Басты бет » Тарих » Сартай Батыр ортамызға осылай оралған еді

Сартай Батыр ортамызға осылай оралған еді

Әшейінде бір-бірімен қанша айтысып, тартысса да әлем ойшылдары түгел пәтуаға келген бір қағида бар. Ол қағида бойынша «Ақиқат» және «Әділет» деп аталатын ең қасиетті қос ұғымның екеуі де өзін-өзі қорғауға дәрменсіз, қашанда өздерін әлдекімдердің өтіріктен, жаладан қорғауына зәру боп тұратын әрі әлжуаз, әрі нәзік қасиеттер екен. Осы күні есімі екі қазақтың біріне мағлұмат Сартай батыр Байжанұлы туралы айтқанда, әлем ойшылдарының әлгі ой-пәтуасы есіме  түсе беретін болды. Өйткені Сартай бабамыз туралы ақиқатты, әділсөзді айту қашан тәуелсіз ел атанғанша еш мүмкін болмады. Оның ең басты себебіне сәл кейінірек тоқталайық. Бабамыз туралы ақиқаттың айтылуына ең алғаш қозғаушы болған адам белгілі журналист, әсіресе, еліміздің арғы-бергі тарихы туралы зерттеулерден мол хабары бар марқұм Өмірзақ Жолымбетов еді. Алғаш танысқанымызда менің «Жұлдыз» журналында жарияланған өлеңдерімді сүйсініп оқығанын айтып тұрды да: «Сен Нұрмағамбет ақынды білесің бе?» деді. Мен ол кісінің есімін әкем Сахидан естігенімді — Ашубаймен айтысын және Ахметоллаға хат деген өлеңі бар екенінен ғана хабардар екенімді айттым. Сартай батыр туралы жыр жазған Нұрмағамбет Қосжанұлы екенін алғаш рет сол Өмірзақ Жолымбетов ағамнан естідім. Ол кезде мен «Санат» баспасында редактор боп қызмет істейтінмін. Бір күні Өмекең келді. Әңгіме тағы да Сартай батыр туралы Нұрмағамбет Қосжановтың дастанын қайтсек шығарамызға кеп тірелді. Әрі ойлап, бері ойлап, не болса да жаны  руханиятқа жақын жүретін Иманғали Тасмағамбетовке хат жазуды ұйғардық. Хат мазмұны Сартай батырдың 16 жасында өзі құралпы мың баладан жасақ құрып, 1726-28 жылдары Әбілқайырдың әскеріне қосылып ел қорғағаны, өңкей өрімтал жас баладан мың адам құралып, ел қорғау деген ешбір елдің тарихында болмағаны, тіпті А.Фадеевтің «Жас гвардия» романындағы жастардың өзі көркем шығарманың ойдан алынған кейіпкері екені, осы Сартай батырды жазамын деп ақын Нұрмағамбет әуелі бір рет түрмеге жабылып, одан екінші рет әлдебіреулердің көрсетуімен тағы да ұсталып, сол жолы атылып кеткені,  бұл дастанның әлі де жарыққа шықпай жатуының бір себебі —Сартай батыр кейін Ресей отаршылдығына қарсы күрескені, тіпті Хиуаға бет алып бара жатқан полковник Гарбердің отрядын талқандағаны және басқа да деректер қатты кедергі болып отырғанын баса көрсеттік. Өз басым Иманғали Тасмағамбетовтен келген жауапты оқи алмадым. Бірақ көп ұзамай баспа директоры марқұм С.Әбдірайымов мені «Сартай батыр» дастанына редактор қып бекітті. Сөйтіп, бұл кітап 1996 жылы жарық көрді. Сол кітапқа менің қосқан үлесім Нұрмағамбет Қосжанұлы мен Ашубайдың айтысы туралы және Ахметолла құрдасына хаты туралы мағлұмат қана болды. Сөйтіп, Сартай батырды Нұрмағамбет (өзі Бөлебай баласымын дейді) дастан қып жазып атылып кетсе, бұл шайырдың да, Сартай батыр бабамыздың да атын бүгінгі ұрпаққа алғаш паш еткен журналист, зерттеуші  Өмірзақ Жолымбетов болатын. Кейін өз басым осы Сартай батыр туралы бір-екі рет мақала жазып баспасөзде жарияладым. «Сартай батырдың зары» деген ұзақ толғауымды өлеңдер жинағыма енгіздім. Осы толғау өлеңім кейін Астанадағы Әзірет Сұлтан мешіті жариялаған бәйгеде жүлде алды. Кейін сол мақалаларымды қайталағандай етіп бір азаматтар мақала жазыпты. Оны өзім редакциялап, жарық көруіне көмектестім. Ойым — әйтеуір Сартай есімін жұрт біле берсін деген еді.

Сартай батыр дастаны шыққасын арада біраз уақыт өткенде  бұл тарихтан мүлде бейхабар адамдар «Жау жүрек мың бала» фильмін түсіріп жатыр деген хабарды естіп сол кездегі «Қазақфильм» директоры Ермек Аманшаев ініме бардым. Фильм сюжеті тарихи уақиғаға қайшы келетінін, Сартай батыр 15-16 жасында емес 90-нан асып,  би болып өмірден өткенін, кейіннен Әбілқайырмен бірге Ресейге қарсы күрескені туралы деректерді айтып, дастанның бір данасын қолына беріп кеттім. Амал не, фильмде Сартай 15-16 жасында «өлтірілді». Ең сорақысы, ұлтымыздың қасиетті үрдістеріне қайшы келетін, бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне зор залалын тигізетін тұсы жап-жас Зере деген қыз ата-анасының оң жағында отырып Сартайдан жүкті болып қалатын жері де сол күйінде қалды. Фильм түсірушілердің ұлттық үрдіс-салттардан мүлдем бейхабарлығы сондай фильмнің соңында қарны шермиген сол жүкті қыз үй тігіп, шаңырақ көтеріп жатады. Осы бір надандық көріністі де сынап, фильмнің ұлттық болмысымызға өте кереғар екенін көрсетіп, баспасөзге тағы да мақала жарияладым. Фильмдегі осы өрескелдіктер туралы белгілі ақсақал жазушымызға да айтып едім, ол кісінің бұған араласуға құлқы бола қоймады.

Міне, Сартай бабамыз  есімі бүгінгі ұрпағына осылай оралған еді. Осыдан бір жыл бұрын шалқарлық кәсіпкер,  жүрегі қашанда ұлтым, қазағым деп соғатыны әр лебізінен көрініп тұратын сырбаз азамат Абдул-Насыр (Нәсен) Қожаниязов Ақтөбеде Сартай Байжанұлының есіміне көше беру және ол құрған  жасаққа ескерткіш қою туралы бастама көтерді. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа хат жазылды, ол хатты қазақтың Алматыда тұратын аты әлемге әйгілі жазушыларына көрсеттім, олар түгел қуаттап, қуана-қуана қол қойды. Бұл ретте облыс әкімі Бердібек Машбекұлының осынау игілікті іске қатты ризашылығын білдіріп, мақұлдауының да көп септігі тигенін атап көрсету артық болмас. Оның бержағында қала әкімі Ілияс Испанов, қала әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова осы істің ілгері басуына жас балаша қуанып атсалысқаны да өз алдына бөлек әңгіме.

Бұл жағдаятты қысқаша да болса жұртшылыққа баяндап беруімнің тағы бір себебіне тоқтала кетсек артық болмас. Жақында  Шалқар қаласына, одан Ақтөбеге бардым. Сонда біреулер Сартай батыр туралы мәселені қозғап, осы іске түрткі болған мен едім деген сыңайда әңгіме өрбітіп жүргенін естідім. Бұл жерде мен өзімнің болар-болмас бітірген шаруаларымды айтқалы отырған жоқпын. Мәселе мынада: Қазір елімізде Ресейдің қамыты мойнымыздан алынбаған кеңес заманында айтуға тыйым салынған ақиқаттар ашық айтылып, осынау ұлы даламызды жат жұрттың табанына түсірмей, ұрпағына мирас қып қалдыру үшін қаны мен терін қатар төккен, қажет болса жанын садаға еткен ата-бабаларымыздың рухын ояту қызу қолға алынды. Сартай батыр да сол аруақты бабаларымыздың бірі десек, оның отансүйгіштік, ерлік ісін  әр лебізің аңдулы Кеңес заманында-ақ жыр-дастан қып жазғаны үшін 40-тан енді асқанда атылып кеткен дүлдүл шайыр Нұрмағамбет Қосжанов (өзі «мен Бөлебайдың баласы» депті) болатын. Сол дастанды мен қызмет істейтін «Санат» баспасына әкеп тапсырып, жоғарғы жаққа хат жазып, зор еңбек сіңірген журналист әрі тарихтан мол хабары бар аңқылдаған ақдомбыра ағамыз, спортшы-зілтемірші Өмірзақ Жолымбетов болатын. Бүгінде сол Нұрмағамбет шайырдың да, Өмірзақ Жолымбетовтің да туып-өскен жерінде олардың есімінде көше не ескерткіш бар ма, жоқ па білмеймін. Сондықтан Сартай бабамыздың тарихы, оны бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп ұсыну сияқты сауабы мол істі айтқанда осы қос аруақтың есімі қатар аталуы тиіс.

 Мырзан КЕНЖЕБАЙ ақын,

ҚР Мәдениет қайраткері.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*