Басты бет » Әлеумет » Қызмет көрсетті, кеңес берді

Қызмет көрсетті, кеңес берді

Жәрмеңке

Кеше Ақтөбе қаласындағы Халықтық кеңсе ғимаратында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мен Ақтөбе қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкеде азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсетудің үлкен сұранысқа ие салалары, атап айтсақ, жер қатынастары, қала құрылысы, білім, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік,  әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, т.б. бойынша кеңестер беріліп, қызмет көрсетілді.

  • Бүгінгі шара мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту, электрондық мемлекеттік қызметтерді өзектендіру, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы электрондық портал көмегімен көрсетілетін қызметтерді рәсімдеудің артықшылықтарын халыққа насихаттау, көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Жәрмеңкеде тұрғындарға мемлекеттік органдардың мамандары әр сала бойынша тегін кеңес беріп жатыр. Мұндай шаралар бүгінгі күні тек облыс орталығында ғана емес, барлық аудандарда өткізілуде, — дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы Ислам Алпысбаев.

Аталған жәрмеңкеге келгендердің бірі — Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлнафис Қуанышева. Отбасында 4 бала тәрбиелеп отырған ана 18 жасқа толмаған балаларға берілетін жәрдемақыны алу мүмкіншіліктері мен заңдылықтары туралы кеңес алуға келіпті.

  • Мен осы жәрмеңкеге Пригородный елді мекенінен келіп тұрмын. 18 жасқа толмаған 4 балам бар. Соларға жәрдемақы алу үшін құжаттар жинақтап жатырмын. Мемлекеттік мекеме мамандарынан оған қандай құжаттардың қажет екенін, көпбалалы аналарға қандай жеңілдіктер қарастырылатынын сұрап, кеңес алдым. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылса, тұрғындарға өте тиімді деп ойлаймын, — дейді ол.

 Д.ТАУАНОВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*