Басты бет » Басты жаңалықтар » Мектеп асханаларына мониторинг жүргізу жалғасуда

Мектеп асханаларына мониторинг жүргізу жалғасуда

«Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының бастамасымен «Мектеп асханалары» партиялық жобасы аясында Ақтөбе қаласындағы бірнеше орта мектепте мониторинг жүргізілді.  Асханалардағы өнімнің сапасы партиялықтардың көңілінен шыққанымен, азды-кем ескертулер де болды.

Ақтөбеде «Мектеп асханалары» партиялық жобасы аясында оқушылардың тамақтану сапасына жүйелі мониторинг жүргізу және тамақтандыру мәселесін тиімді ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдау мақсатында құрылған ведомствоаралық сараптама тобы бекітілген кесте бойынша өз жұмысын бастады. Жоспар бойынша наурыз айына дейін Ақтөбедегі 50 мектепке мониторинг жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл тек қала мектептерінде ғана емес, аудан мектептерінде де жүзеге аспақ. Мониторинг жүргізудің негізгі мақсаты — балалардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету. Алдымен, бір типті өнімдерден бас тартып, мектеп асханасының мәзірін түрлендіруге мән бергеніміз абзал, — дейді партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дариға Исмағамбетова.

Комиссия құрамында  партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарынан өзге, білім беру, денсаулық сақтау органдарының, «Атамекен» ҰКП өкілдері және мәслихат депутаттары мен ата-аналар бар.

Сараптама тобы өз жұмысын №56 орта мектептен бастады. Бүгінгі таңда 1720 бала білім алатын орта мектепте 2015 жылдан бастап ыстық тамақ тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан 72 оқушыға тегін тамақ беріледі. Топ мүшелері мектептің бракеражды комиссиясының жұмысымен танысып, оқушыларды тамақтандыру құжаттарын қарап шыққан соң, №51 мектеп-гимназияға барды.

Облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Тәттігүл Талаеваның айтуынша, бұл мектепте де санитарлық нормалар мен білім беру мекемелеріндегі ережелердің сақталуы талапқа сай. Мектептегі асхана қызметкерлерінің санитарлық кітапшалары бар. Тағамдар мен азық-түлік өнімдерінің сапасы, сақталу мерзімі дұрыс. Балалардың денсаулығына, тамақтануына 5 жылдық мониторинг жүргізілген. Тамақтану мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін видеороликтері де бар.

— Ыстық тамақ пен өнімдер бойынша қызмет көрсетудің өзіндік стандарттары бар. Біз мектептердегі ас мәзірін, құжаттамаларды тексердік. Дені сау ұрпақ қалыптасу үшін балалардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл ретте тамақтандыру стандарттарының жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау жүргізудің берері мол болмақ, — дейді Тәттігүл Талаева.

Сондай-ақ комиссия мүшелері №20 және №34 мектептерде болып, мектептегі тағам үлгілерінің бірыңғай тамақтану стандарттарына сәйкестігіне талдау жасап, азық-түлік тауарлары бағаларының қолжетімді болуын және қойылатын талаптар мен шарттарды назарға алды.

Айта кетейік, облыс мектептерінің  95 пайызы ыстық тамақпен қамтылған.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*