Басты бет » Басты жаңалықтар » Бірлік — береке бастауы

Бірлік — береке бастауы

Кеше Ақтөбеде «Ел бірлігі — қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттырудың негізі» деген атпен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясы өтті.

Жиынға облыстық ҚХА ардагерлері мен жастар қанатының мүшелері, этномәдени бірлестіктер мүшелері, Ақтөбе қаласы және аудандар әкімдері, мемлекеттік органдар басшылары, зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен діни бірлестіктердің жетекшілері қатысты.

Облыс әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Бердібек Сапарбаев жиынды аша отырып сөйлеген сөзінде:

— Қазақстан әу бастан-ақ әлеуметтік бағдарланған мемлекет ретінде құрылғаны баршаңызға белгілі. Бүгінгі күні елімізде халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, өз кәсібін ашуға талпынған азаматтарды шағын несиелер арқылы қолдау, газдандыру, еңбекақыны көтеру, жастар мен ауылды қолдау және басқа бағыттарда көптеген жұмыстар жасалып жатыр және бұл жұмыстарды жандандыра түсу көзделген. Елбасының биылғы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі мен 5 қазан күнгі «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында өмір сүру деңгейін одан әрі арттыру мақсатындағы нақты міндеттер алға қойылды. Біз бүгінгі және болашақ табыстарымыздың негізі, іргетасы — мызғымас ынтымақ-бірлігіміз екенін әрдайым есте ұстауымыз керек, — деп атап өтті.

Сессияға қатысушылар алдында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Нұрбақыт Барбосынов 2018 жыл ішінде атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама оқыды. Баяндамада айтылғандай, биылғы жылы этномәдени бірлестіктердің, сондай-ақ, облыстық ҚХА жанындағы «Бірлік» ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, ғылыми-сараптамалық кеңес мүшелерінің қатысуымен 520 іс-шара өткізілген. Этномәдени бірлестіктер жанындағы шығармашылық ұжымдары қала және аудандардағы барлық мәдени-көпшілік шараларға белсене атсалысып келеді. Ұлттық Домбыра күнінде дүниеге келген 16 сәбиге домбыра аспабы сыйға тартылды. Сонымен қатар, А.Төлеуов, Г.Тертерян, Ш. Каспранов, т.б. кәсіпкерлердің қолдауымен 300-ден астам қайырымдылық шара ұйымдастырылған. Биыл облыстық ҚХА мүшелері қатарында жастардың саны артып, олардың үлесі 15 пайызға жеткен.

Алдағы жылға жоспарланған іс-шаралар отбасылық құндылықтарды насихаттау, сондай-ақ, жастармен жұмысты жандандыра түсуге бағытталған.

Жиында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы жеңімпаздарының бірі, мүгедектер арбасына таңылғанына қарамастан, табысты кәсіпкер әрі байрақты додаларда ел намысын қорғап жүрген спортшы — Шахан Жолдасбаев, облыстық ҚХА жанындағы аналар кеңесінің мүшесі, С.Бәйішев атындағы әлеуметтік-медициналық колледждің директоры Бақыт Көлбаева, шешендердің «Вайнах» этномәдени бірлестігі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Хасан Сагаев, облыстық ҚХА-ның жастар қанатының мүшелері — Рита Клютова мен Диана Назаровалар сөз сөйледі. Өз сөздерінде олар  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына орай ой-пікірлерін айтты, еліміздегі бірлік пен татулықты сақтаудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөліне тоқталды және алдағы жылы атқарылар жұмыстар бойынша ұсыныстарын жеткізді.

Жиында бірқатар азаматтар облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы қатарына қабылданды. Сондай-ақ облыс әкімі жыл қорытындысы бойынша облыстық ҚХА жұмысына белсене қатысқан азаматтарға марапаттар табыстады. «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени орталығының төрайымы Элвира Хабибуллина —  Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен, кәсіпкер Шамиль Каспранов ҚХА-ның «Жомарт жан» төсбелгісімен, облыстық ҚХА-ның «Бірлік» ақсақалдар кеңесінің төрағасы Еркін Құрманбеков — ҚХА-ның Құрмет грамотасымен наградталды. Сондай тағы бір топ азамат Алғыс хаттармен марапатталды.

Осы салтанатты жиынға орай облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қазақтың қара домбырасын тартып үйренген өзге ұлт өкілдері жастарына ұлтымыздың киелі аспабын сыйға тартқан екен. Барлығы 20 жасқа домбыра сыйға берілген. Жиыннан кейін олар Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратының көрме залында қонақтарды қазақ күйлерін құйқылжыта тартып қарсы алды. Жұртшылық назарына облыстық ҚХА жанындағы аналар кеңесіне және этномәдени бірлестіктерге мүше шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар көрмесі, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының ІІ кезеңі бойынша сурет көрмесі, этномәдени бірлестіктер жанындағы шығармашылық ұжымдарының концерті ұсынылды.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*