Басты бет » Жаңалықтар » Қауіпсіздік пен құқық тәртібі сақталуы тиіс

Қауіпсіздік пен құқық тәртібі сақталуы тиіс

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен ведомоствоаралық комиссияның көшпелі мәжілісінде облыстық полиция депаратментінің ағымдағы жылдың он бір айындағы жұмыс қорытындылары қаралды.

Мәжіліске облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыс прокуроры Марат Қайбжанов, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Облыстық полиция департаментінің басшысы Махамбет Әбисатовтың есебін тыңдаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бірқатар проблемалық мәселелерді, оның ішінде облыстағы қылмыстық ахуалдың нашарлап кеткендігін атап көрсетті. Қылмыс ашудың төмендеуі жағдайында қылмыстық құқықбұзушылықтың, ұрлық пен тонаудың, орта дәрежедегі және аса ауыр қылмыстардың, көше қылмысының өсуі байқалады. Осындай жекелеген көрсеткіштердің өсуі Ақтөбе қаласында, Хромтау, Мұғалжар, Әйтеке би аудандарында орын алды.

«Полицияның жұмысы айтарлықтай төмендеп кетті. Біз бұл мәселені жартыжылдықтың және тоғыз айдың қорытындысы бойынша да қарастырғанбыз, алайда, өкінішке қарай тиімді шаралар қабылданған жоқ. Қазіргі уақытта қылмысты ашу және жалпы қылмыс деңгейінің өсуі республика бойынша алғанда біз ең төменгі көрсеткіштер қатарында тұрмыз», — деп атап көрсетті облыс басшысы.

Облыс әкімі облыстық полиция департаментінің және аудандық ішкі істер бөлімдерінің кейбір басшыларының көрсеткіштерді төмендеткені үшін жеке жауапкершілігі мәселесі салалық министрлік деңгейінде қаралатындығын жеткізді.

Мәжіліс қорытындысы бойынша облыс басшысы өңірдегі ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Ол ұрлықтың барлық түрінің алдын алуды жандандыруға, жасөспірімдер қылмысын болдырмау мен ата-аналардың өз балаларының тәртібі үшін жауапкершілігін күшейтуге, тәртіп сақшыларының біліктілігін арттырып, қызметтік тәртіп деңгейін сақтауға назар аударды.

«Сіздерге елеулі дәрежеде қолдау жасалуда. Биылғы жылдың өзінде ғана ішкі істер органдары жүйесін ұстауға, материалдық-техникалық базаны жақсартуға 7,2 миллиард теңге бөлінді. Барлық полиция учаскелік инспекторлары, облыстың жол полициясы осы аптада толығымен қызметтік көліктермен қамтамасыз етілетін болады. Мемлекеттің осындай қуатты қолдауына ие бола отырып, сіздер облыс тұрғындарын заңдылықтың, құқық тәртібі мен қоғамдық қауіпсіздіктің барынша сақталуымен қамтамасыз етуге міндеттісіздер», — деп түйіндеді кездесуді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*