Басты бет » Білім » Отыз жылдық белес

Отыз жылдық белес

Шалқар қаласындағы №6 орта мектеп өзінің 30 жылдық белесін атап өтті. Бұл білім ордасы сексенінші жылдардың соңында Батыс Қазақстан теміржолы оқу бөлімінің бастығы Бекет Есенжоловтың ұсыныс-қолдауымен пайдалануға беріліп еді. Осы жылдар ішінде мектепті көптеген түлектер бітірді. Алғашқы директор С.Саухановтан бастап, Ә.Есбосынов, Ұ.Нияз, Ш.Мұқановадай білікті басшылар басқарды. Қазіргі таңда мектеп Әлия Оспанованың басшылығымен жұмыс жасайды.

Мектеп ұжымы өзінің мерейтойына үлкен дайындықпен келді. Атаулы мерекеге орай Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебі және аудандық оқушылар сарайының өнерпаздары өнерлерін тарту етті. Серғазы Сауханов атындағы аудандық шахмат турнирі, Әкімжан Есбосынов атындағы қалалық физика пәнінен сайыс, «Жыл кабинеті» байқауы, бастауыш сыныптардағы «30 жылдыққа — 30 гүл» акциясы секілді шаралардың барлығы 30 жылдыққа арналды. Пән кабинеттері дидактикалық материалдармен толықты.

«Cамғатқан сан қыранды алтын ұя» тақырыбында өткізілген мерейлі мерекеге өздерінің саналы ғұмырын осы мектептің өсіп-өркендеуіне арналған, бүгінде зейнет жасына келген бір топ  ардагер-ұстаздар, елдің қалаулысына айналған  азаматтар мен мектеп  түлектері шақырылды. Мерекелік бағдарламаға сәйкес шығарылған кітаптың тұсаукесер рәсімі өткізілді. Қуаныш Табаналы мен Рахила Айтмағанбетова игі тілектерін арнады. «Ардагерлер аллеясына» 15 тал егілді. «Дара жол», «Сыр сұхбат», «Мамандығым — мақтанышым» атты шаралар өткізілді.

Мерейтой қарсаңындағы игілікті істердің бірегейі — мектеп гимнінің  дүниеге келуі еді. Шара мектеп мұғалімдерінен құрылған хор ұжымының жергілікті ақын-сазгер Сайлаубек Елмановтың сөзі мен әніне жазылған мектеп  гимнін орындауымен аяқталды.

Р.ҚАРАБАСОВА,

№6 орта мектептің мұғалімі.

Шалқар ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*