Басты бет » Басты жаңалықтар » #Zhasproject: арманда! ұсын! жүзеге асыр!

#Zhasproject: арманда! ұсын! жүзеге асыр!

Форум

Дүйсенбі күні Жастар жылына арналған «Арманда! Ұсын! Жүзеге асыр!» атты жастар корпусын дамыту жобасының аймақтық форумы өтті.

Қалалық Мәдениет үйінде өткен форум жұмысына облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының  әкімі Ілияс Испанов, «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Бәйменова, облыстық басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, «Zhas Project» жобасының грант иегерлері мен менторлар, сондай-ақ Ресей Федерациясынан келген форум өкілдері қатысты.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен форумның мақсаты — жастардың үздік ойлары мен ұшқыр идеяларын жан-жақты қолдау, сондай-ақ әлеуметтік топтағы жастардың бастамасына қаржылай қолдау көрсетіп, облыстағы шағын орта бизнесті дамыту.

«Zhas Project» жобасы — ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы келісім аясында Жастар корпусын дамыту жобасын үйлестірушілердің ұйымдастыруымен құрылған болатын. Жұмыссыз, жұмысы бар, бірақ айлық көлемі аз  жастардың бастамаларына қаржылай көмек көрсетіп, шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында құрылған жоба 2017 жылы Қазақстанның төрт облысынан шамамен 2 000 қатысушыны қамтыды. Ал 2018 жылы жоба шеңберінде 3500 жасжұмыспен қамтылды. Өткен жылғы тізімге Қазақстанның 6 аймағы енген. Ішінде Ақтөбе өңірі де бар. Нәтижесінде 163 ақтөбеліктің жобасы мақұлданып жеңімпаз атанды.

Форум аясында облыс бойынша ең үздік жобалар көрмесі жасалып, форум қатысушыларына ұсынылды.

— «Zhas Project» —өз ісін бастағысы келіп жүрген талай жасқа септігін тигізіп, бизнес әлеміне ену үшін жол салған жоба. Ақтөбе өңірінен мақұлданған 163 жобада қаншама жастың арман-тілегі, еңбегі жатыр. Аталған жобаның аясында ауқымды істер атқарылыпты. Бұған бүгін көзіміз жетіп отыр.

Биылғы жылы да  жастар үшін нақты жұмыстар істелуі тиіс. Жастар жылының алдында тұрған басты мәселе — оларды жұмыспен, баспанамен қамту. Сонымен қатар жастардың өзін-өзі жұмыспен қамтуы үшін бүгінгі таңда мемлекет тарапынан беріліп жатқан несиелер жөнінде оларға кеңінен мәлімет беруіміз керек. Өткен жылдың өзінде 300-ден астам жас несие алып, өз кәсіптерін бастаған.Осы бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жүзеге асыруға тиіспіз.

Бұған дейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев айтып өткендей, Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай бірінші кезең бойынша 150 жас қолжетімді пәтерлермен қамтылады Бұл жұмыстар әрі қарай да кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады, — деген облыс әкімінің орынбасары М.Тоқжанов жастарға арналған әлеуметтік бастаманың жергілікті биліктің қолдауы тарапынан әрі қарай да жүзеге асырылатындығын айтты.

Бұдан соң сөз алған қала әкімі Ілияс Испанов ұйымдастырушыларға өз алғысын білдірсе, республикалық координаторлық агенттігі басшысының орынбасары Алена Баянбекова жобаның маңыздылығына тоқталды.

Сондай-ақ форум барысында үздік жоба жеңімпаздары мен менторлар сөз алып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Ал көршілес Ресейдің Орынбор облысынан форумға арнайы келген жас кәсіпкерлер комитетінің төрағасы Дмитрий Чернов жастарға Қазақстан ерекше көңіл бөліп, биылғы жыл елде  Жастар жылы деп жариялағанына ризалығын білдірді.

Сондай-ақ форум барысында облыстық кәсіпкерлер басқармасының басшысы Анар Даржанова мен «Даму» қорының Ақтөбе облыстық филиалы директоры Берік Нұрғалиев өз кәсібін бастаймын деген жастарға түрлі бағдарламалар барын айтып, тиімді тұстарын түсіндірді.

Айта кетейік, жоба өткен жылдың  мамыр-маусым айларында жүзеге асырылып, оған 14-29 жас аралығындағы жұмыссыз жастар қатысты. Аталған жобаға Ақтөбе облысы бойынша 200-ден астам өтінім келіп түскен.  Дегенмен 163 жоба мақұлданып, жеңімпаз атанды. Оның 44-і қала жастары болса, қалғаны аудан жастарына тиесілі.

Жастардың идеясы мықты, жоспары сақадай сай болғанмен, қаржы қолбайлау болса, бизнес әлеміне еркін ену мүмкін емес. Ол — бесенеден белгілі нәрсе.

Сағыныш Наурызбаева — жобаның игілігін көріп, грант иесі атанғандардың бірі. Оның «Ем-дом. Ешкі сүтін емдік мақсатта қолдану» жобасы үздік деп танылған.

— Аталған жоба туралы біз Байғанин аудандық жастар ресурстық орталығынан естідік. Кейін ешкі сүтінің адам денсаулығына пайдасы туралы зерттеу жүргізіп, өз жобамызды әзірледік. Сәтін салып, жобамыз үздіктер қатарынан көрінді. Біздің жобаның ерекшелігі — ешкі сүтінен шұбат және құрт өнімдерін дайындаймыз. Бүгінгі таңда берілген қаражатқа 7 ешкі сатып алдық. Ешкіден алынған сүтті 6 ай бойы халықтың осал топтарына үлестіреміз. Біздің негізгі мақсатымыз – өңіріміздегі тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға, қарттарға, жетімдерге, жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесу, — деген С.Наурызбаева аталған жобаның жастар үшін үлкен мүмкіндік екендігін айтты. Байғанин аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Сая Сағынғалиеваның айтуынша, аудан бойынша 27 жоба ұсынылып, оның 13-і жеңіске жеткен.

Ал «Жас Отан» жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалының кеңесшісі Мұрат Мұстафин жарты жыл бойы әлеуметтік осал топ өкілдеріне «Қолжетімді туризм» жобасы аясында тегін қызмет көрсеткен.

— Жобаға қатысар алдында көп ойландық. Кейін жергілікті туризмнің дамуына қандай да болса үлесіміз тисін деген мақсатта «Қолжетімді туризм» жобасын әзірлеп ұсындық. Жоба аясында 100-ден астам балаға Ақтөбе облысының тарихи жерлеріне саяхат жасатып, көрікті жерлерін таныстырдық. Берілген қаражатқа жолға шығуға ыңғайлы заттар алып, балалардың барар жолы мен ас-суына жараттық. Алдағы уақытта комерциялық жоба ретінде әрі қарай жалғастырғымыз келеді, — дейді М. Мұстафин.

«Zhas Project» — болашаққа деген нақты мақсаты бар, «Армандай біл. Іске асыр» деген қағиданы өздеріне ту етіп алған талай жастың жобаларының жүзеге асуына мүмкіндік берген жоба. Жобалары үздік деп танылған жастардың қай-қайсысы да шет-шетінен талапты.

Форум соңында үздік жоба жетекшілеріне Алғыс хаттар мен дипломдар табысталды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*