Басты бет » Жаңалықтар » Бесігімізді түзейік

Бесігімізді түзейік

Елді мекендерді көркейту мақсатында Президент тапсырмасымен жарияланған «Ауыл — ел бесігі» атты ауқымды шара аясында облыс кәсіпкерлері  биылғы жылы  «Ауыл қамқоршысы» жобасын жүзеге асыруға кірісіп кетті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жетекшілігімен өткен  мәжілісте кәсіпкерлер мен ауыл-аудан әкімдері биылғы жобаны іске асыру жолдарын талқылады.

— Облыста Елбасы Жолдауында айтылған «Ауыл — ел бесігі», сондай-ақ «Ауыл қамқоршысы» жобасы жүзеге асып жатқанын білесіздер. Кезінде бәріңіз де туған ауылдарыңызға көмек беретіндеріңіз жөнінде уәде бердіңіздер, бірақ жұмыс баяу жүріп жатыр, — деді облыс әкімі.

2018 жылы құны 2 миллиард теңге болатын 344 жоба жүзеге асырылған. Әлеуметтік нысандар салынып, жол мен көпірлер жөнделген, білім, денсаулық саласы мекемелерінің материалдық жағдайы нығайтылған, тұрмыстары төмен отбасылар мен көпбалалы отбасыларға көмек көрсетілген.

Биыл  облыстың 199 елді мекенінде құны 2 миллиард 600 миллион болатын 314 жоба іске асырылмақ. Мәселен,  «Адал-сервис» компаниясының директоры Сандыбай  Алтурлиев Жарсай ауылында (Қобда ауданы) спортзал, «Алтын қыран» компаниясының президенті Исламбек Салжанов  Қаракемерде  (Қобда ауданы) елу орындық мектеп, Ибрагим Сәрсембаев Ырғыз ауданында 20 миллион теңгеге  спорт кешенін, Владимир Проскурин Мәртөк ауданының Хазірет ауылында жаңа көпір құрылысын бастамақ.

Кәсіпкер Самат Қалдығұлов  өткен жылы Алға ауданының Амангелді ауылына Мәдениет үйі салып берсе, биыл  осы ауылды көркейту  жұмыстарын жалғастырмақ. Мәдениет үйінің жанына саябақ, ауылға монша тұрғызып, құлап жатқан он үйді  жөндеуден өткізіп, осы үйлерге жақын ауылдағы жағдайы жоқ 10 отбасыны  көшіріп әкелуді жоспарлап отыр.

— «Ауыл қамқоршысы» жобасы бойынша 11-інің сметалық құжаты дайын, 25  құжаттың  аяқталу мерзімі әртүрлі көрсетілгендіктен, аудан әкімдерінің ыждағаттағандары жөн. Сол себепті әр тоқсан  сайын аудан әкімдерін жинап,  жұмыс барысына үнемі сараптама жасай отырып, мұнымен бірге бірыңғай құрылыс жұмыстарымен шектелмей, мәдени-рухани жұмыстарды да  қолға алған жөн деп ойлаймын. «Атамекен», «Асылым» ардагер аталар мен аналар ансамбльдері ірі елді мекендерде ауқымды  мәдени іс-шаралар өткізуді  бастап, Бестамақта концерт қойды, — деді облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин.

ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков:

— Жаңатұрмыс — Құдайберген, Ахмет Жұбановтар ауылы, Бұлақ — батыр Әлияның ауылы,  Ырғыздың Шабағаны — Қуандық Шаңғытбаевтың ауылы, Ақсай мен Сүлікті — ақын Нұрпейістің ауылы.  Айта  берсек, әрі қарай кете береді. Ауыл — қазақтың негізі, әдет-ғұрпы, дәстүр-тарихы, шежіресі, ата-баба мекені. Сондықтан да «Ауыл — ел бесігі» жобасын зор ризашылықпен қолдаймыз.

Осы жоба аясында  «Ақтөбе облысының ең үздік ауылы»  байқауын өткізсек деген  ұсыныс бар. Мұны бірнеше бағытта өткізуге болады. Біріншісі — «Ауылдың көркі». Қазақта «Ауылын көріп, азаматын таны» деген сөз бар. Қобдада Қобыландыны жырлаған, 42 жыр білген Айса Байтабынов деген  ақын өткен. Мен осы жырауды әбден зерттегенмін. Айса ақын Қобданың ауылдарын аралағанда:

«Мына тұрған Успен,

Соғысқа дейін өскен,

Соғыстан кейін өшкен, —  деп жырласа,

«Мына тұрған – Астрахань,

Көшесі оның тас-талқан» деп айтып кететін көрінеді. Сонда  колхоз басқармалары, ауыл белсенділері Айса ақын келе жатқанда» көшені тазалаңдар, шарбақтарыңды  дұрыстаңдар» деп әбігерге түседі екен.

Алайда бүгінгі  заманда   ауылда ғасырлардан жалғасып келе жатқан  салт-дәстүр,  ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу қиындау  мәселе болып тұр.  Сырттан келетін әртүрлі әсерлер көбейді, мұның бәрін ауыл азаматтары  елеп-екшеп, жаманды жолатпай, қырағылық көрсетіп отырғандары жөн. Бұл жерде ауылды  басқарып отырған әкімнің  ішкі сүзгісі болуы керек.  Біздер де, қарап отырмай, ауылға жат қылықтар енбеудің амалын қарастыруға тиіспіз.

Екінші мәселе: ауыл ішіндегі моральдық-психологиялық жағдай тұрақты болу керек. Жасыратыны жоқ, бүгінде ауылда небір түрлі нәрсе кездеседі: өсек, ұрлық, жалқаулық,  т.б.  Мұның бәрін қойдыруға болады. Жақсы мен жайсаңдар бас қосқан бір жиынға  Абай көрші ауылдың ұры жігітін шақырыпты. Жұрт «Мына ұрыны неге шақырды? — деп түсінбейді. Тола жұрттың көзінше  Абай ұрыға:

— Сенен бір нәрсе сұрайын деп едім, бересің бе? — дейді.

— Менде не бар? Мен кедеймін, —  дейді ұры. Сонда Абай:

— Ұрлығыңды бер, — депті.  Сөйтіп, Абай әлгі ұрыны қасына көшіріп алып, алдына  екі түйе салып, адам қылыпты. Міне, тентегін  қазақ бұрын осылай тыйған. Бұл  — қазақтың  бұрынғы ақсақалдар институтының көрінісі. Бұрын ел ішінде жақсы жұмыс істеген ақсақалдар институтының бүгінгі  жалғасы ауыл ақсақалдар кеңесі болуы керек. Ел ішіндегі абыройлы, сөзі өтетін азаматтардан құралған ардагерлер кеңесін жақсы жолға қойып,  ақсақалдар жақсы жұмыс істесе, тыйылмайтын тентек жоқ.

Үшіншіден, ауылдың мәдениеті, ауыл тұрғындарының мәдениеті. Бұл — ауыл элитасын тәрбиелеп шығару деген сөз. Абай мұны толық адамды тәрбиелеу дейді. Бұрын ауылдың бес  жақсысы болған. Ол — байы, батыры, биі, ақыны, мырзасы. Біздің заманымызда да ауылдың бес  жақсысы бар. Көрінбей жүрген осы азаматтарды ортаға шығарып, отбасы  тәрбиесінде пайдалансақ, жастар арасындағы  тәртіпсіздіктер, ұрлық, төбелес, пышақтасу деген қылмыстар   тыйылар еді. Сонда ауыл гүлденеді, ауыл жұмысқа қолайлы, тұрмысқа ыңғайлы, тіршілікке  қауіпсіз болады. Меніңше, «Ең үздік ауыл» дегеніміз — осы. Биыл осы талаптарға сай келетін облыстағы үздік ауылды тапсақ, Президент тапсырмасын орындаймыз».

— Біз Елбасы тапсырмасын уақытында орындауымыз керек, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мәжілісті қорытындылай келе.   — Ұры басқа жақтан көшіп келмейді. Ұрлайтын ауылдың ұрысы, төбелесетін де ауылдың баласы. Еркін Құрманбеков жақсы айтты, көп ой салатын дүние айтты. Қазір ауылда  мектеп те, балабақша да, аурухана да, байланыс та бар, бірақ тәртіпсіздер мен еңбек еткісі келмейтін жалқаулар көп. Неге  соларды ақсақалдар кеңесіне салмасқа? Еркін Құрманбеков айтқан әр ауылдың бес жақсысын табу керек, соның бәрін жасауға болады. «Үздік ауыл» байқауы бір жағынан, ауылдарда  бәсекелестікті  дамытады, екіншіден, жұртты  жігерлендіреді, алға ұмтылуға түрткі болады.

Облыс басшысы ауыл балалары үшін Ақтөбе қаласына экскурсия ұйымдастыру керектігін айтты. Сондай-ақ, мектеп оқушыларына Астана, Алматы, Түркістан қалаларына да баруға мүмкіндік жасалуы қажет. Сонда олардың бойында өз Отанына деген мақтаныш сезімі туады.

Баян СӘРСЕМБИНА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*