Басты бет » Ақтөбе — 150 » Димаш Құдайберген Ақтөбенің 150 жылдығына арнап концерт қояды

Димаш Құдайберген Ақтөбенің 150 жылдығына арнап концерт қояды

150 жылдық той аясында өткізілетін тағы бір шара — Димаш Құдайбергеннің концерті. Бұл облыс әкімі Б.Сапарбаевтың басшылығымен өткізілген жиында айтылды. 

«Ең бастысы, бұл — кейін қала тұрғындары мен қонақтарына осы күнді еске салатын, облыс орталығының әрі қарай дамуына қызмет ететін жаңа әлеуметтік және өндірістік нысандардың ашылуы. Ешбір ақтөбелік бұл үлкен шарадан тыс қалмауы тиіс», — деді Бердібек Сапарбаев.

Той аясында кем дегенде жиырма өнеркәсіп нысанын, алты көкөніс қоймасы мен жылыжай, 28 қызмет көрсету саласының нысандарын ашу жоспарланып отыр. 3100-ден аса пәтерлер, жаңа мектептер мен балабақшалар, саябақтар мен гүл бақтары пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ, Ақтөбеде Бөкенбай батырға, Есет батыр мен Ақтөбе кеңесінің бірінші төрағасы Василий Зинченкоға ескерткіштер ашылады. Ақтөбенің 150 жылдығына арнап монумент, жиырма кішігірім сәулеттік пішіндер тұрғызу, мереке эмблемасы — логотипті әзірлеу, қаланың тарихы мен дамуы жайлы деректі фильм түсіру жұмыстары басталып кетті. Сол күні қайырымдылық шараларына да ерекше назар аударылмақ.

Облыс әкімі Б.Сапарбаев биыл жыл бойы халықаралық, республикалық, өңірлік және облыстық деңгейдегі көптеген шаралар өтетінін айтты. Өңірдің 12 ауданы облыс орталығының 150 жылдық тойына арнаған сыйлығы ретінде жаңа әлеуметтік нысандарды салуға және абаттандыруға ниетті. Мерекелік жоспар мұнымен шектелмейді, ол одан әрі жетілдіріле түспек.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*