Басты бет » Басты жаңалықтар » Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру қалай жүріп жатыр?

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру қалай жүріп жатыр?

Жолдау

«Экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығымен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау керек».

 Қазақстан Республикасының Президенті

Н.НАЗАРБАЕВ.

 

«Ақылды» есептегіштер

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қоғамның барлық саласын дамытуға бағытталған. Ол бүгінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына да келіп жетті. Бұл жұмыстарды ыждағаттаудың  қажеттігі Елбасының Жолдауында айқын атап көрсетілген болатын. Жолдаудағы «Экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау керек» деген жолдар осы міндетті меңзесе керек.

Таяуда облыстық әкімдікте ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтің қатысуымен Елбасының жоғарыда аталған тапсырмаларының аймақтардағы жүзеге асырылуына арналған жиын өтті.

Осында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру мәселесінде не істейміз, не қоямыз деген бағытта салиқалы әңгіме өрістеді. Бұл саланы цифрландыруда қазіргі үлкен шаруа — суға, жылуға, кәріз жүйесіне, электр қуатына есептегіш құралдарын орнату болып отыр. Есептегіш құралдар дегенде, әрине, ондай өлшеуіш құралдар бұрын да бар екені белгілі. Бірақ уақыт өз ықпалын жүргізуде. Елбасының Жолдауында: «Жаңа технологиялар, роботтандыру мен автоматтандыру еңбек ресурстарына және адам капиталының сапасына қатысты талаптарды күрделендіруде» деуі тегін емес. Бұған дейінгі өлшеуіш құралдары бүгінгі заман дамуының деңгейіне жауап бере алмай жатыр. Сондықтан қазіргі уақыт талабы — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына «ақылды» есептегіш құралдар орнатумен байланысты. Және мұның өзі бүгін пайда болып отырған жаңалық емес. Мамандардың айтуынша, осыдан бір жыл бұрын цифрландыру бағдарламасы қабылданғаннан бері оның алғашқы қадамдары Қызылорда сияқты эсперименттік облыс болып бекітілген өңірлерде жасалған. Инвесторлар іздестіріліп, тұрғын үйлердің жертөлелеріне әлгі «ақылды» есептегіш құралдар орнатылған. Мамандар оның тиімділігін тұрғындарға көрсеткен.

Әрбір жергілікті жерде бұл мәселенің шешілуі — Елбасы Жолдауының басты арқауы — қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыруға қосылған бірден-бір үлес болмақ. Өйткені, әр отбасының өзіне келген қаржыны қалай үнемдеп жұмсайтыны — маңызды мәселе. Тап осы жерде Жолдауда айтылған: «Коммуналдық қызмет пен табиғи монополияларды реттеу салаларында тарифтің жасалуы және тұтынушылардан жиналған қаржының жұмсалуы әлі күнге дейін ашық емес. Монополистердің инвестициялық міндеттемелеріне тиімді мониторинг пен бақылау жүргізілмей отыр» деген жолдардың ақиқатын көреміз. Осы жұмыстар жолға қойылған эксперименттік облыстарда алғашқы нәтиже тайға таңба басқандай көрінген. Жылуға, суға, электр қуатына «ақылды» есептегіш құралдар қойылған кезде отбасының коммуналдық шығыны едәуір кеміген. Мысалы, алған жылуына бұрын пәтердің шаршы метріне қарай төлейтін болса, енді «ақылды» есептегіш құралмен төлегенде,  бұрын 10 мың теңге төлейтін отбасы 5 мың теңге төлеген. Ал бұрын 6 мың теңге төлегендер 3 мың теңгемен құтылған. Жаңалық енгізілген аймақтардың тұрғындары осындай жетістіктердің бар екенін бүгінде өздері дабыралап айтуда.

Тұрғын үй ісіндегі өркениет

Осындай шараларды жүзеге асыру тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы өркениет деп аталады. Осы өркениетке жету үшін қазір еліміздің барлық аймақтарында қанатқақты жобалар қолға алынуда. Әсіресе, жылуға, суға, кәріз жүйесіне «ақылды» есептегіштер қалалар мен аудандарда кеңінен қойылуға тиіс. Тұрғындар осы бағыттағы жүргізілген жұмыстарды сезінуі қажет.

— Тұрғындардың басқарушы компанияларға деген сенімдері төмендегені құпия емес. Осыған байланысты  Парламентте қазір тұрғын үй қатынастарына қатысты арнайы заң қаралып жатыр. Бұл заң жобасында біраз жайлар қарастырылған. Қазір көп қабатты үйлерде тұратын тұрғындар көршілерінің кім екенін біле бермейді. Лифтілерінің ақылы, не арнайы карточка арқылы пайдаланылуын тұрғындар өздері дауыс беріп шешулері керек. Жалпы, бізде үйлердің лифтлерінің, қасбеттерінің проблемалары бар. Бүгінге дейін әкімдер бұл тұйықтан шығудың жолын демеушілер тарту, түрлі қорларды пайдалану арқылы шешіп келді. Ендігі жерде оларды жөндеуге заң арқылы жол ашылмақ.

«Е-Шаңырақ» жүйесі халықтан түскен коммуналдық төлемнің жұмсалуын қадағалайтын болады. Жарыққа, жылуға, суға, үйді ұстауға, басқа да коммуналдық қызметтерге тұрғындар төлейтін төлемдер қайда кетіп жатыр? Жалпы бұл қызметтер нақты қанша тұрады? Осы жөнінде интеллектуалдық ақпараттық жүйеге мәліметтер жиналады. Мәселен, тұрғын үйлерді ұстауға төленетін қаржы кондоминиумдар бойынша түрліше. Бірінде шаршы метріне 20 теңге, екіншіде-50, үшіншіде-100, төртіншіде — 150 теңге. Егер 100 шаршы метр пәтер болса, 15 мың теңге ай сайын төленеді. Ол қаржы қайда кетіп жатыр? Аула сыпырушыға, электрикке, сантехникке, тағы басқа қызметтерге төленетін қаржының мөлшері қанша? Білуіміз керек. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының өркениеті дегеніміз — осы. Яғни, мәліметтердің ашықтығы, олардың көпшілікке қолжетімді болуы, сол арқылы азаматтардың толық сеніміне жету. Бұл салаға біз осы жүйені енгізгіміз келеді, — деді комитет төрағасы өзінің сөзінде.

Біздің түсінгеніміз, бұл қанатқақты жоба барлық аймақтарда жыл соңына дейін жүзеге асуға тиіс екен. Біздің өңірде де бұл бағдарламаны енгізу шаралары жүргізілуде. Жаңа жүйе толық жүзеге асырылған кезде, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жандандырып, оның ашықтығы қамтамасыз етіледі. Сол кезде қарапайым жұртшылық тұрғын үй қатынастарына жауапты барлық мекемелердің жұмысын бақылауға мүмкіндік алады. Барлық мәлімет ашық болғандықтан, әрбір тұрғын қаражаттың қайда жұмсалып жатқанын біледі, қажет болған жағдайда өз сауалын қояды. Осы жиында мамандардың айтқанындай, кейбір мәселелерді шешуге смартфон арқылы дауыс беру жүзеге асырылмақ. Бұл тек тұрғындар емес, әкімдіктерге де қолайлы жүйе деген пікірлер айтылды. Өйткені олар жинақталған мәліметтер арқылы ресурстарды алдын ала біліп отырады. Жылу беру орталығының, су, жылу жеткізу, кәріз желілерінің жағдайы, проблемалары алақандағыдай көрінеді. Монополист мекемелердің қызметін біліп отыруға, бизнеске қолайлы жол ашуға жағдай жасайды.

Онлайн режимімен басқару

Мамандардың айтуынша, бұл жүйе арқылы тұрғындар онлайн режимімен өз үйлерін басқара алады. Сол арқылы ақша қаражатын қадағалауларына, тіпті дауыс беріп, үй басқарушыларын сайлауларына болады. Бұрынғыдай тұрғындарды бір жерге жинаудың, сонша көп уақыт өткізудің қажеті болмайды. Расын айтсақ, қазір бұрынғыша жұмыс істеу мүмкін де емес болып отыр.

Мамандар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландырудың үш кезеңнен тұратынын айтады. Бірінші кезең, үйлерді қосу, сол үйлердің цифрлық паспорттарын құру. Екінші кезең, цифрландыру саласына басқарушы мекемелерді, үшінші кезең, табиғи монополиялардың ақпараттық жүйелерін енгізу.

Аймақтардағы қанатқақты жобалар бойынша «Е-Шаңырақ» жүйесіне кірген цифрлық паспортталған үйлердің саны күн санап өсуде. Бұл мәселе Елбасының бақылауында тұр. Сондықтан осы саланың республикалық басшылары кездесуде облыстық тұрғын үй-коммуналдық қызмет өкілдеріне қанатқақты жобаға кіретін үйлерді бірінші кезекте, қалған үйлерді содан соң жалғастыруды тапсырды. Ақтөбе қаласында қанатқақты жобаға кіретін үйлер Әбілқайыр хан даңғылы мен Прохоров көшесінде орналасқан. Ол — 11 көппәтерлі тұрғын үйлер.

Цифрландыру мәселесі тұрғын үй-коммуналдық қорымен бірге, барлық елді мекендердің, қалалар мен ауылдардың инженерлік коммуникациялық жүйелерін, сәулетін, жалпы күллі базалық көрсеткіштерін қамтуға, электрондық карта жасалуға тиіс. Сондықтан, мамандардың айтуынша, нағыз маңызды жұмыстар алда тұр. Мәселен, бес-алты жылдың ішінде эксперименттік облыс Қызылорданың 256 елді мекені цифрландыруға көшіп үлгерген.

Кеңестің барысында ақтөбелік тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жетекшілері де жергілікті жердегі осы мәселеге қатысты бүгінгі күнгі атқарылған жұмыстарды баяндады. Бізде «Е-шаңырақ» жүйесіне енгізуге әзірленіп жатқан үйлерде 540 пәтер бар екен. Қазір олардың көпшілігіне коммуналдық желілер бойынша «ақылды» есептегіштер қондырылған. Жұмыс әлі де жалғасуда. Мұндағы 8 үй кондоминиумдарға, 1 үй кооперативке қарайды. Мамандардың алдын ала есебі бойынша «ақылды» есептегіштер толық іске қосылған кезде жылудың шығыны 45 пайызға, ыстық су 35 пайызға азаяды. Қазір осы бағытта инвестор іздестіру, тұрғындармен жұмыс жалғасып жатыр. Басқосуда коммуналдық сала мамандары жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерге «ақылды» есептегіштерді кейінге қалдырмай, бірден қондыруды ұсынды. Мұның тұрғын үй саласында цифрландыру қызметін жеделдетуге пайдасы тиетінін айтты. Мәселен, Астана қаласында «ақылды» есептегіштерді құрылыс компанияларының өздері қондырады екен. Осында айтылғандай, еліміз бойынша 78 мың тұрғын үй тіркелген болса, үш жылдың ішінде бұл шаруаны еңсеру міндеті қойылып отыр. Мәселені  әр аймақ өзі шешу керек. Демек, уақыт тығыз, жедел қарқын, ұтымды ұйымдастыру керек.

Кеңесте бұл жұмыстарды аймақта жеделдетудің өзге де жолдары әңгіме болып, нақты ұсыныстар берілді.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.    

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*