Басты бет » Рухани жаңғыру » Киелі жерлер: тізім толықтырыла береді

Киелі жерлер: тізім толықтырыла береді

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жоспарланған «Қазақстанның қасиетті жерлерінің энциклопедиясы» атты бес томдықтың екінші томында еліміздің батыс аймағындағы ескерткіштер жайлы деректер қамтылады. Бұл кітап биылғы жылдың соңына дейін жарыққа шығады. 

Бұл жөнінде ақтөбелік өлкетанушылармен өткен кездесуде «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғалиұлы айтты. Жиын облыстық тарихи-өлкетану музейінде өтті. Жиынға тарихшы ғалымдар, музей, архив саласының қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов жиынды аша отырып сөйлеген сөзінде:

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында тарихқа деген дұрыс ұстаным керектігін алға тартты. Тарих ешқашан бір жазылған қалпында қалмайды, жаңа зерттеулер, ізденістер нәтижесіндегі деректер мен дәйектер арқылы үнемі толықтырылып және түзетіліп отырады. Жас ұрпақ төл тарихын білуі, мақтан етуі тиіс. Ата-бабалар мұрасы — көне ескерткіштерді зерттеу, оларды насихаттау мақсатындағы жұмыстар жас ұрпақтың тәрбиесіне, еліміздің ертеңгі күнгі жарқын табыстарына бағытталған, — деп атап өтті.

Естеріңізге сала кетсек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы — «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын іске асыру мақсатындағы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы 2017 жылдың мамыр айында Ұлттық музей жанынан құрылған болатын.

Орталық директоры Берік Әбдіғалиұлы кездесудің мақсаты жөнінде:

— Орталық құрылғалы бергі уақыттың ішінде көптеген жұмыстар жасалды. Өткен жылы «Қазақстанның қасиетті жерлерінің энциклопедиясы» атты бес томдықтың алғашқы томы жарыққа шықты. Алғашқы кітапқа Астана, Ақмола облысы, Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағындағы ескерткіштер енгізілді. Жақында батыс аймақтағы төрт облыстың ескерткіштері қамтылған екінші том қолымызға тиетін болады. Жалпыұлттық және жергілікті маңызы бар нысандардың тізімі бүгінгі күнге дейін енгізілген ескерткіштермен шектелмейді, толықтырыла береді.  Мен өлкетанушылардың осы бағыттағы ұсыныстарын тыңдағым келеді, — деді.

Ол энциклопедияға Ақтөбе аймағының ескерткіштері жөніндегі мақалаларды ұсынған авторлар тобы — Бекарыстан Мырзабай, Айгүл Сергеева, Жұманазар Асан, Аслан Мәмедов және басқаларға алғысын жеткізді, сондай-ақ, алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстарға тоқталды. Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, Алматыдағы Боралдай сақ қорғаны археологиялық кешені маңында Сақ мәдениетінің орталығы ашылса, Ақтөбе жерінде ғұн дәуіріне байланысты осындай орталық ұйымдастыруға әбден болады. Сондықтан ғұн дәуірі ескерткіштеріне ерекше ден қойып, оларға қатысты зерттеулерді тереңдете түсу керектігін айрықша айтты.

Қазір «Ескерткіштерді қорғау туралы» заң Парламент қарауына ұсынылған.

—  Заң қабылданғаннан кейін, киелі жерлер тізіміне енген нысандар мемлекет қорғауына алынатын болады. Сонымен қатар, ол жерлерге барушылардың тәртібі, яғни ішімдік ішпеу, шуламау және басқа талаптар, бір сөзбен айтқанда,  киелі жерлерге құрметпен қарау мәселесі де заңмен бекітілуі тиіс. Біз осыған күш саламыз, — деді Берік Әбдіғалиұлы.

Орталық директоры облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимаратының сән-сәулетіне ризашылығын да жеткізді:

— Бұл — айрықша қуаныш. Заманға сай, көрікті ғимарат жұртшылықтың музейге деген ықыласын арттырады, ал музейге деген қызығушылық тарихқа деген қызығушылыққа ұласады, — деді ол.

Өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай жиында сөйлеген сөзінде Әйтеке би ауданындағы «Хан моласы» қорымында жүргізілген зерттеулер нәтижелерінің жарыққа шықпай жатқанына алаңдаушылық білдірді. Бұл Әбілқайыр хан жерленген көне қорым екені жұртшылыққа белгілі. Әбілқайыр ханның зиратын анықтау мақсатында мұнда 2000-жылдардың басында бірнеше жыл қатарынан зерттеулер жүргізілген еді.

— Ғылымның 10-12 саласы қамтылып, тиянақты түрде жүргізілген зерттеулердің қорытындысы әлі күнге дейін жарыққа шыққан жоқ. Осы мәселені назарда ұстауды сұраймыз, — деді Бекарыстан Мырзабай.

Жиында белгілі ғалым, тарихшы Зәкіратдин Байдосов, белгілі ақын, көсемсөз шебері Мейірхан Ақдәулетұлы, т.б. сөз сөйлеп, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*