Басты бет » Экономика » «Бастау» жобасы: 516 бизнес нысаны ашылды

«Бастау» жобасы: 516 бизнес нысаны ашылды

Кәсіпкерлік

Өткен жылы Ақтөбе облысында «Бастау» жобасы бойынша 516 бизнес нысаны ашылды.

Облыс тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру және жаңа кәсіп көздерін ашу мақсатында«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жүзеге асырылған «Бастау» жобасы аясында өткен жылы бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бағдарлама басталған уақыттан бері 3 мыңға жуық тұрғындар кәсіпкерлік оқуларынан өткен. Айта кету керек, «Бастау» жобасы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылып отыр.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілі Асылгүл Айдарованың айтуынша, «Бастау» жобасы жұмыссыз азаматтар мен өзін-өзі қамтып отырған азаматтарды кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға бағытталған. Бизнес шарттарын үйрену курсына қатысу үшін жергілікті жұмыспен қамту орталықтарына өтініш білдіріп, тест сұрақтарынан өту керек. Оқу 20 күн аралығында жүргізіледі және маркетинг, салық, заң талаптарын қамтитын 12 модульден тұрады. Былтыр 2231 адам оқып, олардың 516-сы бизнес ашу үшін 1 млрд 300 млн 650 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. «Бастау» бойынша кәсіп ашқандар бір жыл бойы Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қолдауына жүгіне алады. Сонымен қатар, жоба оқуын бітірген түлектер 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік арнайы грантқа қол жеткізе алады.

— «Бастау» кәсіпкерлік қабілетті анықтап, іскерлікке баулиды. Бизнеспен айналысқысы келетін азаматтар бағдарламаға қатысуға өтінім бере алады. Жоба биыл да жалғасады. Кәсіпкерлік сабақтарына қатысушылар тегін оқиды және осы уақыт аралығында тыңдаушыларға шәкіртақы қарастырылған. Былтыр «Бастау» жобасының 6 кезеңі өткізіліп, тыңдаушылардың 400-ге жуығы облыстық комиссия алдында бизнес-жоспарларын сәтті қорғады, — дейді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жаңа-айым Келбатырова.

Облыста«Бастау» жобасы арқылы жаңа кәсіп түрлері қолға алынып жатыр. Айталық, Қобда ауданының тұрғыны Александр Красильников ара шаруашылығын іске қосып, кәсібін дөңгелентіп отыр. Кәсіпкер сүйікті ісін табысты бизнеске айналдыру жолдарын «Бастау» жобасынан үйренгенін айтады. Бүгінде кәсіпкердің омарталарында 200 мың ара бар. Оның шаруашылығының өнімдеріне тапсырыстар көп түседі. Сондай-ақ Темір ауданы бойынша қаз шаруашылығы, макарон, кондитер цехтары, жылыжай, Мәртөк ауданында ашылған токарь цехы, Ырғыз, Ойыл аудандарындағы жиһаз өндірістері, Қарғалыдағы кемпинг құрылысы мен Мәртөк ауданының тұрғыны айналысып отырған түйе шаруашылығы сияқты«Бастау» тыңдаушыларының жүзеге асырған жобаларын облыстағы перспективті бизнес нысандарына жатқызуға болады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*