Басты бет » Басты жаңалықтар » Ақтөбеде 120 мыңнан астам адам көшпелі көрмені тамашалады

Ақтөбеде 120 мыңнан астам адам көшпелі көрмені тамашалады

Кеше облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі қор көрмесінің жабылуы рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.

Шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев екі ай бойы көшпелі көрмені тамашалаған тұрғындар мен Елбасы кітапханасының басшылығына ризашылығын білдіріп, жиналғандарға жылы лебізін жеткізді.

Әрбір ұлт өз елінің тарихын, өткенін білуі керек. Әсіресе, жастар мемлекет қалай қалыптасты, қандай қиындықтар болды, ел қалай дамып жатыр, оның әлемде алар орны қандай деген сұрақтарға жауап алуы қажет. Сондай-ақ біздің жастарымыз өз Отанының тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, құндылықтарын жақсы білуі қажет. Ол үшін жастардың білім көкжиегін кеңейтетін жан-жақты ақпарат, мәлімет берілуі керек. Міне, осы орайда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жүріп өткен жолы, елді әлемге танытуда жасаған еңбектері, өнегелі сөздері біздің жастарға үлгі-өнеге болары сөзсіз. Сондықтан облыс басшылығы атынан арнайы көшпелі көрмені ұйымдастырған Елбасы кітапханасына, оның басшылығына ерекше алғыс айтамыз. Кітапхана мамандары екі ай бойы біздің тұрғындарға Елбасы туралы жан-жақты мәлімет беріп, ең құнды жәдігерлер мен заттарды әкеліп таныстырып, халыққа ұсынды. Елбасымыздың өмір жолын, еңбек жолын ұлықтап жүрген кітапхана жұмысына табыс тілей отырып, алдағы уақытта да мемлекетіміздің, Мемлекет басшысының абыройын арттыру үшін жемісті еңбек ете беріңіздер дейміз! Барлығыңызға үлкен рақмет! — деген облыс басшысы Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаеваға арнайы Алғыс хат табыстап, сый-құрмет көрсетті.

Жиында ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева көшпелі көрмені тамашалаған ақтөбеліктер мен жергілікті билік өкілдеріне алғысын жеткізді.

Бүгін қасиетті Ақтөбе жерінде Елбасы кітапханасы көшпелі көрмесінің жабылу салтанатында сіздермен жүздесіп тұрғаныма өте қуаныштымын. Егер осындай үлкен шараны бір ұжым, біртұтас ел болып атқармасақ, көрме жоғары деңгейде өтпеген болар еді. Сондықтан осы көрменің Ақтөбе жерінде өтуіне үлес қосқан, өзінің күш-жігері, белсенділігі арқылы көрме жұмысына бірқатар жаңалықтар енгізген облыс әкімі Бердібек Машбекұлына ерекше алғысымызды білдіреміз. Сондай-ақ Елбасы кітапханасын тамашалап, өздерінің жылы лебіздерін білдіріп жатқан азаматтарға үлкен рақмет айтамын. Осы көшпелі көрме аясында біз облыс орталығын ғана емес, Қобда, Алға аудандарын аралап, тұрғындармен жүздесіп, ерекше әсер алдық. Егер біз қолда бар қорларды, технологияларды пайдаланып осындай өңірлерге келмесек халық біздің бастамаларымызды көрмейді. Сондықтан алдағы уақытта елімізде осындай игі шаралар көбейсін деп тілеймін, — деді ол.

Бұдан кейін шарада ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков Елбасы кітапханасының ұжымына облыстың зиялы қауым өкілдері атынан алғысын айтып, жылы лебізін білдірсе, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның күйшісі Асылбек Кенегесов Қаршыға Ахмедияровтың «Елбасы» күйін тартып берді.

Шара соңы жас өнерпаз Нұртас Омаровтың орындауындағы Орал Байсеңгірдің «Ақтөбенің ақ тілегі» әнімен аяқталды.

Айта кету керек, Елбасы кітапханасы ұсынған «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі қор көрмесін екі айда 120 мыңнан аса адам тамашалаған. Көрме аясында тұрғындарға Елбасы кітапханасының мұрағатынан, кітап, мұражай қорларынан алынған барлығы мыңнан астам жәдігер, суреттер мен бейнежазбалар ұсынылған. 

Көшпелі көрме енді Қызылорда облысында жалғасады.

                                                         Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*