Басты бет » Жаңалықтар » Мемлекеттік қызметтердің 80 пайыздан астамы электронды түрде көрсетіледі

Мемлекеттік қызметтердің 80 пайыздан астамы электронды түрде көрсетіледі

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын көтеру мәселесі талқыланды.

Бүгінде облыстың жергілікті атқарушы билік өкілдері мемлекеттік қызметтің 202 түрін ұсынады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша халыққа 6,1 миллион мемлекеттік қызмет түрі көрсетілген.

Жиында облыстық ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлы: «2017 жылмен салыстырғанда электронды форматта көрсетілген мемлекеттік қызметтердің үлесі бес есе өсіп, жалпы санының 82,8%-ын құрады. 2018 жылы балабақшаға жолдама беру, балаларды мектепке қабылдау, дәрігерге жазылу, дәрігерді үйге шақыру және медициналық ұйымды бекіту бойынша мемлекеттік қызметтер электронды форматқа көшті», — деп жеткізді.

Үкімет 2019 жылы 141 қызмет түрін, соның ішінде 69 жергілікті атқарушы органдар қызметін электронды форматқа көшіруді жоспарлап отыр. Бұдан басқа, Ермек Кенжеханұлының айтуынша, Ақтөбе облысында ағымдағы жылы тағы 13 мемлекеттік қызмет түрі, яғни балаларды қосымша білім беру мекемелеріне қабылдау, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алуға кезекке тұру, сәулет және жер қатынастары саласындағы 11 қызмет (эскизді жобаны келісу, жер жобаларын бекіту және т.б.) электронды форматқа көшірілмек.

Жиында «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КАҚ АФ директоры Руслан Ерғалиевтің  халыққа авто қызмет көрсету орталығы, мобильді қызмет көрсету орталығы, көші-қон қызметтері және цифрлық қызметтер орталықтарының жұмыстары туралы баяндамасы тыңдалды. Соңғысы өткен жылдың аяғында халықтың цифрлық сауаттылығын көтеру үшін ашылған болатын. Цифрлық қызметтер орталығында кез келген адам  электронды қызметтер алу үшін оқытудың толық курсынан өте алады.

Жиынды түйіндеген облыс басшысы мемлекеттік қызметтерді ұсыну сапасын әрі қарай жақсартудың, соның ішінде халық арасында электронды қызметтерді  кеңінен ендірудің маңыздылығын атап өтті.

«Жалпы, біз Мемлекет басшысының 2019 жылы қызметтердің 80%-ын электронды форматқа көшіру туралы тапсырмасын орындадық. Жұмыс барынша тиімді жүзеге асуы керек, өйткені электронды мемлекеттік қызметтерді дамыту тұрмыстық жемқорлықты жоюға елеулі әсер етеді. Біз азаматтар қызметтердің денін бір жерде алулары үшін алғашқылардың бірі болып Халықтық кеңсені аштық. Халықтық кеңсе,  халыққа қызмет көрсету орталықтарының, арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарының, көші-қон қызметтері орталығы қызметкерлерінің келушілермен әңгімелескен кезде әрдайым тәртіпті, қызметтік этиканы сақтағандары маңызды. Мүгедектігі бар, қарт адамдарға ерекше назар аударған жөн», — деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*