Басты бет » Спорт » Мәнерлеп сырғанаудың үздіктері анықталды

Мәнерлеп сырғанаудың үздіктері анықталды

Ақтөбеде үш күнге созылған мәнерлеп сырғанаудан ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Жұма күні Мұз сарайында шараның жабылу салтанаты өтіп, үздіктер марапатталды.

Жылына бір рет өтетін байрақты бәсекені биыл Ақтөбе өңірі қабыл алды. Аталған чемпионатқа еліміздің 8 облысынан 70 спортшы қатысты. Олар қысқа және еркін бағдарлама бойынша жекелей өнер көрсетті.

— Ақтөбе қаласында алғаш рет ересектер арасында ел чемпионаты ұйымдастырылып отыр. Біздің облыстың намысын 8 спортшы қорғады. Әрине, біз кәсіби тұрғыда мәнерлеп сырғанаумен айналысқанымызға бір жарым жыл болды. Шәкірттеріміз барынша жақсы өнер көрсетуге тырысты. Болашағынан зор үміт күттіретін спортшыларымыз да бар.

Бүгінгі спорт додасында Астана және Алматы қаласының спортшылары алдыңғы лектен көрінді, — дейді мәнерлеп сырғанаудан облыстың аға жаттықтырушысы Анна Лычко.

Жарыс қорытындысында I спорттық разряд шеберлері бойынша ерлер арасында Олег Мельников (Шымкент), қыздар арасында Юн Елизавета (Алматы) жеңімпаз атанды. Ал спорт шеберлігіне кандидат спортшылар арасында Диас Джиренбаев (Астана) пен Мария Гречаная (Алматы), спорт шеберлері бойынша Никита Манько (Астана) және Алана Тоқтаровалар (Алматы) 1-орынға ие болды.

Жүлдегерлердің қатарында жерлесіміз Дарья Вдовина да бар. 12 жастағы спортшы осы спорт түрінен чемпион атануды армандайды.

— Мәнерлеп сырғанау — менің жан қалауым. Алғаш рет мұз айдынына 6 жасымда келдім. 3 жыл бұрын кәсіби тұрғыда айналысуды бастадым. Бүгінгі жарыста 3-орынға қол жеткіздім. Болашақта бұдан да жоғары жетістіктерге жету үшін үздіксіз еңбек етемін. Барлық спортшылар секілді менің де басты мақсатым —  Олимпиада чемпионы атану, — дейді ол.

Айта кетейік, бүгінде Ақтөбе қаласындағы «Олимп» хоккей модулінде 250-ге жуық спортшы мұз үстіндегі әсем өнердің қыр-сырын меңгеріп жүр.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*