Басты бет » Экономика » Жылу үшін төлейтін ақшаңыздың 40 пайызын үнемдегіңіз келсе…

Жылу үшін төлейтін ақшаңыздың 40 пайызын үнемдегіңіз келсе…

«Ең алдымен, «болашақтың экономикасының» баламалы энергетика, жаңа материалдар, биомедицина, үлкен деректер, заттар интернеті, жасанды интеллект, блокчейн және басқа да бағыттарын ілгерілетуді қамтамасыз ету қажет».

 Елбасы Жолдауы жолдарынан.

Қалалардағы ауаның ластануы бүгінде күрделі мәселелердің біріне айналып отыр. Әлемдік статистика бойынша, адамзаттың жартысынан астамы қалаларда тұрады екен. 2050 жылға дейін жер бетіндегі тұрғындардың 70 пайызы ауылдан қалаға көшіп келуі болжанып отыр, ал ірі өндірістік қалаларда тұрғындардың кемінде 80 пайызы шоғырланады деген ықтималдық бар.

Тіршілік бар жерде ауаға лас қалдықтардың көбірек тасталатыны белгілі. Дерек бойынша, қоршаған ортаны бүлдіретін ластаушы заттардың 80 пайызы қалалықтарға «тиесілі» екен. Өндірісі қарқынды дамыған қалаларда тынысымыз тарылып, кей жағдайда сасық иістен демала алмай қалатынымыз бар. Алысқа бармай, Ақтөбе қаласының кей аудандарында екі күннің бірінде ауадан нашар иіс шығып, есік-терезелерді аша алмай қаламыз. «Қазгидрометтің» зерттеулеріне сүйенсек, Ақтөбе қаласы еліміздегі ауасы лас алғашқы бес қаланың бел ортасында…

Қалалардың ластануы әлемде «тұрақты қалалар» тіркесін «тудырды». «Тұрақты қала» деген қандай қала? Ол — адам тұрғысы келетін, тұруға ыңғайлы, ауасы таза қала.  Мұндай қалада тұрғындар энергияны, су мен жылуды үнемдеп қолданады, ауаны көмірқышқыл газымен, басқа да парниктік газдармен ластауды барынша азайтуға әрекет етеді, су нысандарын, топырақты, жасыл аймақтарды — саябақтарды, демалыс орындарын таза ұстайды.

Жобаға «Даму» қолдау көрсетеді

Қалаларды ауаға тасталатын лас заттардан тазарту мәселесіне БҰҰ деңгейінде маңыз беріліп отыр. Осы бағыттағы жұмыстардың бірі — БҰҰ Даму бағдарламасы Ғаламдық экологиялық қорының «Төменкөміртекті дамуға арналған тұрақты қалалар» жобасы. Елімізде  2015 жылы Қазақстан Үкіметі БҰҰ Даму бағдарламасының қаржыландыруымен дәл осы жобаны қолға алған болатын. 2015-2020 жылдарға арналған бұл жобаның мақсаты — энергияны үнемдеуге бағытталған жұмыстармен айналысып жүрген кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Кәсіпкерлердің жылу және ыстық сумен қамтамасыз ету, соның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, энергетика, көлік, қалдық жинау салаларында төменкөміртекті жобаларды жүзеге асыруының нәтижесінде қалаларда парниктік газдардың бөлінуін, ауаға таралуын азайту.

Қазақстан Республикасындағы БҰҰ ДБ Тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерелдің айтуынша, бұл жобаға қазіргі уақытта еліміздегі бірнеше қалада қанатқақты жобалар жүзеге асырылып жатыр. Үкімет мұрындық болып отырған жоба бес компоненттен тұрады. Соның бірі — энергосервистік компанияларға қолдау көрсету арқылы энергияны үнемдеу және ауаға СО2 парниктік газдарының таралуын азайту бағытындағы жобаларды жүзеге асыру. Оған энергосервистік қызмет саласында, соның ішінде энергияны үнемдеу жұмыстарын жүзеге асыру бағытында кемінде екі жылдық тәжірибесі бар мамандандырылған компаниялар қатыса алады. Аталған жобаның кәсіпкерлерге несие беру бағытында кепілдік қою және несие сыйақысын субсидиялау жөніндегі операторы — «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры. Бұл компонент бойынша жоба жылумен, сумен қамту, қоғамдық ғимараттар, қалалық тазарту жүйелері, ішкі және сыртқы жарықтандыру жүйелеріне қатысты болуы мүмкін. «Даму» қоры кәсіпкерлердің екінші деңгейлі банктерден алған несиесінің 10 пайызын субсидиялайды, сонымен бірге қаржы сомасының 50 пайызына дейін кепілдеме береді.

Ақтөбеде бұл бағыт бойынша биыл алғашқы және әзірге бір ғана ұсыныс мақұлданды. Ол — «Акватория Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылуды үнемдеуге қатысты жобасы.

—  «Акватория Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Ақтөбедегі жоғары оқу орындарының бірінде автоматты жылу бекетін қондырды. Бұл жобаның жүзеге асырылу нәтижесінде тапсырыс беруші жылумен қамтуға жұмсап отырған қаржысын 40 пайызға дейін үнемдейді. Мәселен, қазіргі уақытта тапсырыс беруші жылуға жылына 9,4 миллион теңге төлеп отыр. Автоматты жылу бекетін қондырғаннан кейін бұл сома 40 пайызға, 3,7 миллион теңгеге азаяды. Автоматты бекетті қондыру құны — 3,8 миллион теңге, — дейді «Даму» қорының Ақтөбе облысы филиалының директоры Берік Нұрғалиев.

Айта кету керек, тапсырыс беруші автоматты бекетті қондырғаны үшін серіктестікке бір тиын да ақша төлемейді. Бұл қалай? Жоба талабы осы. Тапсырысты орындаушы оқу орнына бекетті қарызға қондырып береді. Ал оқу орны оны жоба өз құнын өтегенше, ай сайын дәл бұрынғыдай жылуға төлегендей қаржыны төлеп отырады. Яғни, айына бұрын жылуға шамамен 800 мың теңге төлейтін болса, енді ол 40 пайызға арзандады делік, яғни 500 мыңға жуық қаржыны жылуға төлейді де, қалған 300 мыңдай қаржыны бекетті қондырып берген кәсіпкерге төлейді. Қарыздан құтылғаннан кейін тапсырыс берушінің қалтасынан жұмсалатын ақша үнемделеді. Бұған қоса энергосервистік компания тапсырыс берушінің қарызы толық аяқталғанша тапсырыс берушіге тегін қызмет көрсетеді.

— Бұл жоба екі тарапқа да тиімді. Энергосервистік компанияға пайдасы сол — ол, біріншіден, өзінің жабдықтарын сатады, белгілі бір мерзім ішінде тұрақты жұмысы болады, себебі жоба құнына қызмет құны да енгізілген, екіншіден, банктен 14 пайызбен алған несиесінің 10 пайызын үкімет субсидиялайды. Тапсырыс берушіге де өте тиімді: ол автоматты бекетті тегін қондыртып алады және үнемделген ақша есебінен қарызын қайтарып, коммуналдық шығындарын 40 пайызға дейін азайтады. Мемлекет үшін тиімділігі сол — энергоресурс көлемі үнемделеді және қоршаған ортаға тасталатын парниктік газдар мөлшері азаяды, — дейді Б.Нұрғалиев.

 

Мұндай жобалар әлеуметтік нысандар — мектептер, ауруханалар, басқа да ғимараттардағы жылумен, сумен қамтамасыз ету үшін шығатын шығынды азайту үшін өте тиімді. Кәсіпкерлерге бұл бағытта екінші деңгейлі банктерден 130 860 000 теңгеге дейін қаражат беріледі. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 19 пайыздан аспайды. Оның 10 пайызы үкімет тарапынан субсидияланады. Бағдарлама талабы бойынша жобаны жүзеге асыру үшін кәсіпкердің қалтасынан қаржы шығару талап етілмейді. Субсидиялау уақыты — 3 жыл, оны 6 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік бар.

Автоматты бекеттің қандай пайдасы бар?

«Акватория Ақтөбе» — облыстағы ірі энергосервистік компаниялардың бірі. Серіктестік директоры Дмитрий Шрамконың айтуынша, бұл жобаның маңыздылығы сол — толықтай отандық өндіріс болғандығында. Тек сорғылар ғана шетелден әкелінеді, қалған жұмыстың барлығы осы жерде, осы компания алаңында жасалады.

— Серіктестік аумағындағы белгіленген аумақта арнайы қазандық дайындалады. Алдымен біздің мамандар оның 3Д форматтағы шағын моделін жасайды, содан соң біздің темір дәнекерлеушілер сол модельге қарап дайындайды. Бұл мәселеге өте жауапты қараймыз, себебі жылу жүйелері үлкен сапаны қажет етеді.

Елбасы биылғы халыққа Жолдауында атап көрсеткендай, бұл жобада жылу автоматтандыру нәтижесінде үнемделеді. Яғни қазандық тиегін адам сөндіріп-қоспайды, ол автоматты түрде өз жұмысын өзі реттейді. Автоматтандырылған жылу бекетін Ақтөбедегі Қазақ-орыс халықаралық университеті ғимаратына қондырдық. Біріккен Ұлттар Ұйымының жобасына қатыспай тұрып та бұл жұмысты жүргізіп келеміз. Мұндай автоматтандырылған жылу жүйелері қалалық әкімдікке, қаламызда термомодернизациядан өткізілген барлық үйлерге қондырылды. Мұның тиімділігі өте жоғары. Энергия тиімді пайдаланылады әрі ақша үнемделеді. Тереңдете айтсақ, мұның әлемдік, адамзаттық маңызы бар. Себебі табиғи ресурстардың азайып бара жатқаны әлемдік мінбелерден айтылып келеді. «Жасыл экономиканың» да мақсаты — осы, табиғи ресурстарды үнемдеп пайдалану. Сондықтан бізге осындай жобалар қажет, — дейді серіктестік басшысы.

Жылу жүйелеріне қажетті сорғылар «Grundfos» компаниясының Венгриядағы зауытынан әкелінеді. Өткен сенбіде Ақтөбеге аталған компанияның шетелдегі, еліміздегі өкілдері келіп, «Акватория Ақтөбе» серіктестігінің жұмысымен танысты.

Сол сапарында «Grundfos» компаниясының Қазақстанның бес қаласындағы өкілі Евгений Кондратенкомен пікірлескен едік:

— «Grundfos» компаниясының сорғылары өте сапалы, себебі олардың тиімді жұмыс жасау коэффициенті өте жоғары. Бүгінде бұл сорғылар Германия, Дания, Италия, Финляндия, Ресей сынды әлемнің 25-тен астам елінде қолданылады, — дейді ол.

Мұндай тиімді жобаны облыстағы әлеуметтік нысандарға да орнату маңызды. Алдағы жоспардың бірі — осы.

P.S. «Төменкөміртекті дамуға арналған тұрақты қалалар» жобасы еліміздегі 15 қалада жүзеге асырылып отыр. Оның нәтижесінде Қазақстан 2020 жылға қарай ауаға шығарылатын парниктік газдардың мөлшерін 1990 жылмен салыстырғанда 15 пайызға, 2050 жылдары 25 пайызға азайтып, ерікті түрде мойнына алған халықаралық міндеттемелерін орындайды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*