Басты бет » Басты жаңалықтар » Елбасының Тәуелсіздік туралы ой-толғамдары

Елбасының Тәуелсіздік туралы ой-толғамдары

«Егер біз мемлекет болып тұрғымыз келсе, өзіміздің мемлекетімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халықтың руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн».

***

«Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын Республиканың жер бетінде бар болғаны үшін тарихтың әр тұсында осы елді, осы жерді қорғаған қайсар жандардың аруағының алдында қашанда қарыздармыз».

***

«Қазақстанда тұратын әрбір адам өзін осы елдің перзенті сезінбейінше, болашағына сенбейінше, біздің жұмысымыз ілгері баспайды».

***

«Өзін-өзі қорғай алатын елдер ғана өсіп-өркендеген».

***

«Біздің басты мақсатымыз — 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру».

***

«Халықтың бірлігі Қазақстан мемлекеттігінің негізі ғана емес, сонымен бірге біздің мәңгілік құндылығымыз да болып табылады».

***

«Халқымыздың татулығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуының басты шарты.

Осылайша байлығымызды бағалай білу, оны жас ұрпағымыздың жүрегіне ұялату жарқын болашағымыздың кепілі болмақ.»

***

«Қазақстандықтар — елдегі тыныштықты сақтап, татулық пен келісім, жасампаздық пен достықты қадірлейтін ұйымшыл халық».

***

«Мен өз халқымның көнбеске көніп, шыдамасқа шыдай білетін төзімділігіне қайран қаламын. Мәңгіліктің қатыгез тасқыны біржолата мүжіп, біржолата үгіп, біржолата шайып әкететіндей талай қилы кезең тұсында қиналса да, аман қала алыпты.»

***

«Мемлекетіміздің діңгегі — қазақ халқы. Ел де, жер де  қазақтыкі. Ел болудың ұяты да біздің жұрттың мойнында».

***

«ХХІ ғасыр қазақ халқының жұлдызы жанатын ғасыр болатынына сенемін.»

***

«Еліміздің басты байлығы, ең қастерлі қазынасы жердің астында емес, үстінде де емес — адамдардың жүрегінде».

***

«Алда тұрған сын белестерден білекке – білек, жүрекке – жүрек, тілекке тілек қоса білсек қана абыройлы өте аламыз».

***

«Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар.

Әлемде егемен Қазақстан бар.

Оның көпұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар.

Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар.

Ең бастысы — бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар.

Сол күнге берік сенім бар!»

***

«Тәуелсіздік Туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек».

***

«Қазақстанның аспан түстес Туының бетінде алтынға айналған бүркіт қанат керген. Осынау келіскен мазмұнды да мағыналы нысанның бойында табиғат та, тіршілік те, тарих та тоғысып жатыр».

***

«Тәуелсіздік — бұл ең алдымен елдің экономикалық дербестігі».

***

«Қазақстан халқы біртұтас, бірлігі мызғымас кемел елге айналды.»

***

«Біз, Қазақстан халқы, ядролық бұғаудан еркіндік арқасында арылдық. Тек қана бейбіт жолмен алға басуымыз да тәуелсіздіктің арқасы».

***

«Семей полигонын жабу және ядролық қарудан бас тарту  Тәуелсіз Қазақстанның адамзатқа берген алғашқы игілігі болды.»

***

«Желтоқсанның ызғарлы табиғатын жұмсартып, жанымызды жарқын шуаққа бөлеп, көк аспан көңілімізді шайдай ашқан мемлекеттік мерекеміз біздің тарихи көшімізді ғасырдан-ғасырға жалғай береді».

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*