Басты бет » Әкімдер есебі » 80 үйге ауызсу беріліп, хоккей корты салынған

80 үйге ауызсу беріліп, хоккей корты салынған

Өткен аптада Темір ауданының Қайыңды және Алтықарасу ауылдық округтерінде әкімдердің есеп беру кездесулері өтті. Оған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова, Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағанбетов, Темір аудандық мәслихатының хатшысы Боран Ізбасов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрмахан Өтепов, облыс әкімінің Темір ауданы бойынша қоғамдық кеңесшісі Берік Дәндібаев, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты.

Кездесуде Қайыңды және Алтықарасу ауылдық округтерінің әкімдері Роман Рашев пен  Самат Төлеуов өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасап, халыққа есеп берді.

Ауыл әкімінің айтуынша, өткен жылы жүзеге асқан ірі жобалардың қатарына Қайыңды ауылының орталығы Құмқұдықтағы 80 үйді ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары кіреді. Сондай-ақ округте күн сәулесінен қуат алатын станция орнатылып, түрлі деңгейдегі жәрмеңкелерде халыққа 2 тонна ет және 500 литр сүт өнімдері ұсынылған. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында ауыл тұрғындары 10 миллион теңгеден астам несие алған, 80 дана электр бағанасы ауыстырылып, электр желісіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар 2 гектар жерге ағаш көшеттері егілген.

Ал Алтықарасу ауылдық округінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы кәсіпкерлер «Сыбаға» және «Іскер» бағдарламалары бойынша 75 миллион теңгеге жуық, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында 20 миллион теңгеден астам несие алған. Мал бордақылау алаңдарына алдын ала жоспарланған 225 бас орнына 463 бұқашық тапсырылған, жел және күн сәулесінен қуат алатын екі бірдей станция орнатылып, округ орталығында хоккей корты салынған.

Қорыта айтсақ, өткен жылы екі округте де көптеген игі істер атқарылған. Қос округтің келесі жылға жоспарлаған жұмыстары да аз емес. Атап айтсақ, Қайыңды округіне қарасты Құмқұдық ауылында демеушілердің көмегімен спорт және балалар алаңдарын салу, Бабатай ауылындағы саябақты жандандыру, көше жарықтарына жаңарту жұмыстарын жүргізу, т.б. істерді жүзеге асыру жоспарланған.

Ал Алтықарасу ауылдық округі бойынша биылғы жылы ұзындығы 2,165 шақырымдық автокөлік жолына 69 миллион 219 мың теңгеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, шетелдерден 137 асылтұқымды ірі қара малын сатып алу, 34 гектар суармалы жерге бау-бақша дақылдарын және жеміс-жидек, көкөніс түрлерін егу, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауылды газдандыру, т.б. жұмыстар атқарылмақ.

Кездесулерде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова мен Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағамбетов тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, жеке қабылдаулар жүргізді.

Жиынға қатысқандар екі округ әкімінің есебін «қанағаттанарлық» деп бағалады.

                                                                  Әбдісәли ДӘУЛЕТБАЕВ,

Темір ауданы. 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*