Басты бет » Білім » Жүйелі бақылау — білім сапасының негізі

Жүйелі бақылау — білім сапасының негізі

«Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын.

Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен  тыс функциялардан арашалауға тиіс».

 Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.НАЗАРБАЕВ.

Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаменті өткен жылы білім беру мекемелеріне 86 тексеру жүргізді. Оның 50-і жоспарлы жұмыс болса, қалғаны арыз-шағымдар негізінде тексерілген. Қорытындысында5 миллион 56 мың 512,5 теңге айыппұл салынды. Жыл бойы ата-аналардан, педагогтардан 47 арыз түскен. Олар бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізіліп, тиісті жауаптар берілген. Біз Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаевамен білім сапасын көтеру мақсатында тындырылған жұмыстар туралы әңгімелескен едік

МАМАНДЫҒЫНА САЙ КЕЛМЕЙТІН МАМАНДАР НЕГЕ КӨП?

— Өткен жылы біздің департамент қызметкерлері біраз жұмысты тиянақты тындырды. Департаменттің негізгі функциясы — мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру. Яғни мектепке дейінгі, орта және кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының білім саласындағы заңнамаларды сақтауын бақылау. Жыл бойы 86 тексеру шарасы жүргізілді. Қорытындысында білім беру ұйымдарына жалпы құны 5 миллион 56 мың 512,5 теңге айыппұл салынды. Ата-аналар мен мұғалімдерден жалпы 47 арыз түсті. Мұғалімдер сағаттың  дұрыс бөлінбейтінін, мектеп басшысының педагогтерді алалайтынын айтып шағымданса, ал ата-аналар тарапынан мұғалімдерге, мектеп әкімшіліктеріне шағымдар айтылады. Білім беру мекемелерінің басшыларына, жалпы педагогтарға қойылатын талаптардың бірі —кәсіби жоғары деңгей, білімділікпен қатар адалдық және адамгершілік. Осы қасиеттер  болмаса, жоғарыдағыдай мазмұндағы арыздар болады.

— Тексеру барысында жиі кездесетін заңбұзушылықтар туралы айтсаңыз?

— Білім беру ұйымдарында жиі кездесетін заңбұзушылық —  мамандығы сай келмейтін мамандардың жұмыс жасауына жол беру. Бұл  «Білім туралы» Заң талаптарын бұзушылық болып табылады. Ол үшін білім беру ұйымдарының басшылары тікелей жауапты, сол себепті лауазымды тұлғаларға әкімшілік айыппұл салынып, тиісті шаралар қолданылды.

Тексеру барысында жиі кездесетін заңбұзушылықтың тағы бірі — міндетті білім беру стандарттарының бұзылуы. Яғни сағаттар дұрыс бөлінбейді, жоспарлар үлгілік оқу жоспарларына сәйкес келмей жатады. Сондай-ақ, әсіресе, шағын жинақты мектептерде материалдық-техникалық база төмен және ғимараттар талапқа сай келмейді.

Айта кету керек, облыс әкімдігінің, Білім және ғылыми министрлігінің тарапынан мектептер салу, балабақшалар ашу, материалдық-техникалық базаны нығайту бойынша көп жұмыстар атқарылып жатыр. Соның өзінде ауылдардағы шағын жинақты мектептерде  шешімін таппаған мәселелер бар. Жаңа модификациялық кабинеттердің жабдықталмауы, спорттық құралдардың жетіспеуі, компьютерлердің ескіруі, интернет жылдамдығының төмендігі сияқты мәселелер кездеседі. Бұлардың бәрі жоспарлы түрде шешіліп жатыр. Былтырминистрлік тарапынан «Орта білімді жаңғырту» жобасы іске қосылды. Жобада дүниежүзілік банктерден қаражат ала отырып, ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықты жою мақсатында ауыл мектептерінің материалдық базасын нығайту, ауыл мұғалімдерінің біліктілік деңгейін көтеру мәселелерін шешу қарастырылған. Сондай-ақ, жоба бойынша облыс мектептерін компьютермен қамтамасыз ету жұмыстары басталып та кетті. Сондықтан бұл мәселе кезең-кезеңмен шешіледі деп есептейміз.

БОЛАШАҒЫ ЖОҚ МЕКТЕПТЕР. ОЛАР ҚАНДАЙ МЕКТЕПТЕР?

— Шағын жинақты мектептердің мәселесі туралы не айтасыз? Заңбұзушылықтардың дені осы мектептердің үлесінде ме?

— Облыста 403 мектеп бар. Оның 202-сі — шағын жинақты мектеп. Осы 202 шағын жинақты мектептің 59-ының (29 пайызы) бала саны нормативке сәйкес келмейді. Яғни бұл мектептердің болашағы жоқ. Шағын жинақты мектептердегі ең негізгі мәселе — мамандардың жетіспеуі. Сағат саны аз болғандықтан мамандар мұндай мектептерге бара бермейді. Маман болмаған соң, білім сапасының деңгейі қандай болатыны түсінікті. Сол себепті, нормативке сай келмейтін шағын жинақты мектепте баласы оқитын әрбір ата-ана баласының болашағына алаң болуы тиіс. Олар барлық жағдай жасалған, кәсіби мамандармен қамтылған мектептерді таңдағаны дұрыс. Аудан орталықтарында заман талабына сай жабдықталған мектеп-интернаттар бой көтеріп жатыр. Қазір оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстарды  ата-аналар дұрыс түсініп, қолдауы керек. Мәселе — бюджет қаражатын үнемдеу емес, оқушының сапалы білім алуына жағдай жасау.

ДИРЕКТОР БОЛУҒА КІМ ЛАЙЫҚ?

— Елбасы өз Жолдауында «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасын әзірлеуді тапсырған болатын. Жобаға енгізу үшін қандай ұсыныстар берілді?

— Бұл заң жобасы қызу талқылануда. Негізінен оқу жүктемесін 14-16 сағатқа дейін азайту, зейнетке шығатын жасты үздіксіз  педагогикалық өтіліне қарай төмендету, мұғалімдерді мемлекеттік қызметшілерге теңестіру, педагогтардың сапалы қызмет етуіне жағдай жасау туралы ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар педагогтардың жауапкершіліктері мен міндеттері назардан тыс қалмауы тиіс.

— Мектеп директорларын тағайындау қағидасына өзгертулер енгізілді. Осы туралы айтсаңыз? Бір кездері санаты жоқ мұғалім де директорлық қызмет атқарды. Директор болуға кімдер лайық?

— Директорлар корпусына да талдау жасадық. Мектеп директоры болуы үшін үміткер қарапайым мұғалімнен бастап, директордың орынбасарына дейінгі сатыдан өтуі тиіс. Сондай-ақ, бірінші немесе жоғары санатты болуы керек. Рас, санаты жоқ та мұғалімдер директор болды. Дегенмен, қазір санатсыз директорлар жоқ. ІІ санатты директорлар бар.  Директорларды бірден тағайындай салуға болмайды, ол заңбұзушылық болып табылады. Қағидаға сәйкес  4 кезеңнен тұратын конкурс арқылы тағайындалуы қажет. Білім беру мекемелері басшыларына қойылатын талаптың жоғарылауы — сапалы білім мен саналы тәрбие беруге бағытталған шаралардың бірі.

МЕКЕМЕ ТЕКСЕРІЛЕДІ

— Мемлекет басшысы Жолдауында педагогтардың жүктемесін азайтуды, жөнсіз тексерістер мен міндеттен  тыс функцияларды болдырмауды тапсырғаны белгілі. Бұл ретте қандай жұмыстар қолға алынып жатыр?

— Елбасы тапсырмасына байланысты тексеру жұмыстары кезінде сүйенетін Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне өзгерістер енгізілді. Бұған дейінгі тексерулер ішінара тексеру деп аталса,  2019 жылдан бастап профилактикалық бақылау деп аталады. Ішінара тексерулер кезінде заңбұзушылықтар анықталса, тексеру аяқталысымен хаттамалар толтырылып, әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынатын. Нұсқама берілетін. Нұсқамада бұзушылықты жою үшін белгілі бір уақыт берілетін. Уақыт өткеннен кейін қайтадан тексеретінбіз. Көрсетілген уақытта жойылмаса, сотқа берілетін. Ал енді профилактикалық бақылау кезінде тексеру жұмыстары жүргізіледі, заңбұзушылықтар анықталған жағдайда нұсқама беріліп, жоюға уақыт беріледі. Айта кету керек, заңбұзушылықтар үш түрлі деңгейде анықталады: өрескел, елеулі, болмашы. Қайта тексеру кезінде жойылмаған жағдайда ғана тиісті шара қолданылады, яғни сотқа беріледі. Мұның өзі білім беру мекемелеріне жасалып жатқан жеңілдік, мүмкіндік.

— Биыл қанша білім беру мекемесін тексеру жоспарланып отыр? Тексерілетін мекемелердіқалай анықтайсыздар? 

— 42 субъект тексеріледі. Ұлттық білім беру деректер қоры бар. Барлық білім беру мекемелері туралы деректердің бәрі осы қорда  жарияланады. Соған қарай отырып, қай мектепте қандай заңбұзушылықтар бар, кемшіліктер бар екенін білеміз. Соның ішінде өрескел заңбұзушылықтар — мамандығы сәйкес келмейтін мамандардың жұмыс істеуін, стандарттың бұзылуын байқасақ, соларды бірінші кезекте тізімге енгіземіз. Білім сапасы оқу жетістігін сырттай бағалау қорытындысы бойынша бағаланады. Бағалаудың осы түрінің қорытындысында төмен көрсеткіштер көрсеткен мектептерді де тексеретін боламыз. 42 мекеменің тізімі департамент сайтында жарияланды. Сондай-ақ, аталған мекемелерге тексеру жүргізілетіні туралы алдын ала хабарланады.

— Департамент көрсететін қызмет түрлері туралы айтсаңыз?

— Департаментте екі мемлекеттік қызмет көрсетіледі.   Біріншісі — құжаттарды апостильдеу. Өтініш берген екі азаматтың құжаты жалған болып шықты. Екіншісі — лицензия беру. Барлығы 424 арыз қаралды. Соның 210-ы қанағаттандырылды. Қалғандары кәсіби біліктілік талаптарына сай келмеуіне байланысты бас тартылды.

МЕКТЕПТЕ ЖҰМЫС ЖАСАМАҒАН ӘДІСКЕР ПЕДАГОГКЕ НЕ ҮЙРЕТЕ АЛАДЫ?

— Мектептер жаңартылған білім беру мазмұнына көшіп жатыр.  Педагогтарға әдістемелік көмектер қалай көрсетіліп жатыр?  Әдістемелік кабинеттердің жұмысы туралы не айтасыз?

— Білім беру ұйымдарының жұмысына талдау жүргіздік. Білім бөлімдерінде кімдер жұмыс жасап жатыр? Олардың деңгейі қандай? Қорытындысында, кейбір білім бөлімдерінде дипломын кеше ғана алған жас мамандардың жұмыс жасап жатқаны белгілі болды. Бұрын-соңды мектепте, басқа да білім беру ұйымдарында жұмыс жасамаған білім бөлімінің маманы білім беру ұйымдарының жұмысына қалай басшылық жасайды немесе талап қояды, сол сияқты білім бөлімдері жанындағы әдістемелік кабинеттің әдіскерлері сабақ беріп көрмесе, еңбек өтілі бар, жоғары санатты мұғалімге қандай әдістемелік көрсете алады?  Кейбір шалғай ауылдардағы мектептерге білім бөлімінің мамандары, әдіскерлер бармайды да. Сөйтіп, министрліктің бұйрықтары, ережелерге енгізілген өзгерістер бұл мектептерге уақтылы жетпейді. Соның салдарынан заңбұзушылықтарға жол беріліп, білім сапасы төмендейді.

Аудандық білім бөлімдеріне әдістемелік кабинет емес, орталық ашуға, жас әдіскерлердің мектептерде жұмыс жасауына мүмкіндік жасалуын қарастыруға ұсыныс берілді. Темір, Байғанин аудандарында және Ақтөбе қаласында ғана кабинет емес, әдістемелік орталықтар бар.

— Департаменттің ұйытқы болуымен облысымыздың барлық аудандарында департамент күні ұйымдастырылып, көптеген игі шаралар өткізілді. Осы туралы айтып берсеңіз? 

— Департамент жанынан  мектептерде, білім бөлімдерінде  ұзақ жыл басшылық  қызмет еткен зейнеткерлерден жасақталған  кеңес беру тобын құрдық. Кеңесші топ мүшелерінің және Ақтөбе облысы бойынша «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты, қалалық, облыстық әдістемелік-ғылыми орталықтардың мамандары, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушыларының қатысуымен қазан-қараша айларында 12 ауданда Департамент күнін өткіздік. Шара аясында жаңартылған білім беру мазмұны туралы түсіндіріп,  қамқоршылық кеңестің  жұмысы жөнінде  семинарлар өткіздік.  Қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Елбасы Жолдауында кәсіби диагностиканы мектеп жанынан бастап жүргізуді тапсырған болатын. Осыған байланысты Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінен мобильді топ барып, мектеп бітірушілермен, ата-аналармен кездесіп,  кәсіби диагностика жүргізді.

Күні кеше ғана 12 ауданның білім бөлімінің басшылары департаментте кеңесші топ алдында «Білім саласын басқарудың үлгісі» тақырыбында жобаларын қорғады. Басшыларға біраз кеңестер берілді. Бұл да бір үлкен серпіліс болды деп ойлаймын.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*