Басты бет » Жаңалықтар » Жаңа сот жұмысқа қосылды

Жаңа сот жұмысқа қосылды

Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақтөбе қаласының Алматы ауданында жаңа сот ашылды. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Жоғарғы сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Қайрат Елібаев, сонымен қатар, мемлекеттік және құқыққорғау органдарының басшылары, ардагерлер мен сот жүйесінің қызметкерлері қатысты.

Жаңа соттың айрықша ерекшелігі – онда азаматтарға ыңғайлы болу үшін өз-өздеріне қызмет көрсету аймағы мен ақпарат орталығы, медиаторлардың, қорғаушылар мен нотариустардың кабинеттері жұмыс жасайтын өңірдегі бірінші фронт-кеңсе ашылды. Екі қабатты заманауи ғимарат халық легінің көптігін ескере отыра жобаланған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы жағдайлар жасалған. Осындағы барлық алты зал да аудио-бейне жазба жүйесімен жабдықталған.

Ғимараттың материалдық-техникалық жарақтануын қарап шыққан Бердібек Сапарбаев сондай-ақ, электронды сот ісі мен «смарт сот» пилоттық жобасының жұмысымен танысты.

«Сапалы сот төрелігі үшін жағдай жасау – Елбасының маңызды басымдықтарының бірі. Бұл ғимаратта қызметкерлер ыңғайлы жұмыс істеулері үшін және келушілерге барлық жағдай бар. Басты міндет – сот төрелігін атқару кезінде заңдылықты, ашықтық пен айқындықты қамтамасыз етіп, азаматтармен жұмыс кезінде бюрократия мен әуре-сарсаңды барынша болдырмау»,- деп атап өтті облыс әкімі соттармен және сот қызметкерлерімен әңгіме кезінде.

Облыс басшысы жиналғандарды ҚР Тәуелсіздігі күнімен құттықтап, халықтың соттарға деген сенімдерінің артуын тіледі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*