Басты бет » Басты жаңалықтар » Бюджет шығыны қатаң қадағаланады

Бюджет шығыны қатаң қадағаланады

Бердібек Сапарбаев жаңа нысандарды салу кезінде бюджет шығынын қадағалауды тапсырды.

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында облыстың соңғы төрт жылда бюджет қаражаты есебінен әзірленген жобалық-сметалық құжаттамаларының тиімділігіне қатысты мәселелер қаралды.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметі бойынша облыста есептік кезең ішінде жаңа нысандардың құрылысы үшін 1120 жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Қазіргі таңда әзірленген жобалық-сметалық құжаттамалардың 486-ы немесе 43,4 пайызы жүзеге асырылған, 12 жобалық-сметалық құжаттаманың әрекет ету мерзімі өтіп кеткен, яғни бюджет қаржысы тиімді пайдаланылмаған.

Басқарманың талдауына сәйкес, жобалық-сметалық құжаттамалардың тиімсіздігінің негізгі проблемалары — нақты елді мекендердің әлеуеті мен көші-қонын, нақты тұтыну сараптамаларын, басымдылықтарын есепке алмай  әзірленуінде.

Мәселен, 2016 жылы Әйтеке би ауданының Сарыбұлақ ауылында алпыс орындық мектеп салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу қолға алынған. Алайда бұл елді мекенде бұрыннан алпыс орындық мектеп бар болатын, ол жерде 29 бала оқып жатқан. Сонымен қатар бұл ауылда 200-ден сәл ғана  артық адам тұратын және соңғы бес жылда халықтың саны өспеген. Осыған ұқсас жағдай Қобда ауданында да болды. Мұнда 2017 жылы Қаракемер ауылында мектеп салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Бірақ, сол кезде ауылда жұмыс жасап тұрған 120 орындық мектепте небәрі 22 оқушы оқып, қуатының  18 пайызы ғана пайдаланылды.

Жүзеге асырылып жатқан бюджеттік жобаларды талдау кезінде анықталған тағы бір мәселе — жобалық-сметалық құжаттамаға негізсіз шығындардың қосылуымен байланысты құрылыс-монтаждау жұмыстарының қымбаттауы. Мысалға, бүгінде облыстың аудан орталықтарында алты дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынуда. Олардың жобалық қуаттылықтары бірдей – 160 орындық, алайда құрылыс құны 250 миллионнан 430 миллион теңгеге дейін. Мұндай баға алшақтығының негізгі себебі — ғимараттар мен сол маңдағы абаттандыруға жататын аумақтар алаңдарының, жабдықтарға кететін шығындардың, қазандықтар құрылысының айырмашылығында.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев  өкілетті мемлекеттік органдарды жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуге өтінім беру және қарау кезінде бақылауды нашарлатқаны  үшін қатаң сынға алды.

— Өкінішке қарай менің орынбасарларым да, жобаға тапсырыс беретін басқармалар мен жобалық  мекемелердің  басшылары да жұмысқа кірісер кезде «бұл жобаның ол елді мекенге керегі бар ма, жоқ па?» деп ойланбайды. Қаржыны үнемдеу жағын ескермейді. Бұл мәселені бірінші жыл көтеріп отырған жоқпыз,  оған түйін жасайтын кез жетті. Өз міндеттерін  атқара алмайтындар, орындарын басқаларға босатулары  керек», — деді облыс әкімі.

Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, қолда бар және әзірленетін жаңа жобалық-сметалық құжаттамалардың жүзеге асырылуына бақылау  жасауды қатайту үшін экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы жанынан жобалау бөлімі ашылатын болады.

Мұнымен бірге, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне өз бюджетінің есебінен жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу кезінде салалық басқармалардың келісімін және облыстық бюджет комиссиясының мақұлдауын алдын ала алу, сонымен қатар, жобаның басымдылығын, елді мекендердің әлеуеті мен бюджет мүмкіндігін ескеру тапсырылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*