Басты бет » Басты жаңалықтар » Баспасөз үйіндегі кездесу

Баспасөз үйіндегі кездесу

Кеше Ақтөбе қаласындағы Баспасөз үйінің ғимаратында «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқармасының төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі мен «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры, халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Асқар Омаров зиялы қауым және БАҚ өкілдерімен кездесті.

Алдымен қонақтар Баспасөз үйінің мұражайын, облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің редакциясын, «AktobeMedia.kz» медиа порталын, журналист Гүлназ Әлімгерейдің онлайн-студиясы мен авторлық медиа мектебін аралап көріп, журналистер қауымымен тілдесті.

Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, сондай-ақ аудандардан келген ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысты.

Шараны облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов ашты.

  • Жалпы баспасөздің қоғамдағы, еліміздегі болып жатқан жаңалықтарды, мәселелерді жеткізудегі рөлі ерекше. Елбасының Жолдаулары мен мақалаларында айтылған тұжырымдамалар, мәселелер осы баспасөз беттерінде жарияланып, халыққа жетіп жатыр. Бүгін, міне, республикадағы маңдайалды БАҚ басшылары сіздермен кездесіп, өз ой-пікірлерімен бөлісуге келіп отыр, — деді М.Тоқжанов.

Кездесуде «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқармасының төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі сөз алып, Ақтөбе өңіріне облыс басшысының арнайы шақыртуымен келгенін, жуырда 100 жылдығын атап өткен облыстық «Актюбинский вестник» газетінің ұжымын мерейтойларымен құттықтайтынын жеткізіп, республикалық басылым туралы жиналғандарға кеңінен әңгімелеп берді.

  • Ең әуелі, сіздерді осындай жарқыраған, жұмыс жасауға ыңғайлы, кең ғимараттың — Баспасөз үйінің ашылуымен құттықтаймын. Ақтөбе іргелі қалалардың бірі ғана емес, баспасөз орталықтарының бірі. Сондықтан бүгін сіздермен қауышып, кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Ал енді біздің басылымға келсек, ел газеті «Егемен Қазақстан» келер жылы өзінің 100 жылдығын атап өтеді. Бұл басылым — Алаш арыстары қызмет еткен қазақ баспасөзінің қарашаңырағы. Сондықтан бүгінгі жаңа технологиялар дамыған заманда ел газетін халық сүйіп оқитын басылымға айналдыруды мақсат еттік. Қазіргі таңда «Егемен Қазақстанды» форматы мен дизайнынан бастап барлық мазмұндық, сапалық жағынан өзгерттік. Қолымыздан келгенше ресми басылымды тек биліктің сөзін халыққа жеткізетін емес, халықтың сөзін билікке жеткізетін газет ретінде шығаруға атсалысып жатырмыз. Оның үстіне технологиялық мүмкіндіктер, сайт, портал сияқты мәселелерге де көңіл бөлдік. Бүгінгі күні көпшілігімізді: «Интернет заманында газеттің жағдайы не болады?» — деген сауал көп ойлантады. Біз осы тұрғыда шетелдік басылымдармен қарым-қатынас жасап жатырмыз. Атап айтсақ, біздің басылым ТМД елдері басылымдары арасында бірінші болып «Нью-Йорк Таймс» газетімен келісімшартқа отырып, меморандумға қол қойдық. Аталған басылым кез келген газетпен байланыс орната бермейді. Бізді де ұзақ зерттеді. Бүгінгі күні біздің «Егемен Қазақстанда» апта сайын осы басылымның материалдары жарияланады. Олар да интернеттің басылымға өз әсерін тигізіп жатқанын айтады. Жалпы интернет газеттің таралымына кері әсер етеді. Осы мәселеге байланысты біз әлемдегі маңдайалды басылымдарымен байланыс орнатып, тәжірибе алмастық. Байқағанымыз, газетке байланысты проблемалардың барлығы әлемге ортақ, — деді ол.

Өз сөзінде басқарма төрағасы «Егемен Қазақстан» газетінің даму стратегиясы мен оның бағыттарына тоқталып, басылымның қол жеткізген технологиялық жетістіктері, сайт шығару, таралымды көбейту, басылымда жарияланатын мақалалардың әр салалылығы,

ел ішіндегі өзекті мәселелерді билікке жеткізу жолдары туралы айтып берді.

Қазір «Егемен Қазақстан» газеті «жасарды». Олай дейтініміз, осыдан екі жыл бұрын газетте қызмет ететін журналистердің орташа жасы 57 болса, қазір — 30 жас. Соған сәйкес бүгінгі күні газеттің оқырмандары да жасарды. Мысалы, оқырмандарымыздың 70 пайызға жуығы — 18-34 жас аралығындағы азаматтар. Бұл газеттің болашағын көрсетеді. Демек, жастар біздің басылымды оқиды. Соңғы жылдары «Егемен Қазақстан» оқырмандарының саны артты. Былтыр бір Түркістан облысының өзінде оқырмандарымыздың саны 20 мыңға көбейді. Мәселен, Қытайда «Егемен Қазақстанды» оқитын 8-10 мың оқырманымыз бар болса, Еуропадағы Франция мен Германия елдерінде мыңдаған адам біздің басылымды оқиды. Сонымен қатар елшіліктер, шетелдердегі сараптау орталықтары да біздің газетімізде жарияланған материалдарды жиі қарайды. Осыған орай алдағы уақытта газетіміздің бірнеше бетін ағылшын тілінде шығару жоспарымызда бар. 100 жылдық қарсаңында біз барлық газет архивтерін сканерлеп, РDF нұсқасын әзірледік. Газет табыс табуы керек. Сондықтан газеттің РDF форматына жазылушылар саны 4 мыңнан асты. Егер жазылушылар саны 5 мыңнан асса, ақылы болады, — деді ол.

Бұдан кейін «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры, халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Асқар Омаров агенттіктің жұмысы мен жетістіктері туралы айтып, бұқаралық ақпарат саласындағы бірқатар мәселелерге тоқталды. 

  • Мен де сөзімнің басында әріптестерімді қуаныштарымен құттықтағым келеді. Облыс басшысының қолдауымен іске асырылып жатқан бастамаларыңызға сәттілік тілеймін. Жаңадан ашылған ғимаратта еңбектеріңіз жанып, қаламдарыңыз ұштала берсін!

Өздеріңіз білесіздер, «ҚазАқпараттан» ақпарат алмайтын журналист жоқ шығар. Біздің агенттікке 2020 жылы 100 жыл толады. Қазіргі кезде Орталық Азияда бізден басқа халықаралық ақпарат агенттігі жоқ. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын ақпараттық қамтамасыз етуді, сондай-ақ әлемдік ақпараттық кеңістікте Қазақстанның оң беделін қалыптастыруды жүзеге асыратын біздің агенттік бүгінгі күні 9 елмен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Атап айтсақ, Бейжің, Ташкент, Баку, Бішкек, Нью-Йорк, Мәскеу, Брюссель қалаларында меншікті тілшілеріміз бар. Олар — шетелдерде оқып жүрген магистрлер мен докторанттар.

Жергілікті журналистика туралы айтсақ, біздің агенттіктің еліміздің әр өңірінде меншікті тілшілері жұмыс жасайды. Күніне «ҚазАқпаратта» үш жүзге жуық ақпарат жарияланады. Қазір елімізде орыс тілінен қазақ тіліне аударатын мамандар көп, ал қазақ тілінен орысшаға аударатын мамандар өте аз. Бізде қазақша ақпарат көп шығады, сол себепті жазғанымыз орыстілді аудиторияға жетпей жатады.

Жалпы бүгінгі таңда «ҚазАқпаратта» жарияланатын ақпараттар 4 тілде, атап айтсақ, қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерінде шығады. Осы орайда бірқатар мәселелер туындайды. Мысалы, елімізде қазақша-қытайша білетін мамандар табылады, ал қытайша-ағылшынша жазатын тілшілер жоқтың қасы. Сондықтан журналистерді даярлайтын оқу орындары осы мәселеге көңіл аударса дұрыс болар еді, — деді А.Омаров.

Өз сөзінде ол бүгінде аудандарда, ауылдарда агенттіктің штаттан тыс тілшілері жұмыс жасап жатқанын, олардың ішінде бірқатарының жазған ақпараттары, мақалалары көп рейтинг жинайтынын жеткізді.

Кездесуде зиялы қауым өкілдері БАҚ басшыларына өз сауалдарын қойып, жарияланатын мақалалардың мазмұны, жаңа технологиялық жетістіктері туралы өз ойларын білдіріп, ұсыныстарын жеткізді.

Шараны «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин қорытындылап, БАҚ басшыларына газетке жазылу науқаны қызу жүріп жатқанын айтып, жасалып жатқан бірқатар жұмыстарға тоқталды.

  • Осыдан бір апта бұрын Ақтөбеде облыс әкімінің қатысуымен Баспасөз үйі ашылып, облыстық «Актюбинский вестник» газетінің ұжымы 100 жылдығын атап өтті. Аталған үлкен шараға белгілі әріптестеріміз Ғаділбек Шалахметов, Қайнар Олжай мен Нұртілеу Иманғалиев қатысып, қуанышымызбен бөлісіп еді. Бүгін, міне, біздің үлкен шаңыраққа сіздер келіп отырсыздар. Сіздерге көп рақмет!

Алда атқарар жұмыстарымыз әлі де көп. Қазір газетке жазылу науқаны жүріп жатыр, алдымызда оқырмандармен кездесулер күтіп тұр. Сондықтан сіздерге, сіздердің жұмыстарыңызға табыстар тілейміз, — деген серіктестік басшысы қонақтарға ризашылығын білдіріп, естелік сыйлықтар табыс етті.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*