Басты бет » Басты жаңалықтар » Облыс әкімі — тікелей эфирде

Облыс әкімі — тікелей эфирде

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Aqtobe» телеарнасы эфирінде облыс тұрғындарымен тікелей байланысқа шықты. «Әкім сағаты» бағдарламасы аясында жұртшылықтың өз сауалдарын қоюына, ұсыныс-пікірлерін айтуына толық мүмкіндік жасалды. Телеарнаның тікелей эфирі барысында барлығы 701 сұрақ келіп түсті. Оның 253-і Саll-орталыққа  қоңырау арқылы түссе, 448-і әлеуметтік желі арқылы жарияланыпты. 

«Әкім сағаты» бағдарламасы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты әзірленген бейнебаянды көрермен қауымға ұсынумен басталды. Бағдарлама барысында да Бердібек Машбекұлы Ақтөбенің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты қысқаша тоқталып өтті.

Биыл біз Мемлекет басшысының тапсырмасын толығымен орындаймыз. Барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер былтырғыдан жоғары болады. Жылдық экономиканың өсім қарқыны 5 пайыздан төмен болмайды. Соның нәтижесінде біз халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттерімізді орындаймыз. Салынатын әлеуметтік нысандар дер кезінде іске қосылады. Жалпы бізге мемлекеттік бағдарламалардың үлкен қолдауы бар. Біз қалған жиырма күнде осындай қарқынмен жұмыс жасасақ, Мемлекет басшысының берген тапсырмасы жыл соңына дейін толығымен орындалады, — деді.

«Өндірісті өңір — Ақтөбені алға сүйреуде өзіңіздің қандай да бір әдіс-тәсілдеріңіз болса, бөлісер ме едіңіз» деген жүргізуші сауалына Бердібек Машбекұлы: «Біріншіден, өңірдің әлеуетін толығымен пайдалану керек. Екіншіден, мемлекеттік бағдарламалардың көмегін де барынша пайдаланған жөн. Одан кейін барлық жерде талдау, бақылау болуы қажет. Әрине, жаңа технологиялар, оның ішінде информатизация жүріп жатқан кезде, бірақ бәрібір, әсіресе, экономикалық дағдарыстар кезінде қарандашпен басқару да керек. Сонда ғана өзіңнің ойлаған ойларыңның барлығы іске асады», — деді.

Облыс әкімінің айтуынша, басқа өңірлермен салыстырғанда Ақтөбенің әлеуеті жоғары. Ақтөбе — пайдалы қазбаларға бай өлке, екіншіден, логистикалық жағынан тиімді орналасқан өңірлердің бірі. «Ақтөбе — Қазақстанның батыстағы қақпасы. Бұл — Еуропа мен Азияны жалғап жатқан өңір. Ақтөбенің халқы еңбекқор. Облыстағы жетістіктердің барлығы соның нәтижесі деп ойлаймын. Мемлекет басшысы Ақтөбені Қазақстанның төртінші қаласы деп есептейді. Жақында ғана облысқа жасаған сапарында Нұрсұлтан Әбішұлы Ақтөбені тезірек миллиондар қаласына айналдыру жөнінде тапсырма берді. Логистика, көлік, халықты коммуналдық қызметтермен, тұрғын үймен қамтамасыз етуге барлық мүмкіндік бар. Ең негізгісі — сол мүмкіндікті пайдаланып, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуымыз қажет», — деді Бердібек Машбекұлы.

Тікелей эфир барысында облыс әкімінен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы шеңберінде келер жылы қандай жұмыстардың қолға алынып, жүзеге асырылатыны турасында сұралды. Облыс басшысының айтуынша, аталған мақалада айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында арнайы жоспар құрылған. «Елбасы мақаласында айтылған ұлттық құндылықтардың  барлығы Ақтөбеде сақталған. Қазақ тарихында болған оқиғаларға Ақтөбенің де қатысы бар. Осы бағытта жақында Ақтөбеде белгілі саясаткерлер мен сарапшылар, блогерлердің қатысуымен дөңгелек үстел өткізбекпіз. Мақсат — осы бағытта өзіміз әзірлеген және сол басқосуда айтылатын ұсыныс-пікірлерді саралап, келер жылға жоспар дайындау. Барлық жасалатын іс-шаралар жоспары  жыл соңына дейін әзірленуі қажет. Ең негізгі міндет — іс-шаралар гуманитарлық жағынан ғана емес, экономика, саясат жағын да қамтуы керек», — деді Б.Сапарбаев. Бұл орайда облыс әкімі хром рудасы кенінің алғаш рет облыс территориясынан табылғанын, Мұғалжар асыл тұқымды жылқыларымен де Ақтөбенің аты шыққанын тілге тиек етті. «Біз бұл істі жан-жақты қамтуымыз керек. Біріншіден, келешек ұрпақ үшін, екіншіден, тамырымыздың тереңде жатқанын дүние жүзіне дәлелдеуіміз керек», — деді ол.

Облыс әкімі Тұңғыш Президент күнінде Байғанин ауданының Жарқамыс елді мекенінде болып, жергілікті тұрғындарды мерекемен құттықтап, олардың тұрмыс жағдайын өз көзімен көріп қайтқаны белгілі. Эфир барысында облыс әкімінің мереке күні неліктен Ақтөбе қаласында болмағаны жайында сұрақ келіп түсті.  «Бұған дейін Байғанин ауданына жасаған сапарымда жергілікті тұрғындар осы ауылда орталықтандырылған ауызсу мәселесін шешу, апатты жағдайдағы мәдениет үйін қалпына келтіру, балабақша салу проблемасын алға тартқан еді. Бұл өтініштер толығымен орындалды. Оған қосымша «Самұрық-Қазына» компаниясының көмегімен 58 миллион теңгеге спорт алаңдары салынды. Бір ауылдың өзіне биылдың өзінде 500 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл — аз қаражат емес. Байғанин ауданында Қожасай кен орны бар. Ол жерде жылына 300-350 миллион текше метр газ ауада жанады. Сол газды пайдалану жөнінде біз «ҚазТрансГаз» компаниясымен былтыр келісімшарт жасастық. Осы газды пайдаланып, тауарлы газ есебінде Бұқара-Орал газ құбырына жіберу жөнінде де жұмыстар қолға алынды. Қосымша күкірт, газ конденсатын шығару жөніндегі құрылыстың жұмысы аяқталып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, жыл соңында Елбасы  телекөпір өткізеді. Біз сол телекөпірде Қожасай газ кен орталығын көрсетуіміз керек. Бұйырса, 11 желтоқсан күні аталған кен орнын іске қосамыз. Қазір ол жерде 1500-ге жуық адам жұмыс жасайды. Оның 200-ден астамы — жергілікті тұрғындар. Кен орны іске қосылған кезде, Байғанин ауданында ең кем дегенде 260 адам тұрақты жұмыс жасайтын болады. Бұл —  қосымша табыс, қосымша газ алуға мүмкіндік береді. Ауданға жасаған сапарым кезінде осы жұмыстарды аяқтау барысы да бақыланды.  Сондықтан бірінші желтоқсан күні Ақтөбе қаласында болмауымның себебі — осы», — деп жауап берді Б.Сапарбаев.

Эфир кезінде облыс әкіміне көрермендер тарапынан да көп сауал қойылды. Соның бірі — зейнеткер Өмірбай Еркебаев жаңа жылдан бастап коммуналдық қызмет тарифтерінің төмендейтінін айтып, биліктегілерге өз алғысын білдірді. «Тарифтерді көтеретін — монополистер. Біз монополияға қарсы департаментпен бірге тексеріс жүргіздік. Жалпы, бізде биылғы жылы тарифтерге үлкен көтеру болған жоқ. Сумен қамтамасыз ететін «Ақбұлақ» компаниясы бағаны түсірді. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап газ, жылу, жарық, суға баға орта есеппен 3 пайыздан 10 пайызға дейін төмендейді», — деді облыс әкімі.

Бағдарлама кезінде көрермендер тарапынан облыс жолдарын жөндеу, оның ішінде Ақтөбе-Қандыағаш-Ембі-Шалқар бағытындағы тасжолдарды жөндеу жұмыстарының қашан қолға алынатыны жайында сұралды. Сондай-ақ Ақтөбе қаласы мен Өрлеу поселкесі аралығындағы жолдың мәселесі де жергілікті тұрғындарды алаңдататыны айтылды. Бұл сауалға облыс әкімі: «Біз үшін күрделі мәселенің бірі — жол. Облыста 7 мың шақырым жол бар, соның 5 мың шақырымы — жергілікті маңыздағы жол. Осыдан үш жыл бұрын жолдың 40 пайызы ғана жарамды болса, қазір бұл көрсеткіш 53 пайызға жетті. Былтыр 300 шақырым жол жөнделсе, биыл жолдың 400 шақырымы жөнделді. Ал келер жылы бұл көрсеткіш 500 шақырым болмақ. Сөйтіп, жыл сайын жол жөндеу қарқынын күшейте түспекпіз. Жол жөндеу ісіне қосымша республикалық бюджеттен қаражат қарастырылады. Өткен жылы 22 миллиард теңге қаржы бөлінсе, биылғы бөлінген қаражат көлемі — 38 миллиард теңге. Ақтөбе мен Қандыағаш арасындағы жолды жөндеуге қатысты процедуралық сәттер болды. Келер жылдан бастап Қандыағаштан Алғаға қарай, Алғадан Ақтөбеге қарай жол жөндеу жұмыстары басталады. Негізі бұл жолды Атырау шекарасына дейін жөндеу жұмыстары 2020 жылы толығымен аяқталуы керек.  Ал Қандыағаш-Ембі, әрмен қарай Шалқардың жолын жөндеуге қатысты қазір біз Үкіметпен жұмыс жасап жатырмыз. Яғни, Орталық Батыс жолын жүргізу бойынша құжаттар әзірленіп жатыр. Бұл жұмыстар келер жылы, болмаса 2020 жылы басталып, 2022 жылы толығымен аяқталады. Сол кезде біз Атырау, Ақтауға айналмай, тікелей баратын боламыз. Биыл біз Бадамша-Никельтау-Хромтау арасындағы жолды салдық. Қобда-Болгарка, одан әрі Шұбарқұдыққа баратын жол құрылысы келер жылы аяқталады. Бұл жолды Ойылға дейін жеткізуіміз керек. Сол кезде аудандар арасындағы байланыс жақсарады. Өрлеу ауылына барар жолдың құрылысы келер жылы басталады», — деген облыс әкімі тікелей байланыс арқылы жұртшылыққа Ақтөбе қаласы аумағындағы жол құрылысы турасында да айтып өтті.

Тікелей байланыс кезінде Ақтөбе қаласындағы көпірлердің жағдайы да сөз болды. Әлеуметтік желі арқылы жолданған сауалдардың арасында Әйтеке би ауданының Еңбекту ауылына газ тарту ісін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырудың мүмкіндігі сұралса, Алға қаласы мен Самбай ауылы арасындағы жол мәселесі де тұрғындар үшін қиындық тудырып тұрған проблемалардың бірі екені айтылды. Сол сияқты, Ақтөбе қаласындағы Заречный-3 ауылына балалар ойын алаңын салу мәселесі көтерілді. Сенімгерлік басқаруға берілген «Ақтөбе» футбол командасының болашағы турасында да сауал жолданды. Ресейдің Орынбор облысы Новотроицк қаласының тұрғыны, облыстық «Актюбинский вестник» газетінің бұрынғы қызметкері Владимир Рогожин облыс әкіміне жүз жасқа толған басылымның мерейтойына шақырту алып, жақында ғана Ақтөбеде болғанын айтты. Қаланың жылдан-жылға көркейіп, көріктеніп келе жатқанын тілге тиек еткен ардагер журналист Ақтөбеде тұңғыш рет Баспасөз үйінің ашылғанын ерекше қуанышпен айтып, жергілікті журналистерге қамқорлық танытқаны үшін әкімге өз алғысын білдірді. Бердібек Машбекұлы: «Журналистер бұл құрметке лайық. Ал қала туралы айтар болсам, ақтөбеліктер де бұл құрметке әбден лайық», — деді.

Тұрғындардың көпшілігі тұрғын үй, жер телімін алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жеке балабақшалардың жайы, көп қабатты үйлердегі лифт,  қоғамдық көлікті реттеу, аялдама орнату секілді әлеуметтік мәселелерге байланысты сауалдар жолдаған. Арасында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке мәселесіне қатысты сауалдар да болды. Ырғыз ауданының Құрылыс ауылынан хабарласқан Зейнолла ақсақал ауыл мектебінде жылудың жоқтығын айтып, балалардың сабақта сырт киіммен отыратынын жеткізді. Облыс әкімі бұл мәселені бірінші рет естіп отырғанын айтып, нақты тапсырма беріп, мәселенің тез арада оңтайлы шешілуіне ықпал ететінін айтты.

Облыс әкіміне сауал жолдаған ең жас көрермен — Ақтөбе қаласындағы №41 орта мектептің 3-сынып оқушысы, оқу озаты, көпбалалы отбасында тәрбиеленіп жатқан Әлихан Дәуітов. Ол облыс әкімінен Жаңа жыл мерекесінде танымдық энциклопедия сыйлауын өтініпті. Ал қаладағы 37 орта мектептің оқушысы Оңталап Темірбай өткен жылы да «Әкім сағаты» бағдарламасында Бердібек Машбекұлынан тасқын кезінде компьютері суда қалғанын айтып, өтініш жолдаған екен. Оңталап өткен жылғы өтінішінің биыл жүзеге асқанын қалайды. Ал қаладағы №56 орта мектеп оқушысы, патронат қамқорындағы Әсия Жоламанова Жаңа жылды жаңа үйде қарсы алғысы келетінін айтыпты. Құрылыс жұмыстары толық аяқталмаған, суық үйде тұрып жатқан Әсия облыс басшысына жазған хатын студияға өзі әкеліп беріпті.  Эфир барысында Бердібек Машбекұлы Әлиханға да, Оңталапқа да жақын аралықта сыйлықтар табысталатынын айтты. Ал Әсияның жазған хатына байланысты Ақтөбе қаласының әкіміне тапсырма беріп, шара қолданылатынын жеткізді.

Шалқарлық тұрғын Маржан Бекетова Ақтөбеде салынған «Анаға тағзым» орталығының өскелең ұрпақ үшін тәлім-тәрбие берудегі маңызын ерекше атап, алдағы уақытта аналарға арналған іс-шаралардың  облыс көлемінде көптеп өткізілуі керектігін айтса, Ырғыз ауданы Нұра ауылынан хабарласқан Бәтима есімді тұрғын Ақтөбеде бой көтерген жаңа музейде ҚР Тұңғыш Президенті музейінен  әкелінген экспонаттарды ауыл балаларының да тамашалауына жағдай жасалса деген ұсынысын айтты. Ақтөбе қаласының тұрғыны, ҚР мәдениет қайраткері Еркін Құрманбек облыс әкімінен келер жылы Ақтөбе қаласына 150 жыл толатынын, осы айтулы датаға орай қандай жұмыстардың жүзеге асырылатынын сұрады.

Өте орынды сұрақ. Бұл шараға дайындалып жатырмыз. Оның үстіне, биыл Астана қаласының 20 жылдығына байланысты өткізілген іс-шараларға қатысты тәжірибеміз бар. Ақтөбенің 150 жылдық мерейтойына барлық ақтөбелік атсалысып, қатысуы керек, өз үлестерін қосуы қажет. Осы бағытта үлкен жоспар дайындалып жатыр. Сондағы мақсатымыз — әрбір кәсіпкер, әрбір кәсіпорын, ұжымның қандай жұмыс жасайтынын белгілеу. Оған қосымша, барлық аудан да бұл шарадан тыс қалмайды. Сол сияқты, аудандарда Ақтөбе қаласының күндері өткізілмек. Ақтөбе қаласына қатысты барлық іс-шаралар 150 жылдықтың төңірегінде жасалуы керек, — деді облыс әкімі.

Эфир барысында көтерілген сауалдардың барлығына облыс әкімі нақты жауап берді. Бердібек Машбекұлы биыл облыста жүзеге асырылған «Бақытты бала» жобасы әрмен қарай да жалғасын табатынын атап өтті.

Облыс әкімі «Әкім сағатын» қорытындылай келе, ақтөбеліктердің бағдарламаға белсене қатысқаны үшін алғыс сезімін білдіріп: «Әрине, сіздер қойған сауалдардың барлығы біз үшін белгілі. Оның барлығын бір күнде шешіп тастау мүмкін емес. Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен бұл мәселелерді шешетін боламыз. Бізді қолдап, осындай мәселелерге шыдамдылық танытып отырғандарыңыз үшін мың да бір рақмет», — деп облыс әкімі өз сөзін қорытындылады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*