Басты бет » Басты жаңалықтар » Бұл — алдымен жастарға арналған мақала

Бұл — алдымен жастарға арналған мақала

Кеше «Шығармашылық академиясы» орталығында зиялы қауым өкілдері жастармен бірге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын талқылады.

Кездесуге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғали, «ҚазАқпарат» халықаралық агенттігінің бас директоры Асқар Омаров, саясаттанушы Айдос Сарым, «Қазақстан блогерлері альянсы» қоғамдық бірлестігі төрағасы Ғалым Байтоқ, сондай-ақ, студенттер мен оқушылар қатысты. Мұндағы мақсат — жастарға Президент мақаласында айтылған мәселелерді түсіндіру, ұлттық құндылықтарды ұлықтау.

— Мемлекет басшысы сіздерге, жастарға, ерекше көңіл бөлетінін білесіздер. Өйткені біздің болашағымыз — сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан қазіргі таңда жасалып жатқан жағдай, ұйымдастырылып жатқан шаралар, барлығы сіздер үшін өткізіліп жатыр. Ең негізгі мақсат — қазақстандық жастардың білімі, денсаулығы, басқа да тұстары, шетелдік қатарластарымен салыстырғанда, кем болмауы керек.

Елбасының әлеуметтік бес бастамасы, жақында жарық көрген мақаласы да бірінші кезекте сіздерге арналған. Сол үшін тарихты қастерлеп, оны танып-біліп, Қазақстанның дамуы үшін бар күш-жігерлеріңізді салуларыңыз керек. Бұл мақсатта жақсы оқып, қай жағынан да озып шығуға ұмтылу қажет.

Елбасының мақаласын жете түсіндіру үшін елімізге белгілі өлкетанушылар, саясаттанушылар, журналистерді шақырдық. Олардың мақала туралы пікірі, жастарға не беретіні туралы пайымы сіздерге де қызық болады ғой деп ойлаймын, — деді облыс әкімі Бердібек Машбекұлы.

Одан соң сөз алған «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі қазақ халқының тарихы бай екенін, оны зерттеп, тани білген әр жастың көштен қалмайтынын атап өтті. Елбасының жоғарыда аталған мақаласы да соған ерекше маңыз беріп отырғанын тілге тиек етті.

Ал «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғали:

— «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала — бір-бірімен үндес, төл тарихымызды тани түсуге деген талпыныстан жарыққа шыққан құжаттар. Өйткені, әсіресе, ғаламторда соңғы уақытта біздің дәстүрімізді жоққа шығаратын ұғымдар насихаттала бастады. Осының бәрі жастарға кері әсерін тигізді. Бір ғана мысалды айтайын, өз-өзіне қол жұмсау жағынан Қазақстан әлемде алдыңғы орындардың бірінде тұр. Қоғамымызда осындай проблема бар болған соң, ендігі рухани құндылықтардың насихатталуына, тәрбие жұмыстарына айрықша мән беріліп жатыр. Соның ішінде әлеумет, мәдениет салаларына қамқорлық күшею үстінде. Келесі жылдың жастарға арналуы да бекер емес. Мемлекеттік деңгейде жастарға бағытталған жақсылықтар арта түспек. Неге десеңіз, соларға қазірден көңіл бөлмесек, болашақта Қазақстан қандай болады?! Бұл сұрақ бәрімізді алаңдатуы керек. Сондықтан әр адам өз-өзіне есеп беріп, көкейінде «туған жеріме не істедім?» деген сұрақ болуы тиіс. Ауылына көмек көрсету деген міндетті түрде мектеп, аурухана салу, болмаса ақша жағынан қолдау емес. Туған жеріне өзіне қымбат кітабын берсе де, бұл — үлкен сый. Қысқасы, әр адам қолынан келгенше шарапатын тигізсе, бұның да еліміздің, қоғамымыздың дамуына оңды жағы көп, — деді.

«Қазақстан блогерлері альянсы» қоғамдық бірлестігі төрағасы Ғалым Байтоқ республикамызда әлі күнге насихаты аз киелі жерлер, батырлар, басқа да құндылықтардың көп екенін, оны зерделеп, зерттеуге Елбасының өзі баса назар аударып отырғанын қосты. Оның сөзінше, қыз-жігіттер осы мүмкіндікті мүлт жібермей, мақаланы жазудағы мақсат-мұраттарды жете түсіну қажет. Сонда ғана рухани жаңғырып, Абай айтқан «толық адам» деген ұғымға сай болады.

Басқосу барысында жастар өздерінің пікірін білдіріп, қонақтармен ой бөлісті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*