Басты бет » Жастар » «Жас Отан: жаңа құжат, тың міндет

«Жас Отан: жаңа құжат, тың міндет

Қазақстанда Жастар жылы басталды. Осы орайда біз «Жас Отан» жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталинмен сұхбаттасып, жасотандық жастардың қандай қызмет атқарып жатқанын білген едік. Өткен жылы атқарылған қыруар жұмыстар мен биылғы жылы қолға алынатын жаңа жобалар да әңгімеміздің өзегіне айналды.

Үш бағыт: «Жүрек», «Сана» және «Даму»

Жасотандықтар үшін өткен 2018 жыл айтулы оқиғалар мен жаңа жобаларға толы жыл болды. Наурыз айында Астанада «Жас Отан» жастар қанатының IV съезі өтіп, жастар саясатының бағыт-бағдарын айқындайтын жаңа құжат қабылданды. «Жаңа әлемге жол саламыз» атты бұл құжатта еліміздегі жастар саясатына тың серпін беретін игі бастамалар мен жасотандықтар ұйымының дамуы және еліміздегі жаңғыру үдерістеріне қатысу жөніндегі стратегиялық міндеттері айқын көрсетілген.

— «Жас Отанның» бұған дейінгі съездерінде де өзекті мәселелер көтеріліп келді. Өңірлерде жастар ресурстық орталықтарының ашылуы, жастар саясаты туралы заңға өзгерістердің енгізілуі — «Жас Отан» жастар қанаты съезінің  жемісі. Ал Елордада өткен IV съезде жастардың жарқын болашағы жолында жаңа құжат қабылданып, тың міндеттер жүктелді, — дейді Асылжан Бүркіталин.

Өткен жылы  «Жас Отан» жастар қанаты өзінің құрылымын, жұмыс тәсілін және орталық кеңсесін түбегейлі өзгертті. Жұмыстың барлық бағытына жаңа тетіктер мен құралдар енгізілді. Соған орай бастауыш департаменттер мен бөлімдердің орнына жасотандықтар «Жүрек», «Сана» және «Даму» атты үш негізгі бағытқа бөлінді. Соған сәйкес әр бағытқа белгілі бір міндеттер жүктелді.

— Жастар қанатының өткен жылғы тағы бір жаңалығы — өз тарихында алғаш рет Орталық кеңес мүшелерінің онлайн-сайлауын өткізді. Орталық кеңес — ұйым жұмысының негізгі бағыттарын анықтап, жастарды алаңдатқан мәселелерді зерделеп, оларды шешу жолдарын ұсынады, сондай-ақ партия жұмысында жастардың мүддесін қорғайды. Сондықтан ашық сайлау аталған органның тиімділігін арттырып, ұйымның әлеуетін одан әрі күшейте түсті, — дейді «Жас Отан» жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталин

Орталық кеңеске Ақтөбе облысынан «Жас Отан» жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталин мен «Ақтөбемұнаймашкомплект» ЖШС мұнай өндірісінің темір ұстасы Қуанышбек Әбдірахманов сайланды.

Жобалардың жалғасы

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ жастар мәселесі мемлекеттің де, Мемлекет басшысының да ең басты назарында. Бұл салада көптеген бағдарламалар жүзеге асырылды, әлі де асырылып жатыр.

«Жас Отан» жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталиннің айтуынша, «Жаңа әлемге жол саламыз» стратегиясына сәйкес жасотандықтар қазірдің өзінде «Сәтті қадам»,«Ардагерлерді ардақтайық», «Білім орталықтары», «English for Jastar»  секілді бірнеше партиялық  жобаларды жүзеге асырып жатыр. Жаңа жылдан бастап тағы бірнеше бағытта тың жобалар қолға алынатын болады.

— Біз, өскелең ұрпақ, ұлтымыздың бар қадір-қасиетін бойымызға сіңіріп, бізден кейінгі келер болашақ ұрпаққа аманат ретінде жеткізу үшін сол жолда аянбай еңбек етуіміз қажет. Осы ретте «Жас Отанның» атқарып отырған қызметінің маңызы зор. Өткен жылы съезде қабылданған құжаттың басты мақсаты — жас қазақстандықтардың әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасау. Жастардың ең сапалы білімге қол жеткізуіне, компьютер сауаттылығын кеңінен арттыруына ықпал ету, қазақ және ағылшын тілін дамытуға арналған ортаны қалыптастыру секілді бастамалар да құжатта қарастырылған. Сонымен қатар жас қазақстандықтарға басқа ел мәдениетінің өкілдерімен танысуға мүмкіндік беретін жастардың пікір алмасу жүйесін жолға қою да ескерілген. Осы ретте, жасотандықтар қоғамдық сананың жаңғыруына жаңа бір леп беретін «English for Jastar»  жобасын қолға алды. Өткен жылы пилоттық режимде басталған  жобаның негізгі мақсаты — мектеп оқушыларының ағылшын тіліндегі білімін тереңдету және олардың сөйлеу шеберлігін арттыру, — дейді А.Бүркіталин.

«Ақтөбенің» анықтамасы:

Бүгінде «Жас Отан» мүшелерінің саны республика бойынша 164 мыңды құраса, облыс аумағында 19 мыңнан астам жас тіркелген.

Асылжан Бүркіталиннің айтуынша,  «English for Jastar» жобасы — Мемлекет басшысының еліміздегі үштілділікті дамыту бағдарламасына қосатын партияның үлесі болмақ. 2018 жылы республика көлемінде алғаш рет қолға алынған жоба Ақтөбенің 6 ауданында жүзеге асырылып, облыс бойынша 250-ге жуық бала қамтылды. Ал биылдан бастап жоба аясында 12 ауданның балалары қамтылатын болады.    Өткен жылы жоба аясында ауыл балаларының ағылшын тілінде сөйлеу дағдыларын дамыту қолға алынды. Бір ай бойы осы жоба аясында Пәкістаннан келген ерікті Аймал Кхан Джадун Қобда ауылында болып, балаларға ағылшын тілін үйретуге өз үлесін қосты.

— «Қарты бар ел — қазыналы» дегендей, қариялар қамы үнемі жасотандықтар назарында. Оларға құрмет көрсету — біздің басты міндетіміз. Осы ретте «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы қолға алынған болатын. Бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жоба аясында ақтөбелік жасотандықтар 78 қарияның үй жұмыстарына көмектесіп, қолғабыс етуді әдетке айналдырды. Бұл жоба Жастар жылы да өз жалғасын табатын болады, — дейді Асылжан.

Сенім мен жауапкершілік

Биыл елімізде Жастар жылы басталды. Осы ретте жастардың түрлі жобаларды қолға алып, жұмысқа орналасуына, кәсіпкерлікпен айналысуына, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған жұмыстар да өз бастауын алды.

— Биыл жасотандық жастарды жаңа бастамалар мен жүктемелер күтіп тұр. Жастар жылындағы бағытымыз — белгілі, міндетіміз — айқын. Жаңа жыл қарсаңында Теміртау қаласында өткен «Жас Отан» жастар қанаты орталық кеңесінің кезекті отырысында  Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен өмір сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында жастарға қатысты көтерілген бастамалар мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында берілген тапсырмаларды іске асыруда жастардың рөлін талқылау және 2019 жылы Жастар жылын атап өтуге арналған іс-шаралар мәселесі көтеріліп, міндеттер сараланды, — дейді «Жас Отан» жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталин.

Жастар жылына орай жасотандықтар «Жастар ауылға», «Digital Nation», «Бизнес Ментор» секілді жаңа жобалар әзірлеу үстінде.

— Аталған 3 жоба да қазір әзірлену үстінде. «Жастар ауылға» жобасы

жастарды кәсіпкерлік дағдыларға баулу, ауыл шаруашылығы саласында өз кәсіптерін ашуға және бизнес-жобаларын дұрыс жүргізуге ықпалдасуға бағытталған болса, «Digital Nation» жастар жобасы —  Мемлекет басшысы атап өткен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында, «Жас Отан» жастар қанаты жастар арасында цифрлы технологияларды және олардың мүмкіндіктерін дамыту, жастардың потенциалын цифрлық ортаға белсенді тарту мақсатында қолға алынатын болады. Ал «Бизнес ментор» — кәсібін ашқан не ашқысы келетін жастарға арналған мобилді қосымша. Қосымшаға тіркелу арқылы кез келген жас кәсіпкер еліміздің табысты бизнесмендерімен — менторларымен араласып, кеңес сұрай алады. Жоба аясында жастарға өз тәжірибесімен, білімімен бөлісу үшін қоғамдық лекцияларды өткізуді жоспарлап отырмыз, — дейді Асылжан Бүркіталин.

Елбасы Жолдауында жастарды қолдау — мемлекеттік саясаттың басымдылығына айналатыны атап көрсетілді. Бұл — бізге деген сенім мен жауапкершіліктің айқын көрінісі.

— Өз кезегінде еліміздің барлық жастары ел үмітін ақтауға барын салулары керек. Ал біз, жасотандық жастар, барлық күш-жігерімізді біріктіріп, жаңа әлемге жол саламыз. Осы орайда Елбасымыздың бізге, яғни жастарға артқан сенімін, жауапкершілігін, тапсырмаларын тиянақты орындауға уәде береміз, — дейді Асылжан Бүркіталин.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*