Басты бет » Білім » Тарихы терең мектеп

Тарихы терең мектеп

Шалқар қаласында Кеңес Одағының Батыры Ідіріс Үргенішбаевтың есімі берілген мектептің ашылғанына 60 жыл толу мерейтойы аталып өтілді. Бұл білім ордасы 1958 жылы №496 теміржол 7 жылдық мектебі болып ашылды. 1964 жылдан бастап мектепке Кеңес Одағының Батыры Ідіріс Үргенішбаев есімі берілді.

Мектептің алғашқы директоры Шәуен Елмағанбетов еді, оның жақсы ісін кейін тәжірибелі ұстаздар Жақай Қоқанов, Ниеталы Мырзатаев, Серғазы Сауханов жалғастырды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын мектеп түлектері Әбужан Есбосынов, Саматбай Ноғаев, Қонысбай Дәулеталин, Сәлижан Оспанов І.Үргенішбаевқа арнап  батыр бюстін орнатты.

2009-2011 жылдар аралығында 25 мұғалім облыс әкімінің грант иегері атанды.

1993 жылдан бастап жыл сайын 9,10,11 сыныптың озат оқушыларына Кеңес Одағының Батыры І.Үргенішбаев атындағы  стипендия берілу үрдіске айналды.

Мектепте алғашқы жылдары қызмет еткен ұстаздар қатарында Зиляш Дәуітов, Мәруа Атауова, Асыл Әлиева, Әлпен Науанова, Бақи Тәңірбергенов есімдері құрметпен аталады. Одан кейін Орынбасар Өтегенов, Шаһмарал Жолдасбаев, Сәбетбай Елубаев, Айша Базарбаева, Салтанат Қыстаубаева, Қанипа Баймағанбетова секілді келесі буын өкілдері келді.

Салтанатты жиында он екі жыл директорлық қызметті атқарған Ниеталы  Мырзатаев аға шежіреден сыр тартты. Мектеп шағын, бала саны көп болған тұстарда  жаңа ғимараттың салынуына ықпал еткен теміржол басқармасы білім бөлімінің басшысы болған Бекет Есенжоловтың еңбегі өлшеусіз екені осы жиында атап айтылды.

Жанайдар Құдайбергенов басшылық еткен тұста дарынды оқушылардың жетістіктері көп болды.

1968 жылы тұңғыш «Алтын медаль» иегері атанған Сайлаубай Байсанов ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды, академик дәрежесіне қол жеткізді.

Қазіргі таңда  мектеп ұжымы оқытудың жаңа технологияның әдіс-тәсілдерін пайдалану арқылы дарынды оқушыларды дер кезінде анықтап, шәкірттерді шығармашылыққа баулуды парыз санайды. Үш тілді меңгеру, мектепті компьютерлендіру, интернетпен  жұмыс істеу, электронды журналды пайдалану жүйелі түрде  жүргізіледі.

Осыған дейін алтын ұясынан 4774 түлекті өмірге қанаттандырған ұстаздар еңбегінің бағасы өлшеусіз. Өткен оқу жылында бітірген түлектердің  12-сі мемлекеттік грант иеленсе, Ұлттық бірыңғай тесттен 130 балл жинап, аудан бойынша алдыңғы санаттан көрінген шәкірттеріміз болуы біз үшін мақтаныш.

Мектеп мерейтойына  25-ке жуық ардагер ұстаз қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев мектеп ұжымын құттықтап, марапаттау рәсімін жасады. Мерейтойға мектептің С.Шаңғұтов, Ғ.Дәулеталин, Е.Махамбетов,

Г.Жантілеуова, К.Жұмабаева секілді танымал түлектері көптеп қатысты.

Мәдениет үйінде өткізілген мерекелік шарада Кеңес Одағының Батыры І.Үргенішбаевтың ерлік жолынан «Даңқты есім» атты көрініс көрсетіліп, «Қаһарман» әні ер балалар хорының орындауында айтылды. Мектеп  тарихына арналып жазылған «Естен кетпес естеліктер» атты кітаптың тұсаукесері жасалды.

Шолпан МҰҚАНОВА,

І.Үргенішбаев атындағы орта

мектептің директоры.

Шалқар ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*