Басты бет » Мәселе » Жүн мен теріге неге сұраныс жоқ?

Жүн мен теріге неге сұраныс жоқ?

Ақтөбе облысының батысында орналасқан Ойыл ауданы әкімшілік құрамына  22 елді мекеннен құралған 7 ауылдық округті біріктіреді. Аудан тұрғындарының саны — 19 мыңға жуық. Жері шұрайлы мекен төрт түліктің бәрін өсіруге қолайлы. Оның үстіне аудан аумағын орағытып өтіп жатқан кейде аңғары биік, кейде ағысты, кей жерінде сызылып қана ағып жатқан Ойыл өзеніне келіп құятын Ащыойыл, Қиыл, Қайыңды өзендерінің  суын пайдаланып, бау-бақша, арпа, тары, бидай өсіруге әбден болады. Бұрынғыға қарағанда қой, жылқы, түйе өсіретін шаруашылықтарда алға басу болса да, аяқтан тұрып кете алмай жатқан ауыл кәсіпкерлері және жоқ емес. Біз қаңтардың қаңтарылған күнінде  Ойыл топырағындағы бірнеше  ауыл фермерінің қорасына бас сұқтық. Әуелгі аялдаған ауылымыз — Көптоғай. Қамыскөл, Соркөл ауылдарын біріктіретін Көптоғай ауылдық округіндегі ең ірі шаруашылықтардың бірі — «Көптоғай»ЖШС.   

«Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл көсір» деп айтқан бабаларымыз қойдың төлі мен етін ғана емес, жылдың  екі мезгілінде алынатын жүн-терісіне дейін есепке алған. Алайда қой басы көбейсе де, оның жүні мен терісін өткізу қиын шаруаға айналды. Ауыл тұрғындарының ұсынысымен 3-4 жыл бұрын  Көптоғайда  қойдың жүні мен терісін қабылдайтын орын ашылды.

Алайда жүн қабылдау орны ашылса да, жүн мен теріге сұраныс жоқтықтан, жұрттың қорасындағы жүн мен тері баяғысынша өтпей тұр.

Біздің білгеніміз, Ойыл ауданының орталығынан тері илеп, жүн иіретін өндіріс ашуға кәсіпкерлер тәуекел ете алмай отыр.

Тоғайының қалыңдығымен ғана емес,  қойының көптігімен атағы  алысқа жайылған Көптоғай шаруашылығының ізіндегі қалың елден қалған — Көптоғай селолық округіндегі  малдың  жүні  3-4 жылдан бері  үйіле-үйіле тау болуға айналған.

Қойдың жүні мен терісін сатып алуға құлықты кәсіпкерлер жоқ. Алса да тым арзанға сұрайды. Биыл соғымға сойылған ірі қара малының терісі 1000 теңгеге бағаланған. «Осыдан 2-3 жыл бұрын  оның бағасы 4-5 мың теңгені құрайтын еді», — дейді ауыл адамдары. Жаңа сойылған малдың терісін бірден алып кетпесе, кейін өтпейді екен.

«Көптоғай» ЖШС директоры Талғат Бердембаев:

— Бізге қой жүнін алуға әр жақтан келеді. Өткен жылы Шымкенттен сұраныс болып, 1 килограмын 70 теңгеден өткіздік. Ақтөбе облысында да аудандарда жүн-тері жинаумен айналысатын біраз жеке тұлғалар болғанымен, олардың өткізетін жері біреу ғана. Әрі олар  тым  арзан бағаға алғысы келеді.  Көп жағдайда ауыл адамдары олардың бағасына келіспейді де,  ақырында өнім өткізушіге де, сатып алушыға да пайда әкелмей, далада қалады.

Өзімнің жеке ұсынысым — аудан орталығында  көктемгі және күзем жүндерді бөлек жинап сақтайтын, керек жерінде кептіретін қойма сияқты арнайы орын керек. Жазда жүн сұрап келушілер қаптайды. Шірімей, көгермей, жақсы жағдайда сақталған болса, олар  тонналап алып кетуге әзір», — дейді.

— Неге қысқы жүнге сұраныс төмен? — деп сұрадық біз ауыл кәсіпкерінен. Талғат Бердембаев:

— Қысқы жүннің бойында түбіт көп болады. Ал, көктемдегі қой жүні жеңіл, қылшығы аз, өңдеуге қолайлы екен. Біздің білуімізше, шикізат Тараз қаласында жуылып-шайылып, реттеліп, алғашқы өңдеуден өткізіліп, әрі қарай көлікпен  Қытайға жіберіледі. Былтырғы тапсырыс берушілер биылғы көктемде келеміз деп уәде етті. Ол  жақтан биыл да хабар күтеміз, — дейді.

Басқа жақтан да сұраныс болып жатса, Көптоғай ауылдық округіндегі басқа да қожалықтарды, ауыл тұрғындарын да хабарландырмақшы. Әзірше ауыл адамдары жүнді Көптоғай селолық округіндегі жүн-тері қабылдайтын орынға  тапсыруларына болады. Бұл жерде таза шикізат нығыздалып, жиналып қойылады.

Жасыратыны жоқ, ауыл адамдары көктем шыға салысымен  қорасындағы жүн-терісін ауыл сыртына апарып көміп, не өртеп, не шашып кететін жағдайлар көп кездеседі.

Ал, қазір әр үйдің шоланында соғым терілері жатыр. Жұрт 1000 теңгеге беруге құлықсыз. Сөйтеді де, көктем шыға өтпеген терілерді қайтадан қоқысқа лақтырады, не ауыл сыртына апарып өртейді.

 Самат НАРЕГЕЕВ,

                                                                                Көптоғай ауылы,

                                                                                Ойыл ауданы.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*