Басты бет » Мәдениет » Портрет пен селфи: көрме 15 қаңтарға дейін жалғаспақ

Портрет пен селфи: көрме 15 қаңтарға дейін жалғаспақ

Облыстық Өнер музейінде «Селфи кезіндегі портреттер» көрмесі ашылды. Оған кәсіпқой суретшілерден бөлек, әуесқойлар да қатысты. Көрермен назарына барлығы 90 жұмыс ұсынылды.

Облыстық өнер музейінің ғылыми қызметкеріІңкәр Әлібекованың айтуынша, көрмеге қатысуға ниет білдірген 20-дан астам ақтөбеліктің жас айырмашылығы әртүрлі. Олардың арасында Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері Мақсұт Жаханов, Манас Қожағұлов, Айдар Еспаев, Марат Ғабдрахманов, Ғалымжан Сүйінов, Гүлден Аязбаева, Айгүл Құрманалина, Евгения Сухотина, Лилия Беликова, т.б. бар. Мұндағы мақсат — жұртшылық телефонға телмірген уақытта бейнелеу өнеріне қызығушылықты арттыру, портрет жанрының қыр-сыры турасында хабар беру.

— Көрмеге мен бірнеше жұмысымды ұсынып отырмын. Олардың арасында жақында ғана салынған бір қыздың портреті бар. Бір қызығы, өзінің қағаз бетінде қалай шыққанын әлгі бойжеткен бүгін келіп көрмекші. Сосын ескі кітапта бейнеленген адамның кескінін портретке айналдырған еңбегімді осында тамашалай аласыздар. «Көрме ертең өтеді» дегенде, келушілер тағы бір туындымды көрсін деп бір түнде А2 форматта жерлесіміз Димаш Құдайбергеннің суретін салып шықтым. Портреттерімнің барлығы көрермендерге ұнайды деп ойлаймын, — дейді белгілі суретші Айдар Еспаев.

Ал Қанат Төремұратов — негізінен тапсырыс бойынша жұмыс істейтін суретші. Ол мұнда шетелдік әншінің клипіне түскен актрисаның бейнесін салып әкелген. «Жылына орта есеппен алғанда 30-40 портрет саламын. Бағасына келсек, әрқайсысы 7 мың теңгеден жоғары. Меніңше, кәсіпқой мен әуесқой суретшілер бас қосқан көрменің екі тарапқа да берері мол болады», — дейді ол.

24 жастағы Василий Морозовтың суретшілікпен айналысып жүргеніне бір жыл болған. Десе де, жігіттің қылқаламынан шыққан біраз дүние қазірдің өзінде көпшіліктің ынта-ықыласын аударып отыр… Өйткені он саусағынан айырылған оның картиналары кәсіби мамандардың жұмысынан кем емес.

— Көрмеге 6 портретімді қостым. Кейіпкерлерім ретінде шетелдік «жұлдыздарды» да, қарапайым адамдарды да таңдап аламын. Мысалы, жақында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың суретін салдым, — дейді Василий.

Облыстық өнер музейіндегі көрме қаңтар айының орта тұсына дейін жалғаспақ. Кіру тегін.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*