Басты бет » Жаңалықтар » Құқықбұзушылықтар баяндалды, жұмыс жоспары талқыланды

Құқықбұзушылықтар баяндалды, жұмыс жоспары талқыланды

Жаңа жоба

Дүйсенбі күні облыс әкімдігінің ғимаратында «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің алғашқы отырысы өтті.

Оған облыс әкімі аппаратының жетекшісі Нұржауған Қалауов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Расул Медетов, сондай-ақ облыстық басқармалардың басшылары, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Жиында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы, «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жетекшісінің міндетін атқарушы Ақансері Сұлтанбеков

кеңсе мамандары мен қоғам белсенділерінің қатысуымен мемлекеттік қызметтік автокөліктерді жұмыс уақытынан тыс пайдалану деректерін анықтау мақсатында жүргізілген рейдтік жұмыстардың нәтижелері туралы баяндады.

Оның айтуынша, «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі өз жұмысын өткен жылдың 21 желтоқсанынан бастаған. Жобаның міндеті — өңірдегі азаматтардың мемлекеттік және билік институттарына сенімін арттыру, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету. Жоба мемлекеттік биліктің барлық саласында тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған. Бүгінгі күні жобалық кеңсе биылғы жылға арналған жұмыс жоспарын бекітіп, сарапшылық кеңесінің құрамы жасақталған.

Жобалық кеңсе мамандары өткен жылдың 28-30 желтоқсанында мемлекеттік қызметтік автокөліктерді қызмет уақытынан тыс пайдалану деректерін анықтау бойынша рейдтік жұмыстар жүргізді. Нәтижесінде 9 құқықбұзушылық дерек анықталды. Атап айтсақ, 28-29 желтоқсан күндері Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясына, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы сараптау ұлттық орталығының Ақтөбе аумақтық филиалына, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту орталығы Ақтөбе филиалына, сондай-ақ аудан әкімдіктері мен аудандық мәслихат хатшылығына тиесілі автокөліктер назарға ілінді. Аталған құқықбұзушылықтар бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп, жауапты тұлғаларға айыппұл және тәртіптік жаза тағайындалды. Алдағы уақытта аталған бағыттар бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізілетін болады, — деді А.Сұлтанбеков.

Кеңсе жетекшісі өз сөзінде тұрғындар тарапынан облыстағы білім, денсаулық салаларындағы мәселелер бойынша арыз-шағымдардың көп түсінетіндігін жеткізді.

Оның айтуынша, бүгінгі күні тұрғындар балабақшаға кезекке тұру тәртібінде құқықбұзушылықтардың орын алуы, мектептерде ақша жинау деректерінің әлі күнге дейін жойылмауы, сондай-ақ оқушыларды ыстық тамақпен қамтудағы кемшіліктер туралы көп шағымданады.

Жиында облыс әкімі аппаратының жетекшісі Нұржауған Қалауов жобалық кеңсенің негізгі мақсаты мемлекеттік органдардың халықтың алдындағы ашықтығын қамтамасыз ету және өзекті мәселелерді шешуге көмектесу екенін жеткізіп, алдағы уақытта кеңсе мамандары жоспарға сәйкес жұмыс жасайтындығын атап өтті.

— Жобалық кеңсе — қоғамдық негізде жұмыс жасайтын орган. Демек, кеңсе сіздердің жасап жатқан жұмыстарыңыздың басын қосып, үйлестіріп, бағыт-бағдар береді. Сондықтан біз бұл кеңсені тұрғындардан арыз-шағым, өтініштер қабылдайтын орган емес, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында бірлесіп жұмыс жасайтын, шешім қабылдайтын орган деп түсінуіміз керек, — деді аппарат жетекшісі.

Отырыс соңында жоба кеңсесінің жұмыс жоспары талқыланып, жоғарыда аталған мәселелер бойынша облыстық басқарма және мекеме қызметкерлері өз ой-пікірлерін білдірді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*