Басты бет » Мереке » Балалар Аяз атаға хат жазды

Балалар Аяз атаға хат жазды

Санаулы күндерден кейін жаңа жыл есігімізді қағады. Жаңа жылдағы ерекше салтанатты сағынған балалар осы мерекені асыға күтетіні рас. Мерекелік кеш жақындаған сайын ән айтып, тақпақтарын жаттап, Аяз атаны қарсы алуға қызу дайындалады. Тіпті арман-тілектерін айтып хат та жазады.

Мереке қарсаңында Ақтөбе қаласында өткен Президент шыршасында 202 бала Аяз атаға хат жазған. Тілектері орындалған бүлдіршіндердің қуаныштарында шек жоқ.

 Балдырғандар тілегі

Балаларды, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау бағытында облыста бірқатар шаралар атқарылуда. «Жарқыра, Қазақстан! Жарқыра, туған жер!» атты Ел Президенті атынан өткізілген жаңажылдық шыршаға жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүгедек, аз қамтылған және көпбалалы отбасы балалары шақырылды. Аталған шара аясында биыл қараша айынан бастап «Аяз атаға хат» акциясы басталды. Президент шыршасында барлық балалардың Аяз атаға жазған хаттарында тілеген армандары орындалып, сыйлықтарын қолдарына алды.

Аяз атаны мейірімді, қайырымды, тіпті кейбірі сиқыршыдай көретін балалардың арман-тілектері де сан түрлі екен. Сыйлықтар қатарында велосипед, кітаптар жиынтығы, ноутбуктар мен телефондар, планшеттер, сондай-ақ теледидар мен тігін машина, шебер қолынан шыққан домбыра, т.б. бар. Ал кейбіреулері отбасының, туыстарының амандығын сұрапты.

Тілегі орындалғандардың бірі — Қарғалы ауданындағы №2 Бадамша орта мектебінің 5-сынып оқушысы Қадір Сисенбай.  Оның Аяз атаға жазған хатының мазмұнына тоқталуды жөн көрдік.

«Саламатсыз ба, Аяз ата! Есімім Қадір. Жасым онда. Оқу озатымын. Отбасымда мен, ата-анам және өзімнен кейінгі үш інім бар. Менің отбасым тату, бірлігі жарасқан. Алдыма қойған мақсатым — оқуымды үздік аяқтап, жоғары оқу орнына түсу. Ата-анамның жолын қуып, ақ халатты абзал жан болғым келеді.

Құрметті Аяз ата! Сізден жаңа жылда ноутбук сыйлауыңызды сұраймын. Егер осы тілегімді орындасаңыз, өте қатты қуанып қалар едім. Өзіңізді де келе жатқан мерекемен құттықтаймын. Жыл сайын балалардың тілектері мен қиялындағы армандарын орындап, оларды шексіз қуанышқа бөлеп жүре беріңіз» — деп, Аяз ата мен шырша ойыншықтарының суретін салыпты.

Анасы Айнагүл Бержанованың айтуынша, Қадір бұл тілегінің орындалғанына ерекше қуаныпты.

— Періштедей пәк балалар Аяз атадай ғажайыптың барына және бар тілегін орындайтынына шын көңілдерімен сенеді.

Ұлым Президент шыршасына алғаш рет қатысып отыр. Биылғы оқу жылында информатика пәні енгізіліпті. Осыған байланысты сабағына біраз уақыттан бері ноутбук керек екенін айтып жүрген. Ұстаздары Аяз атаға хат жазу тапсырмасын бергенде, осы қалауын жеткізіпті.

Жаңажылдық шырша мерекесінде сыйлығымен қоса, тәттілер мен жұмсақ ойыншық, Елбасының кітабы сыйға берілген. Ұлымның қуанышында шек жоқ.

Келе жатқан жыл әр отбасына жақсылығын ала келсін. Еліміз тыныш, сәбилеріміз бақытты болсын! — деп өз тілегін жеткізді А.Бержанова.

Облыстық арнайы (түзету) есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат-колледжінің 4-сынып оқушысы Баймұхан Мақсат болса, Аяз атадан теледидар сыйлауын өтініпті.

«Мен жаңа жылды асыға күтемін. Себебі Аяз атадан түрлі сыйлықтар аламыз. Мен биылғы жаңа жылда теледидар алғым келеді. Теледидардан қызықты бағдарламалар көрсем деймін» — деп тілегін жеткізіпті.

Баймұханның анасы Нұршат бала күтімімен үйде. Ал әкесі Елемес Хромтау ауданында күзетші болып жұмыс істейді. Ата-ана балаларының тілегі орындалғанына ризашылықтарын жеткізді.

— Елбасымыз мүмкіндігі шектеулі жандарды назардан тыс қалдырған емес. Әрдайым мемлекеттің қолдауын сезініп келеміз. Ұлым Баймұхан шығармашылық жетістіктері үшін биылғы Президент шыршасына қатысып, өзі армандаған теледидарға қолы жетті. Әрине, бұл — жағдайы төмен отбасыларға үлкен көмек. Сондықтан облыстық әкімдікке, баламның білім-тәрбие алып жатқан мектеп ұжымына ризашылығымды білдіремін, — деді Елемес Бөленов.

Ал Ақтөбе қаласындағы №33 мектептің 4-сынып оқушысы Ділназ Шукаева Аяз атаның қолынан өзі армандаған велосипедін алыпты.

— Мен мектепте домбыра және би, ағылшын үйірмелеріне қатысамын. Сыныпта үздік оқушымын. Қалалық олимпиадалар мен білім сайыстарында жүлдегер атандым.

 Аяз атаға хат жазғанда, отбасымның амандығын және сыйлыққа велосипед сұрадым. Себебі жазда табиғат аясына шығып, велосипед тепкенді ұнатамын, — дейді Ділназ.

— Үш жыл бұрын қызым қайтыс болып, жиенімді қамқорлығыма алдым. Жиенімнің оқитын мектебіндегі әлеуметтік педагогтарға шын ықыласыммен алғысымды білдіргім келеді. Әрдайым көмек көрсетіп, мерекелік шаралардан қалдырмай, шақырып отырады.

Адам баласы үшін бейбітшілік пен тыныштықтан артық не бар?  Биылғы Доңыз жылы еліміз үшін табысты жыл болады деген үміттемін, — дейді Ділназдың әжесі Қырмызы Шукаева.

«Мейірім бумерангы» акциясы

 Биыл Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ақтөбе қаласындағы «Қазпошта» акционерлік қоғамы «Мейірім бумерангі» акциясын өткізіп жатыр.

Бұл жоба — бұған дейін ұйымдастырылған «Аяз атаға хат» акциясының баламасы.

— «Қазпошта» акционерлік қоғамы 2014 жылдан бастап «Аяз атаға хат» акциясын ұйымдастырып келеді. Биыл жүзеге асырылып жатқан «Мейірім бумерангі» акцияның негізі ретінде адамдардың бір-біріне сыйлық үлестіретін «Secret Santa» атты рәсімін алып отырмыз. Қатысушылар рost.kz сайтына тіркеле отырып, кездейсоқ мекенжайды таңдап алып, сол үйдің иесіне сыйлық жіберуі тиіс. Кейін қатысушы сыйлығының өтеуі ретінде өз мекенжайына басқа біреуден сыйлық аладыАкция аясында тұрғындар күтпеген қуанышқа ие болады, — дейді «Қазпошта» акционерлік қоғамының желіні басқару секторының басшысыАлина Исмағұлова.

ТІЛЕКТЕР ШЫРШАСЫ

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Халыққа қызмет көрсету орталығында

«Тілектер шыршасы» орнатылды. Аталған орталыққа мемлекеттік қызмет алуға келуші кез келген азамат шыршаға ілінген бала тілегін орындап, шаттыққа бөлей алады. Онда тұрмысы төмен отбасынан шыққан балалардың арман-тілектері жазылған хаттар ілінген. Бұл бастама алғаш рет Алматы мен Астана қалаларында өткізіліп, 60 баланың тілегі орындалды. Биыл барлық облыстарда ұйымдастырылып отыр.

Балалардың сұраған сыйлықтары өте қарапайым дүниелер. Сыйлықты әперуші азамат бүлдіршінді шат-шадыман әсерге бөлеп қана қоймай, жан жылуымен бөлісіп, армандарына қанат бітіреді.

Шыршаға тілек жазушы балалар қайырымдылық қорларының ұсынысымен таңдап алынған. Әр шыршаға 20 бүлдіршіннің тілек хаты ілінген. Ондағы балалардың Аяз атадан сұрап жатқан сыйлықтары да әртүрлі. Ендеше, балалардың тілегін орындауға ықпал етейік!

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*