыры әртүрлі болды. Қанның ортасынан шыққандар елге оралғанда, оларды ешкім күткен жоқ. Кеңестер Одағы ауған жауынгерлерін қараусыз қалдырды, олар психологиялық сауықтырудан өтпеді. Ана жақтың сұмдықтарын көріп келген кейбірі мына өмірге бейімделе алмай қалды, жасыратыны жоқ, ішіп кетті, есірткіге тәуелді болып, қылмыс әлеміне кіріп кеткендер де бар. Бүгінде де көп ауғандықтардың денсаулығы жоқ. Дәрігерлердің өзі де анықтай алмаған дертке шалдыққандар көп.

Елге келдік. Ауылда өзімді қоярға жер таппадым. Түнде кереуетке жатсам, таңертең оянғанымда жерде жатамын. Маховое ауылындағы кішкентай үй, бір бөлмесінде кішкентай қарындасым мен інім. «Сен түні бойы бірдеңе лақтырасың, айқайлайсың, боқтайсың, сосын гүрс етіп кереуеттен құлайсың», — деп шешем жылайды. Ауылға сыймадым: егін егіп, астық жинаудан басқа жұмыс жоқ. Содан Мәскеу қаласына кеттім. Мұнда да үлкен қала, заводқа тұрдым, завод қаланың бір шетінде, жатақхана екінші жағында. Шаршадым. Ақтөбеде тұратын үлкен ағам өзіне шақырды. Содан тұрақтандым.

1987 жылы  Ауған соғысының запастағы  жауынгерлерімен осы жұмысты бастадық. 1988 жылы облыстық комсомол конференциясында мені облыстық  ұйымның төрағасы етіп сайлады. Содан жұмыс  басталды. Ауған соғысының мүгедектеріне пәтер алып беруге көмектестік. 1989 жылы 106 пәтер алдық. Ол кезде Қазақстанда ешбір ауғандық   пәтер алған жоқ.

2006 жылы Ауғанстанда қаза тапқандарға арнап Ақтөбеде ескерткіш орнаттық. Елге оралмағандардың мәліметін жинақтап, анықтамалық кітап шығаруды ойлап едім, оның да сәті түсті. Тарих ғылымдарының докторы, бұрынғы ауғандық, запастағы полковник Александр Иванович Барт  (өзі алматылық, қазір Мәскеуде тұрады) қаза тапқан ауғандық жауынгерлер туралы кітап жазып шықты. Жақында таныстырылымы өтеді.

Ендігі міндет — әлі күнге дейін пәтер ала алмай жүрген 70 ауғандық ақтөбелік жауынгерді баспаналы ету. Сонымен қатар Қазақстан Парламентіне жіберілген ауған соғысына қатысқан ардагерлер  мәртебесі туралы заңның бекітілуін күтіп отырмыз.

Біздер қазір өте азбыз. Қазақстанда 22 мың едік, қазір 16 мыңы ғана қалды.  Осы 16 мың адамға қандай да бір мемлекет тарапынан жеңілдіктер жасалса ғой деген ойдамыз. Емдеу-сауықтыруға, дәрігерлік ем алуға, коммуналдық төлемдерге жеңілдіктер болса, көп жәрдем болар еді. Ауғанда болғандардың бауыры ауырады, себебі ана жақта инфекциялық аурулар — сүзек, тырыспа, гепатит көп болды. Қазір де арамызда ұйықтап кетіп, оянбай жатқандар бар.

1979-1989 жылдары Ақтөбе облысынан 1722 адам Ауғанстанда әскери борышын өтеді. Олардың 26-сы қаза тапса, 58-і мүгедек болып оралды. 1981 жылы Темір ауданынан шақырылған Мұрат Анапин із-түзсіз жоғалып кетті. Ол туралы әлі күнге дейін дерек жоқ. Бүгінде Ақтөбе облысында ауған соғысына қатысқан 996 адам тұрады. Өткен жылы облыстағы 3 ауған соғысының мүгедегі  қайтыс болды. Тізімді қайта түгендеп жатырмыз, себебі   ең жас ауғандық жауынгердің жасы бүгінде — 50-де. Ол жаққа ең соңғы рет әскери міндеттерін өтеуге 1969 жылы туғандарды шақырды.

Өзіме келер болсам, отбасымда үш балам бар, үлкен қызым тұрмыста, кішкентайым Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті. Әйелім — Римма Гыйзатулақызы Ақтөбедегі №16 орта мектептің  бастауыш сынып  мұғалімі.

— Ресейде соғыс болған аймақтарда қазба жұмыстарын жүргізуге кім ұсыныс етті?

— Ақтөбеде іздеу отрядының  негізін салған Глеб Чугунов 1988 жылы Новгород облысына  қазба жұмыстарына қатысуға шақырды. Мен, Жұмағазин, тағы бір ауғандық жауынгер  үшеуміз аттандық. Себебі, ол  жақта  соғыс кезінде атылмай қалған миналар, жарылғыш  заттар көп болатын.

1988 жылдың көктемінде Новгород облысында Власовтың 2-Екпінді армиясы  соңғы  қоршауда қалған ұрыс аймағын қазуға келдік. Орман іші. Төбеде үйілген адам сүйектері,  қаншама қару-жарақ, жарылмаған гранаталар,  мина-тасбақалар толып жатыр. Бәрі шашылып жатыр. Бізден бұрын да  біреулер осы жерлерді қазған. Аяқ бассаң  сүйек, Власовтың  армиясы тар  қоршауда қалып қырылған. Власов армиясының есепсіз қырылғанына соғыс орындары, жер, төбе-төбе болып үйілген сүйектер куә. Келген соң соғыс жауынгерлерін іздеу отрядын құрсам деген ой болды.

2010 жылдан бастап,  жылына екі рет — көктем және күзде автобуспен, мектеп оқушыларын алып Ресейге соғыс болған аймақтарға  қазба жұмыстарына аттанамыз. Осы кезге дейін  іздеу отрядымызға  200-300 ақтөбелік  мектеп оқушысы қатысты. Ең бірінші түлектеріміз  жақсы азамат болып қалыптасты,  бүгінде олардың арасында мектеп директоры, кәсіпкер, өндіріс басқарып отырғандар да бар.

 Баян СӘРСЕМБИНА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*