Басты бет » Денсаулық » Мәйіт донорлығын дамытуға не кедергі?

Мәйіт донорлығын дамытуға не кедергі?

Семинар

Ақтөбе медициналық орталығында мәйіт донорлығын дамытуға қатысты семинар өтті. Жиынға  танымал хирург, трансплантолог Жақсылық Досқалиев пен Астана қаласындағы трансплантация  және  жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығының директоры Серік Жарықов қатысты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, облыста мүше трансплантациясы жасалып жатыр. Бірақ әлі күнге дейін шешілмеген сұрақтар көп. Оның ішінде мәйіт донорлығына қатысты проблемалар бар. Қазіргі күні біздің облыстан бөлек Алматы, Астана және Шымкент қалаларында мүше ауыстыру оталары жасалады. Бірақ бәріне ортақ проблема — донор тапшылығы, оның ішінде мәйіт донорлығы. Трансплантация  және  жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығының директоры Серік Жарықовтың айтуынша, орталық 2012 жылы құрылған. Қазіргі күні республиканың барлық аймақтарында үйлестірушілері бар. Олар өз аймақтары бойынша мәйіт донорлығын анықтап, мүшені тіркеу, жеткізу секілді жұмыстарды атқарып отыр. Өткен жылы республика бойынша 24 мәйіт доноры тіркелсе, биыл 42-сі анықталған. Оның тоғызының ғана мүшесі жарамды болған. Ал Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасында 60 науқас көз жұмса, оның тек үшеуі ғана донор болды.

Өткен жылы Қазақстанда 208 бүйрек, 63 бауыр және 11 жүрек трансплантациясы жасалған, яғни барлығы 295 адамға мүше ауыстыру отасы жасалыпты. Мәйіттен мүше алу бойынша Солтүстік Қазақстан облысы алда болса, одан кейін Алматы, Астана, Қостанай қалалары тұр. Серік Жарықовтың айтуынша, ел медицинасында мәйіт донорлығын дамыту үшін барлық мүмкіндік жасалған. Мәселен, орталыққа бауыр, бүйрек мұздатылған күйінде жеткізілсе, жүрек пен өкпені 24 сағат сақтайтын және бір рет қолдануға арналған контейнер пайдаланылады. Бір контейнердің бағасы —  5 миллион теңге. Осы арқылы жүрек соғуын тоқтатпайды, сол күйі Астанадағы орталыққа әкелінеді. Жүрек ауыстыру отасы тек қана  Астанада жасалады.

Дәрігерлердің айтуынша, мәйіт донорлығы жыл сайын азайып барады. Ал кезек күтіп отырғандардың саны көп.  Сондықтан мәйіт донорлығын дамыту үшін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, жұқпалы дерті, созылмалы ауруы бар адамдардың да мүшесін пайдалануға рұқсат сұралып отыр. Бұл туралы Жақсылық Досқалиев былай дейді:

Елімізде  мүше трансплантациясы дамып келеді. Өкінішке қарай мәйіт донорлығы тапшы. Бұған себеп, мәйіт донорларының отыз пайызы ғана жарамды, ал қалғаны вирустық гепатит  В, С және туберкулез, сифилис секілді аурумен ауырған адамдар болып отыр. Әлгі айтылғандай, биыл анықталғандардың ішінде тоғыз адамның ғана мүшесі алуға жарамды. Өзгелері инфекциялық аурумен ауырғандықтан, олардың мүшесін өзге науқастарға  салуға заң бойынша рұқсат жоқ. Дамыған елдер мұндай мүшені  алып-салуға мүмкіндік береді. Себебі жұқпалы аурулар емделеді. Келер жылдан бастап біз де осы әдісті қолдануымыз мүмкін. Қазір ұсыныс жасап жатырмыз.

Сондай-ақ Кодекске балалардың мүшесін ауыстыру бойынша да өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Қазір елімізде бауыр, бүйрек, жүрек ауыстыруды қажет ететін балалар бар. Салмағы бес келіден асатын балаларға трансплантация өзіміздің елде жасалады. Ал қалғаны мемлекеттік тапсырыс бойынша шетелдерде жасалып жүр, — деді Жақсылық Досқалиев.

Трансплантологтың айтуынша, мәйіт донорлығын дамытуға тағы бір кедергі бар. Ол — тұрғындардың  мәселені дұрыс түсінбеуі. Егер азаматтар мәйіт донорлығына оң көзқарас танытар болса, бір адам бес адамның өмірін құтқарады. Ғалым бұндай ақпараты тек ресми жиындарда ғана емес, отбасылық басқосуларда да жиі қозғалуы керектігін айтады.

Жиында облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің найб имамы Қайрат Қуанышбекұлы мәйіттен мүшені алуға қатысты діни пәтуа туралы айтып берді.

Семинар аясында  Жақсылық Досқалиев егде жастағы Ырғыз ауданының тұрғынына ота жасады.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*