Басты бет » Басты жаңалықтар » Түбегейлі бетбұрыс

Түбегейлі бетбұрыс

Қаланың батыс бетінде, ферроқорытпа зауыты аумағында өткен жылы  салынған  ұзындығы 67 метрге жуық жол өткелі бүгінде қаламыздың визиттік карточкасына айналды. Бұл көпір қаланы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізімен жалғастырады. Бұған дейін көп қиындық келтірген бұл тұста, қазір кірме теміржолдардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, жиі болатын автокөліктер кептелісі жойылды.

Осы жаңа көпірмен Ақтөбе-Мәртөк асфальт жолына түскесін, шамалыдан кейін, оң қаптал тұстан «Ақтөбе» индустриялық аймағы көрінеді. Үлкен аумақты алып жатқан бұл жердің ілгеріректе қандай мақсатпен қоршалғаны жұртшылыққа белгілі.  Алайда мұндағы  жұмыс ұзақ жылдар бөгеліп тұрды. Тек  соңғы үш жылдың ішінде ғана шын мәніндегі нағыз индустриялық аймаққа айналды. Әсіресе, индустриялық аймақ үшін өткен жылдың бергендері көп. «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік кооперациясы басшыларының айтуынша, мұнда бүгінде 74 миллиард теңге көлеміндегі 20 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобаларға отандық кәсіпкерлерден бөлек, алты шетел инвесторы да қаржы салған.

Тек өткен жылы осында 4 өндіріс орны пайдалануға берілді. Олар қазір жұмыс істеп, өз өнімдерін шығарып жатыр. Соның бірі — өткен жылғы Ақтөбеге сапары кезінде Елбасы ашқан «Фаэтон» компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің А класындағы логистикалық орталығы.

Қазірдің өзінде индустриялық аймақ алаңының 71 пайызы игерілген. Ақтөбенің тауар шығаратын бірқатар өндірістік кәсіпорындары осында шоғырланған. Мәселен,  резиналық қаптамалар мен жамылғылар шығаратын «Талан технолоджи», «Жедель плюс», «Поливест», басқа да көптеген ірілі-ұсақты кәсіпорындар көпшілікке өз өнімдерін ұсынуда.

Жалпы Ақтөбеден шығатын тауарлар қазір аз емес. Оның түрлері өткен жылдың өзінде біраз молықты. Полиэтилен құбырлар, шойын бұйымдар, жиһаздар мен есік-терезелер, электр жабдықтары, жылу сақтағыш құбырлар, кірпіштің түр-түрі, темір бетон бұйымдары, арнаулы киімдер, бояу, әрлеу дүниелері, өзге де толып жатқан тауарлар мен құрылыс бұйымдары бүгінде Ақтөбенің өз кәсіпорындарынан шығады. Тіпті күні кешеге дейін сырттан әкелінген, өңірде бұрын болмаған өндірістік тауарлардың түрлері бүгінде өзімізден табылады.  Қазір қарап отырсақ,  өндіріс пен құрылысқа қажетті сырттан тасымалданатын тауарлардың  түрлері санаулы ғана.

Сондықтан да  өндірістік компанияларға, халыққа қызмет көрсететін өзге де орындарға облыстық әкімдік тарапынан  міндетті түрде жергілікті тауарларды пайдалануға  тапсырыстар берілген. Осы қойылған талаптар бойынша  өңірдегі барлық кәсіпорындар бірінші кезекте жергілікті жерде шығарылған өнімдерді, ол болмаған жағдайда елімізде өндірілген тауарларды пайдалануға тиіс. Ал қазақстандық тауардың түрі мүлде қолда болмаған кезде шетелдік бұйымдарды кәдеге жарата алады.

Қазір «Ақтөбе» индустриялық аймағындағы және қаладағы құрылыстар осы талапты қатаң сақтап отыр. Мәселен, аталған индустриялық аймақта жергілікті тауарларды пайдалана отырып, тек өткен жылдың соңғы айларында 6 объектінің  құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Бұл құрылыстар жаңа жылдың алғашқы тоқсанында іске қосылмақ. Соның бірі — «Зерде Керамика Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып жатқан кәсіпорын.  Италялық технологияны пайдаланатын бұл кәсіпорын керамограниттен жасалған бұйымдар мен керамикалық плиталар шығаратын болады. Өзінің өнімдерін елдің ішкі және сыртқы рыногына ұсынатын бұл жаңа кәсіпорынның бағалы өнімдерін шығаруға қажетті шикізат пен басқа да материалдар негізінен өз жерімізден табылған.

Негізінен қажетті  тауарлар мен керекті бұйымдардың облыс  аумағынан  табылатынын  ескеріп,  түрлі құрылыс жұмыстарын жүргізетін ірі компаниялар жылдың басында әріптестік орнатуға, мемлекеттік сатып алуда жергілікті мазмұнды пайдалануға бағыт ұстауға уағдаласып, меморандумға қол қойды. Олардың қатарында «Бабәк-құрылыс», «Кварц-Спецсервис», «Спарта и Ко», «Фагот и К», «Би-М-72» сынды серіктестіктер бар. Тек осы индустриялық аймақтағы құрылыс компанияларының өзіне 2019 жылы алдын ала есеп бойынша 3,3 миллион дана кірпіш, 2 мың 700 текше метр темір бетон бұйымдары, 36,7 шақырым полиэтилен, 8 шақырым темір құбырлар, 319 тонна металл прокат, 3,8 мың шаршы метр керамикалық плита, өте үлкен мөлшерде майлау, әрлеу  бұйымдары керек екен. Бұған тұрғын үй құрылысын жүргізетін  комбинаттың жыл ішінде пайдаланатын құрылысқа қажетті  бұйымдарын қоссақ, бұл тізім ұлғая түспек. Бұл облыстағы ірі құрылыс компанияларының жергілікті жерде шығатын өнімдер мен тауарларды пайдалануға түбегейлі көшкенін көрсетеді.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*