Басты бет » Экономика » HR-менеджерлері біліктіліктерін көтерді

HR-менеджерлері біліктіліктерін көтерді

Кәсіпкерлік

Облыстық кәсіпкерлер палтасында HR-менеджерлері клубының кезекті отырысы өтті. Басқосуда клуб мүшелері еліміздің еңбек заңнамалары саласындағы өзгерістер, электронды келісімшарт жасау, қазіргі заманғы іс жүргізу үлгілері туралы бірқатар мәселелерді талқылады.

Сонымен қатар, жиында компаниялардағы еңбек дауларын шешу кезінде қолданылатын механизмдер туралы айтылды. Облыстық еңбек инспекциясы басқармасы мен қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

«Жұмысқа орналасу процесін жеңілдетуге арналған электрондық мүмкіндіктер туралы білу біз үшін маңызды болды. Өйткені олар кадр қызметкерінің жұмысын автоматтандырып, айтарлықтай жеңілдетеді. Айталық, «Еңбек.kz» порталымен жұмыс істеудің біз білмейтін бірнеше артықшылығы бар екен. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын ашуға қаржы бөлуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалармен кеңірек танысудың сәті түсті», — дейді HR-менеджерлері клубының төрайымыМариса Төлеубаева.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы клуб жұмысына мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында қажетті кадрларды анықтауға, кәсіпорында білім беру орталығын құруда, қажетті мәліметтерді ұлттық кәсіпкерлер палатасының реестріне енгізуге тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. Сондай-ақ әлеуметтік және еңбек қатынастары бойынша құқықтық кеңес бере отырып, еңбек дауларын шешуге қажетті сарапшыларды тартып отырады.

«Қызметкерлерді ынталандыру, бизнес-процестерді жетілдіру стратегиясын әзірлеу аса маңызды. Бұл HR-менеджерлердің құзыреттілігін арттырады. Сондықтан менеджерлерге арналған мұндай кездесулер тәжірибе алмасуға және өзара қолдау көрсетуге мүмкіндік береді», — дейді  облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Дамила Құнанова.

Бұл клубтың биылғы алғашқы кездесуі. Жиын нәтижесінде алдағы айларға жоспар құрылды.

Айта кетейік, HR-менеджерлерінің кәсіби клубы кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің бастамасыменөткен жылдың наурызында құрылды. Оның құрамында өңірдегі бірнеше комапаниялар мен кәсіпорындардың 40-қа жуық HR-маманы кіреді. Клуб қызметі бизнес-оқыту, персоналды дамыту және маркетинг жөнінде кеңес беруге бағытталған. Клуб мүшелерінің арасындағы қарым-қатынасты қашықтан әрі жылдам іске асыру үшін WhatsApp желісінде жұмыспен қамту орталығының, еңбек инспекциясының және жеке жұмысқа орналастыру агенттіктерінің мамандары қатыстырылған арнайы топ ашылған.

Кездесу соңында қатысушыларға «Аtameken services» порталы таныстырылып, кәсіпкерлер арасында кең ауқымды сауалнаманың басталғаны туралы ақпарат берілді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*