Басты бет » Мереке » Сәбилер үйіндегі мереке

Сәбилер үйіндегі мереке

Облыс және қала басшылығы жаңажылдық мерекемен кішкентай сәбилерді де құттықтады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен қала әкімі Ілияс Испанов жетім балалар мен ата-анасының қамкорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеуге және медициналық көмек көрсетуге арналған «Үміт» сәбилер үйіне барды.

Б.Сапарбаев ғимаратты аралап шығып, мекеме ұжымы мен кішкентайларды жаңажылдық мерекемен құттықтады.

— Осында тәрбиеленіп жатқан балалардың әкесі де, шешесі де сіздерсіздер. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған сәбилерді бағып-қағып, үлкен сауапты іс жасап жатырсыздар. Қазақ ешқашан жетімін жылатпаған ел. Биыл біз облыста Балалар жылы деп жарияладық, мақсатымыз — балаларға барынша жағдай жасау. Әсіресе, осындай көмекке мұқтаж балапандарға қолдау көрсетуіміз керек. Биыл науқас балалардың біразын шетелдерде емдеттік. Алдағы Жастар жылында да бұл жұмыстар өз жалғасын табатын болады, — деді.

«Үміт» сәбилер үйінің басшысы Қадырбек Иманбаевтың айтуынша, «Үміт» балалар үйінде қазір 47 бала тәрбиеленіп жатыр. Оның ішінде 31 бала ата-анасының уақытша арыздары бойынша осында қалдырылған.

— Биыл жыл басынан бері 55 баланы қабылдадық. 63 бала шығарылды. Оның ішінде 8 сәбиді Қазақстан азаматтары асырап алды, 9 бала қамқоршылыққа берілді, ал 40 бала өздерінің отбасына оралды. Мұндағы 47 баланың 16-сының дамуында кемшіліктер бар. Қазір бұл балаларға денсаулығына байланысты құжат рәсімделіп жатыр. Мүмкіндігі шектеулі сәбилерге облыстық клиникалық балалар ауруханасында және «Дару» клиникасында жоспарлы сауықтыру және оңалту емдері және 2 балаға оперативті ем жүргізілді, — дейді ол.

Бас дәрігердің айтуынша, мұндағы балалардың жан-жақты, ерте дамуына және мүмкіндігі шектеулі балаларға үнемі оңалту шараларын жүргізу үшін сенсорлық және Монтессори кабинеттері, емдік-шынықтыру залы жұмыс жасайды. Әрбір кабинет арнаулы құралдармен жабдықталған.

Шара барысында мекеме ұжымы мен кішкентай сәбилер жаңажылдық концерт қойды. Балалар ән айтып, би биледі. Ал облыс әкімі Б.Сапарбаев балапандарға сыйлықтар үлестірді.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*