Басты бет » Әлеумет » Қайырымдылық — ізгіліктің төресі

Қайырымдылық — ізгіліктің төресі

Жұма күні «SHANIRAQ Aqtobe» қоғамдық қоры Ақтөбе қаласы мен Алға ауданында кезекті қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.

Қоғамдық қордың директоры Еділ Аймағамбетов бастаған топ алдымен Алға ауданына қарасты Есет батыр ауылында болып, ауыл тұрғындары Сергей Филипко мен Бибісұлу Құрманалинаның үйіне азық-түлікпен қатар әрқайсысына 2 тоннадан көмір апарды.

Туғаннан осы ауылда тұрып келемін. Жергілікті билік өкілдеріне рақмет. Қолдарынан келгенше көмектерін аямайды. Бүгін азық-түлікпен қатар қыстай жағатын көмірімді түсіріп беріп жатқан «SHANIRAQ Aqtobe» қоғамдық қорының мүшелеріне де алғысым шексіз, — дейді жалғызбасты қария Сергей Филипко.

Бұдан соң қоғамдық қор мүшелері ауыл тұрғыны Фатима Кенжалинаның шаңырағына азық-түліктер апарды. Бірінші топтағы мүгедек ұлын бағып отырған жалғызбасты ана  өзін ескеріп, көмек көрсетіп жатқан азаматтарға аналық алғысын білдірді.

Сонымен қатар қор өкілдері тілсіз жаудан зардап шеккен Кірпішті ауылының тұрғындары Тасмағамбетовтер отбасына керек-жарақтарын апарды.

Қаңтардың 3-і күні Қожахмет Тасмағамбетовтің баспанасы өртеніп кеткен болатын. Кірпішті ауылындағы екі қабатты үйді ол балаларымен бірігіп 10 жыл бұрын салған. Үш ұлы өз алдына отбасын құрғанымен, екі баласы қолында. Қазір отбасы мүшелеріне туыстары уақытша пәтер берген. Отағасы көктем келе үйді қайта салуды жоспарлап отыр.

— Барша ақтөбеліктерге, тума-туыс, дос-жаран, балаларымның жолдастарына  ризашылығымды білдіремін. Қолдарынан келгенше көмектерін көрсетіп жатыр. Үйден түк қалмады. Тек құжаттарымызды алып үлгердік. Ең бастысы — балаларым аман. Соған шүкір дейміз, — дейді баспана иесі.

Айта кетейік, 2018 жылдың сәуір айында Ақтөбе қаласында құрылған «SHANIRAQ Aqtobe» қоғамдық қоры — әлеуметтік маңызы бар жобалармен айналысып, қайырымдылық шараларын ұйымдастыратын коммерциялық емес ұйым. Бүгінде қор тек қаланың өзінде ғана ай сайын 10-нан астам әлеуметтік жағдайы төмен отбасыға тұрақты түрде көмек көрсетіп отырады.

— Аталған отбасылармен кездесулер өткізіліп, консультациялық, материалдық, медициналық, психологиялық, сондай-ақ заңгерлік көмек көрсетіледі. Негізгі мақсатымыз да осы. Біздің белгілі бір демеушілеріміз жоқ. Туған қаласына пайда әкелгісі келетін, кішкентай болса да игі іс жасағысы келетін қайырымды жандардың арқасында жұмысымызды жалғастырып жатырмыз, — дейді қор директоры Еділ Аймағамбетов.

 P.S. Қайырымдылық жасағысы келетін кез келген қала тұрғыны төмендегі реквизиттер бойынша қаражат аудара алады:

БИН 180540002990,

ИКК KZ8296515F0007466915, БИК IRTYKZKA, АО «Forte Bank»,

Kaspi Gold 5169493135026246, ИИН 840323300318.

Мекенжайы: Ақтөбе қаласы, Сәңкібай батыр д., 159, 1-кеңсе

Байланыс телефондары: 8 707 892 33 86, 8 7010135 71 96.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*