Бұқара

  • Тәрбие

90 ҚЫЗДЫҢ ЕСІМІН ТАСҚА ЖАЗСАҚ…

Ақтөбеде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ұйытқы болуымен елімізде бірінші рет «Анаға тағзым» атты аналар слеті өткізілгені мәлім.  Бұл шараға еліміздің түкпір-түкпірінен өз саласында жетістікке жеткен аналар, көпбалалы аналар бас қосып, ұрпақ тәрбиесі туралы пікірлерін ортаға салды. Ұрпақ тәрбиесі демекші, мен де осы тұрғыда өз ойымды білдірсем деп едім.

Қызы батыр ел — ұлы ел. Қазақтың батыр қыздары, соның ішінде Әлия Молдағұлова туралы көп дерек жинап, бірнеше кітап шығардым. Оны оқырман жақсы біледі. Оның сыртында Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған қазақ қыздары туралы да талай тың деректерді жинастырдым. Соның бірі — соғыс жылдарында майданға Шалқар ауданынан аттанған 90 қыздың тағдыры туралы мағлұматтар.

«Ақтөбе» газетінің 2005 жылғы сандарының бірінде «Әлияның құрбылары» атты шағын мақала жарияланды. Осы мақалада тоқсан қыздың екеуі —  Шынбөпе Есқожина мен Бәтима Тайлақова туралы мағлұматтар берілген.

Кейін осы қыздар туралы толық мәлімет алу үшін құзырлы органдарға хат жолдадым. Ақтөбе облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінен келген жауап хатта «Шалқар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің мұрағаттық есепке тіркеу бойынша, Ұлы Отан соғысы кезінде Шалқар ауданынан 90 (тоқсан) әйел шақырылғаны» туралы ақпарат алдым. Осы тоқсан қыздың тізімі де берілді. Бұл деректерді алу мен үшін үлкен олжа болды.

2010 жылы Шалқар қаласында облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен осы 90 қыздың көзі тірі ұрпақтарын жинап, «Қызы батыр ел — Ұлы ел» атты кездесу өткіздім. Оған 90 қыздың Астана, Алматы, Бішкек, Орынбор, Ақтөбе, Шалқар қалаларында тұратын ұрпақтары, сонымен бірге Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері қатысты.

Менің айтқым келетіні — бір ауданнан соғысқа тоқсан қыздың аттануы — өте сирек кездесетін жайт, бұл — біздің ұлы даланың тарихының бір парағы, сондықтан оны ұмытпауымыз, ұрпақ жадында сақтауымыз керек. Ол үшін 90 қызға арнап ескерткіш қойып, тасқа есімдерін жазсақ, тіпті көше атын берсек, дұрыс болар еді. Егер 90 қызға арналып ескерткіш қойылса, ұрпақ үшін патриоттық тәрбиенің нағыз үлгісі болар еді…

Ғалымжан БАЙДЕРБЕС,

«Қос шынар» қоғамдық қорының басшысы, әлиятанушы.

  • Үлгі

ЕЛ ШАРУАСЫН ТЫНДЫРҒАН…

Менің әкем Сүйесін Тілеумағанбетов 1894 жылы қазіргі Атырау жерінде, Қызылқоға ауданының Тайсойған өңіріндегі Сорқуыс деген жерде дүниеге келген. Заман ағымына қарай бел немере тумасы Халел Досмұханбетұлы, басқа да ағайындары бар, Ойыл жағына, нақты айтсақ, Жекенді бойына — Шилісайға қарай қоныс аударған.

Бір ұядағы Сүйесін, Демеу, Еңсеген және Мәнет — үш ұл, бір қыз, сүйенісіп ержетеді. Сүйесін үйдің үлкені болғандықтан, шаруаға ерте араласады. Ол Алашорданың Ойыл уәлаятын құрушы қазақ зиялыларының бірі Халел Досмұханбетұлының қолдауымен Алашорда әскерлеріне Көкжар жәрмеңкесінен азық-түлік, киім-кешек, мал, қару-жарақ, көлік дайындап, база, үй салып, сол жерге қоныстанған. Орындары әлі күнге дейін жатыр. Ол жер Сүйесін отары деген атпен тарихта қалып, ұрпақтары ескерткіш белгі қойды. Тілеумағанбет атамыз бен Ақсұлу әжеміздің де белгісі жаңартылды.

Кеңес үкіметі орнағаннан кейін әкеміз қолындағы малды халыққа он бес-жиырмадан үлестіріп, «өлтірмейсің, сатпайсың, жемейсің, өсіресің» деп бақтырып, кейін колхоз болғанда қайтадан жинап алған. Үкімет халықтан ет, май, жүн, жұмыртқа, сүйек, тағы басқаларын қабылдатқанда Сүйесінді Қараойға дайындаушы етіп жіберген.

Сол жерде «Қоныстану» деген колхоз құрылып, сонда басқарма болып қызмет жасаған. Қоныстану — Қараой колхозы, Қызылқорған ауылдық кеңесі болып іріленді. Сол кезде жеті жылдық мектеп салынды, ол кеңшар құрылғанда тұрғын үй ретінде пайдаланылды. Мұғалімдерге үй берілді. Үлкен клуб үйі бой көтерді, ауыл дәрігері тұрғынжаймен қамтамасыз етілді.

Көшенің қарсы бетінен үш бөлмелі кеңсе, басқарма, партком, бухгалтерге арнап салынған үйлер бой көтерді. Үлкен астық сарайы, трактор-машина оңдайтын гараж, көрік басатын ғимарат, монша — мұның барлығы сол кездің жүзеге асқан шаруалары еді.

Көзі тірісінде Құбай деген ағамыз: «Бала, сенің әкеңнің осы елге жасаған жақсылығы аз емес, ертең соны айтатын да адам қалмайды» деп біраз әңгіме айтқан.

Сол бір ескі жылдарда Жақсыбай бойына Әсия шешеміз бастаған әйелдерге қой саудырып, сүт өнімдерін жасатыпты, Балсекерге тауық бақтырып, жұмыртқа жинатқан. Құлақшиде сиыр саудырып, одан алынған майды Ойылдан агенттер алып кетіп отырған.

Әкеміз Сүйесінді сол кезде бюро, пленум мүшесі, депутат етіп сайлаған.

Осындай құрметке ие әкеміз 1955 жылы 25 ақпанда Ойыл ауруханасында қайтыс болғанда, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ідіріс Ерғалиев, прокурор Тілеген Шарагөзов бастаған азаматтар қарлы боранда трактор шанамен ауылға дейін келіп, Сырлыбай қорымына жерлеген.

Әкемізбен кезінде қатар жұмыс істеген Балай Өксікбаев, Ленин орденді малшы Мұқан Қодаров, тары өсіруші Есқайыр Шалқарбаев, ұста Аққали Айжарықов сынды әрқайсысы өзгеше бөлек тағдыр иелері бүгінде арамызда болмаса да, олардың жақсы есімдері ел ішінде айтылып отырады.

Ел тірлігіне белсене араласып, халықты жақсы істерге ұйымдастырып, өз заманында алдыңғы қатарда жүрген әкемізді біз, ұрпақтары, бүгін де мақтан тұтамыз.

Қаршыға СҮЙЕСІНҰЛЫ.

  • Ауыл

РУХЫ МЫҚТЫ АУЫЛДЫҢ, РУХАНИ АЗЫҒЫ КӨП…

Етектегі Кемердің кең алқабын қырдың үстінен көріп отыратын Шиқұдық елді мекенінде 40-қа жетер-жетпес түтін бар.

Малын бағып, төрт түлігін өсіріп, тіршілігін күйттеп отырған шағын ауылға көп ешкімнің жолы да, көзі де түсе бермейді. Жұмыс орны тек 9 жылдық мектеп пен ауылдық клубта ғана бар. Әзірге білім алып жатқан бала саны тұрақты. Мектеп директоры Мереке Аяпбергеновтің айтуынша, келер жылы мектеп табалдырығын 10 бала аттамақ. Осының өзі болашаққа деген үмітті бірлейді.

Ауылдың тарихы тереңде. Кезінде гүрілдеген колхоздың тағдыры да уақытпен бірге өзгерді. Сонау Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы тауқымет бұл ауылға да өз таңбасын салды. Соғыс жылдарында ауыл ер-азаматтарынан айырылса, соғыстан кейінгі жылдары ауылда бірнеше отбасын аналардан айырған сұмдық оқиға болды… Қазір біз аңыздай көріп, естіп жүрген сол оқиғаны ешкім ұмытуға тиіс емес. Соғыс біткенмен де колхоздың жұмысы әйел адамдардың күшіне зәру болған ғой. Сол жылдары өгіз арбамен шөпке барған бір топ әйел өртеніп кеткен. Олардың ішінде аяғы ауыр әйел және 16-17 жастағы қыз бала болған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, жұрт қалың өртке еш шара жасай алмаған. Өртенгендердің ішінде басқарманың да әйелі болған.

Бессай шағын ауылында болған осы бір тосын оқиға жұртшылықты есеңгіретіп кеткен еді. Дегенмен еңбекші ауыл тағдырдың ауыр соққысын артқа тастағанымен, ұмытқан жоқ…  Кейін Құлшығай, Бессай, Авангард, Теректі колхоздары іріленіп, қазіргі Шиқұдық елді мекені пайда болды.

Соғыстан кейінгі жылдары еңбек майданының майталмандары бұл жерде көптеп тер төкті. Сұм соғыс болған жылдар артта қалып, ғасыр алмасса да, Шиқұдық ауылының адамдары сол оқиғаны, еңбек майданында тер төккен ата-баба ерлігін ұмытқан жоқ. Жақында ауыл тұрғындары  бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ата-баба аруағына ас беріп, ауылда құрмет тақтасын орнатты.  Мақсат —  өткенді ұмытпау һәм ұлықтау, балаларды туған жерін құрметтеуге тәрбиелеу. Құрмет тақтасының ашылу салтанатында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Аманғосов, ауыл тұрғыны Қабидолла Мұхамбетқазиевтер ауыл тарихына қатысты біраз деректерді айтты. Құрмет тақтасына ауылдың алғашқы мекенінен бастап еңбек еткен соғыс құрбандары, соғыс және еңбек ардагерлерінің суреттері ілініп, өмір сүрген жылдары жазылған. Ауылдан ертерек көшіп, бұл күнде қалалық болғандар да кіндік қаны тамған жерге арнайы келіп, шараның өтуіне атсалысты. Осы шаруаны ұйымдастырып, басы-қасында жүрген Уәлихан Төлеуғалиев ауылдастарының қолдау білдіріп, жаппай атсалысқандарына алғысын айтты. Ал асқа арнайы келген Саралжын селолық округінің әкімі Абат Қаратауұлы туған жердегі ауқымды жұмыстарға белсене қатысып, «Туған жерге тағзым» аясында жанашырлық танытқан жандарға Алғыс хатын ұсынды. Сол күні кешке дейін Құрмет тақтасының алдынан кетпеген үлкендер ондағы әр тұлғаны естеріне алысып, істерін, елге жасаған қызметтерін айтып, ауыл тарихына тағы бір бойлады.

Самат НАРЕГЕЕВ,

Шиқұдық елді мекені,

Ойыл ауданы.  

  • Даму

ТОЙДАН ТӘБӘРІК

Биыл Байғанин ауданының құрылғанына 90 жыл толды. Осы той тұсында ауданда көптеген жаңа ғимараттар салынды. Соның бірі — «Жастар сo-working»  орталығы. 

Мұнда аудандық жастар ресурстық орталығы мен коворкинг орталығы біріге жұмыс жасайтын болады. Бұл  орталықта жастар өкілдері мен жастар ұйымының жұмысын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ұжымдық кеңсе қызметі болмақ.

Ғимаратта шағын кітапхана бұрышы мен конференц-зал, теолог және психолог мамандарға арналған бөлме, галерея-музей, мамандар бөлмесі болады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар жастар арасында бүгінде сұранысқа ие PlayStation, биллиард, шахмат, үстел теннисі секілді бірнеше үстел ойындарымен жабдықталған демалыс бөлмесі де жасақталмақ. Бұған қоса жастардың түрлі бағдарламалар мен электрондық порталдарға еркін кіріп, өзіне қажетті мәліметтерін ала алуы үшін тегін, шексіз интернетке қосылған компьютерлік кабинеті ашылады.

Жұмысын төрт жыл бұрын бастаған жастар ресурстық орталығы бұған дейін үнемі ғимараттан-ғимаратқа көшіп жүрген еді.  Бүгінде орталық аудан бойынша 13 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қарауылкелдіден бөлек 5 ауылдық округте тікелей орталыққа қарайтын нұсқаушы мамандар бар.

Аудан бойынша 6641 жаспен тығыз жұмыс жасап отырған орталық басшысы:  «Қызметкерлер жабық кабинетте жұмыс жасауы керек» деген қасаң стереотипті бұзып, бөлмелерді есіксіз қалдырғымыз келеді. Мұндай жағдайда жастармен бұдан да жақынырақ бола аламыз», — дейді. Аталған нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары мен жобасында байғаниндік жастардың қолтаңбасы бар. Жобаны Айтуған Тәжімұратов жасаса, құрылыс-монтаждау жұмыстарын Сейітзада Саламатов басқаратын «Vip Story Astana» ЖШС жүргізді. Ғимарат барынша заманауи үлгіде салынды. ХХІ ғасырдың сәніне айналған ART дизайны да осы ғимаратта үйлесім таппақ.

—  Облыс бойынша алғашқылардың бірі болып өз ғимаратымызға қол жеткізіп отырмыз. Осы кезге дейін ғимараттан-ғимаратқа көшіп жүрсек те, облыста жоғары деңгейге жетіп жүрген орталықтардың біріміз. Сондықтан бұл ауданның 90 жылдық тойы тұсында аудан әкімдігі тарапынан біздің жұмысымызды бағалап, жасап жатқан сыйы деп түсіндік, — дейді ЖРО басшысы.

Ауданның тойы қарсаңында бой көтерген тағы бір ғимарат — «Шығармашылық орталығы». Тамыз айында ашылған орталыққа аудандық Оқушылар үйі жайғасып үлгерді. Мұнда жас әдебиетшілер, радиотехника, қолөнердің бірнеше түрі, бейнелеу өнері, өлкетану, сурет және дизайн, қолданбалы-декоративті өнер, шебер қолдар, сурет, би, ақындар клубы сынды 14 үйірме жұмыс жасайды.

Жаңадан салынған ғимарттардың тағы бірі — «Оңалту орталығы». «СНПС-Ақтөбе мұнайгаз» компаниясының демеушілігімен тұрғызылған орталықта монтессори, музыка, емдік-дене шынықтыру, сенсорлы психология, әлеуметтік мұғалім, логопед, медициналық, сонымен қатар меңгеруші мен әдіскерге арналған кабинеттер болмақ. Ауданның тойы тұсында бой көтерген қос орталық балалар үшін үлкен сый болды.

Арайлым ҚАСЫМ,

Байғанин ауданы.

  • Өнеге

ЖАҚСЫДАН ҚАЛҒАН ІЗ

Әр күнге өзіндік өзгерістерін қалдырып, тоқтаусыз өтіп жатқан уақыт еншісінде бүгінгі болған жаңалық ертең-ақ тарихқа айналуы заңдылық сияқты болып көрінеді. Жалпы игілікті іске шынайы бағасын беретін жұртшылық белгілі бір салада айрықша қызмет атқарған, лайықты қолтаңбасын қалдырған адамның еңбегін ұмытпай айтып жүреді.

Осы тұрғыда Ырғыз өңірінде рухани іс-шараларға елеулі үлесін қосқан Сәндібек Байжиен есімін көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауым жете біледі десек, асыра айтқандық болмас.

Сонау еліміздің Тәуелсіздігін алған кезеңде өзінің нақтылы қызметіне қоса қоғамдық негізде он жылдан астам аудандық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық ұйымының төрағасы болған ол қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Ырғыз жерінде тіліміздің, діліміздің, тарихымыздың өркендеуіне барынша күш салды. Әрине, бұл ретте Сәндібек ағамыз өзі сияқты ұлттық құндылықтарымыздың шынайы қамқоршыларымен бірлесе қимылдап, тарих ақтаңдақтарына айналған деректерді тірілтуге, ұлттық салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғыртуға, халқымызға тән үрдістердің қалпына келуіне жігері мен білімін жұмсай білді. Әсіресе, ол 1728 жылғы Бұланты өзенінің Сарысуға құятын жеріндегі және Балқаш көлінің оңтүстігіндегі 1730 жылғы Аңырақай жазығындағы жоңғар басқыншыларына қарсы соғыста батырлығымен тарихта қалған, 1726 жылы жоңғарларға қарсы күресте Ордабасыдағы халық жиналысында Үш жүздің бас қолбасшысы болып сайланған Әбілқайыр ханды дәріптеуге үлкен күш салды.

Мәселен, 1997 жылы аудандық «Ырғыз» газеті бетінде «Әбілқайырға құрмет көрсетілсе» деген мақала жариялап, бірқатар ұсыныстарын білдірді. Соның ішінде жазылған «Ленин көшесіне жерлесіміз, Кіші жүздің ханы Әбілқайыр есімі берілсе» деген ұсынысы кейін қолдау тапты. Ал 1998 жылдың аяқ шенінде республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Әбілқайыр хан: тарихи ақтаңдақтар» атты зерттеу мақаласы зиялылар арасында, тарихшылар ортасында тиісті бағасын алды. Сәндібек Байжиен осы мақаласы үшін сол жылғы таңдаулы мақалалар арасында топ жарып, «Қазақ әдебиеті» сыйлығының лауреаты атанды.

Тәуелсіздігімізді алар тұста Сәндібек ағамыз баспасөз беттерінде елдік мәселелер жөнінде көптеген мақалалар жариялады. Ырғыз елінің қадірлі азаматы, туған өлке тарихының білгірі Сейілхан Оразымбетовпен бірлесіп жазылған «Қайырымың қайда кетті, қайран Ырғыз?» атты проблемалық мақала көпшілік арасында қозғау салғаны жадымызда. Мұнда нарықтық экономикаға көшер сәтте халықтың қолдан келер кәсіпке бейімделуі, имандылыққа бет бұру сияқты өміршең мәселелер көтерілген еді.

Сәндібек ағамыз сегіз қырлы, бір сырлы жан болатын. Жас кезінде спортпен айналысып, еркін күрестен КСРО спорт шеберлігіне кандидат дәрежесін алып, көптеген республикалық, облыстық бәсекелерде топ жарды. Ол кісінің білім саласында атқарған қызметі де қомақты. Мемлекеттік қызметте еңбек еткен шағында да елдік мәселелердің басы-қасында жүріп, ұлтымызға қатысты шаралардың оң шешілуіне ықпалын тигізді. «Ырғыз» энциклопедиясын құрастырушылардың бірі болды. Осы орайда ақын Абдолла Жұмағалиевтің «Артыңда ізің калды ма, келешек мақтан етерлік» деген өлең тіркестері еске түседі. Сырт жерге шыққанда зиялы азаматтардың Сәндібек ағам туралы сұрағанына талай куә болдым. Шын мәнінде, Сәндібек Байжиен — артында із қалдырған азамат!..

Марат МЫРЗАЛЫ,

Ырғыз ауданы.  

  • Өмір

ӘЖЕМНІҢ ТЕКЕМЕТІ

Ата-ана… Әсіресе, балалар үшін ең қадірлі, қасиетті жандар. Олар барда төбең көкке жетіп, өзіңді бақытты сезінесің.

Мен үшін ең жақын адам нағашы әжем болды. Сондықтан мен ата-анамның орнын басқан әжем туралы жазғалы отырмын. Кішкентайымнан нағашы әжемнің қолында өстім. Анам  жұмыс істеуге қалаға кеткен, ал әкем туралы көп білмеймін.

Сөйтіп, ауылдың мектебінде оқыдым. Әжемнің аяулы алақанының жылуын ерте сезіндім. Сабақтан жылдам үйге қайтуға асығушы едім. Өйткені әжем де ыстық бауырсағымен, құрт, май-қаймағымен, ыстық шайын қойып, күтіп отыратын. Бәрінен бұрын тамақтың тәуірін менің аузыма тосушы еді.

Менің әжем әңгімешіл, ескі әңгімелерді, қисса-дастандарды, ел ішіндегі қызықты оқиғаларды айтушы еді. Ол кісілерді мен танымасам да, өзі айтып, мәз болып күлетін (осы кезде ойласам, ауыл адамдарының әзілкеш, қалжыңы жарасқан қызықты сәттерін есіне түсіреді екен-ау…). Әжем көңілді болса, мен де көңілдімін.

Кейде сырқаттанып қалады. Әбігер болып жатқаным… Дегенмен әжем ауруға берілмейтін. Қолы қарап отырмайды. Маған жылы шұлық тоқиды. Ісмерлігі соншалық — ауылдағы тұрмысқа шығатын қыздардың көрпе-төсегін тігіп беруге де ерінбейді. Мен әжемнің  арқасында киіз қалай басылатынын, текемет қалай өрнектелетінін білдім.

Әжем оңаша сөйлесіп отырғанда анам туралы үнемі жақсы айтып отыратын: «Ол жас, жұмыс істеуі керек, ауылда жұмыс жоқ, саған киім-кешек, керек-жарақтарыңды әкеледі», — дейді. Мені әр каникул сайын қалаға анама апарып тұратын.

Осылайша уақыт өтіп жатты. Үшінші сыныпқа келгенде мені анама табыстайтынын айтты. Мен қиналып, әрең көндім. «Міне, қарашы, қызым, қандай әдемі текемет, саған сыйға тартамын» деп, өзі де мені қимай, әбігерленіп жүр…

Осы күні ойласам, әжем сырқаттанып жүрген екен ғой. Анама көзінің тірісінде табыстағысы келгені ме деп те ойлаймын. Жаңа ортаға сіңісу, үйреніп кету оңай болған жоқ. Мен үшін күйзеліс басталды. Күндердің бір күнінде ауылдан қоңырау шалды. Анамның даусы дірілдеп, көзінен жас парлады. Мен «Не болды, не болды?» деп сұрай бердім. «Әжең, әжең…» деп отыра кетті.

Мен бәрін түсіндім. Көз алдымда құдды бір әлем көшіп кеткендей, жапанда жалғыз қалғандай сезіндім.

Мен әжем сыйға тартқан текеметтің үстінде еңкілдеп жылап, ұзақ отырдым. Бұл текемет көп нәрсені еске түсірді. Ақ жаулықты әжемнің жіп иіргені, көрші әжелермен жүн түткені, киіз басқан кейпі көз алдымнан өтіп жатты… Дөңгеленіп  жүн сабап отырған әжелердің ортасында ақ әжем ерекше жарқырап отыр. Әжем берген текеметті алақаныммен сипап: «Көзімнің қарашығындай көрсін деп сыйға тартқан екен-ау!» деген ойға шомдым.

Ойыма Фариза апаның өлеңі орала кетті.

«Түрін-ай текеметтің! Асыл қандай!

Үңілдім үнсіз ғана басымды алмай.

«Келе ғой, қошақаным, өзіме!» — деп,

Әжем кеп сипағандай шашымнан жай», — деген ақын апа менің жайымды қалайша дөп басып жазған?! Ол кісі де өз әжесін дәл мендей сағынған екен ғой. Сағыныштан туған жыр.

Анам мені аяп кетті білем, қасыма келіп бауырына тартты. Енді менің анам да, әжем де осы кісі. Дегенмен әжемнің ыстық алақанының табын әлі де сезінемін.

Арада біраз жыл өтті. Қазір жетінші сыныпта оқимын. Биыл №32 мектеп-гимназияға ауыстым. Бір қызығы, бұл мектепте қолөнер үйірмесі бар екен. Осы қолөнер үйірмесіне қатысып, әжемнен көргенімді, үйренгенімді жалғастырғым келеді.

Әжемді сағынғанда кереуеттің тұсындағы текеметке қарап:

«Елестеп көз алдыма сол шақтарым,

Келгенде құлағыма аңсатқан үн.

Түрінен текеметтің көріп тұрмын,

Әжемнің тарамыс саусақтарын», — деп есіме түсіріп қоямын.

Мерей ЖҰМАҚАНОВА,

№32 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Оқырман хаттарын топтастырған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*