Басты бет » Басты жаңалықтар » «Жас Ақтөбе – 2018» қайырымдылық балы өтті

«Жас Ақтөбе – 2018» қайырымдылық балы өтті

Ақтөбеде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында «Жас Ақтөбе-2018» қайырымдылық балы өтті. «Әсем» оқу-танымдық лагерінің базасында өткен жастар балына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, басқарма басшылары мен депутаттар, белсенді жастар мен жас мамандар қатысты.

Шара барысында мемлекеттік жастар саясатының дамуына үлес қосып, облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, зор үлес қосқан жас азаматтар әр сала бойынша «Жас Ақтөбе-2018» облыстық жастар сыйлығымен марапатталды.

Жастарды құттықтаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев елімізде Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында жастар саясаты мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп жатқандығын атап өтті.

— Қазақ еш уақытта жетімін, жесірін жылатпаған. Еліміз тәуелсіздік алған 27 жыл ішінде біздің мемлекет ата-ана қамқорлығынан айырылған, мүмкіндігі шектеулі балаларға барынша жағдай жасап, көмек көрсетіп келеді. Облыс жастарының ұйымдастыруымен өтіп жатқан бүгінгі қайырымдылық балы соның бір көрінісі. Жастар — тәуелсіз еліміздің болашағы. Олардың бойында күш, қайрат, жігер, білім, тың идеялар бар. Тек соларды дұрыс пайдалана білу керек. Мемлекет басшысының бастамасымен келер жыл Жастар жылы деп жарияланды. Елімізді жаңа белестер мен жетістіктерге жеткізетін жастарды біз қашан да қолдауға дайынбыз. Жуырда ғана «Жас барыс» жастар форумын өткіздік. Форум барысында жастардың ойларын, ұсыныстарын тыңдадық. Келер жылдан бастап жастар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша жұмыстарды бастап, жүзеге асыруымыз керек. Біз жастардың барлық бастамалары мен идеяларын қолдауға әзірміз, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, 2016 жылы облыс әкімі шығармашыл және дарынды жастарды ынталандырып,  айтулы еңбектерін елеу мақсатында «Жас Ақтөбе» сыйлығын бекіткен болатын. Ол жыл сайын түрлі аталымдар бойынша табысталады. Осы жылы оған оқуда, жұмыста және шығармашылықта үздік нәтижеге жеткен 10 жас ие болды.

Облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Бекниязованың айтуынша, биылғы «Жас Ақтөбе – 2018» облыстық жастар сыйлығы «Жыл жұлдызы», «Үздік Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы», «Үздік жастар ресурстық орталығы», «Үздік жұмысшы жастар кеңесі», «Үздік жас өнерпаз», «Үздік волонтерлық топ», «Үздік жас спортшы», «Үздік жас журналист», «Үздік  жас қызметкер», «Үздік ауыл жасы» номинациялары бойынша тапсырылды.

«Жас Ақтөбе – 2018» байқауына қатысып, облыс әкімінің 100 мың теңге көлеміндегі сертификатына ие болған жастардың бірі — Ақбота Серік. Қобда аудандық ауруханасында салауатты өмір салтын сақтау дәрігері болып қызмет ететін Ақбота «Үздік жас қызметкер» номинациясы бойынша үздік деп танылған.

— Біздің елімізде салауатты өмір салтын жанына серік етіп, оқимын деген жасқа қашан да қолдау бар. Бүгінгі шараны ұйымдастырушыларға, облыс әкімдігіне алғысым шексіз, — дейді Ақбота.

Сондай-ақ шара барысында қайырымдылық аукционы ұйымдастырылып, ақтөбелік суретшілердің картиналары мен қолөнер жұмыстарының бұйымдары сатылды. Аукционнан түскен 1 млн теңге көлеміндегі қаражат ерекше қажеттіліктері бар жастар мен медициналық колледжде оқитын жетім балаларға берілді.

Шара соңында қайырымдылық балы концерттік бағдарламамен жалғасып, би кешіне ұласты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*