Басты бет » Жаңалықтар » Highvill компаниясы өкілдері — Ақтөбеде

Highvill компаниясы өкілдері — Ақтөбеде

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Dongil Highvill корей құрылыс компаниясы бас директорының орынбасары Ким Ёнг Чжу мырзамен кездесті. Бұл кездесу Ақтөбе облысы әкімі мен Dongil Highvill президенті Ко Донг Хюннің осы жылғы қараша айындағы Сеулде өткен келіссөздерінің жалғасы болды.

Кездесу кезінде оңтүстіккореялық компанияның облыс аумағындағы тұрғын үй құрылысының алдыңғы қатарлы жобаларын жүзеге асыруға қатысу мәселелері талқыланды.

— Халықтың әл-ауқаты өсіп келеді, сонымен бірге қолайлылығы жоғары баспанаға деген сұраныс та көбеюде. Сондықтан біз сіздің компанияңызбен әріптес болуға мүдделіміз. Біз өз тарапымыздан сіздерді жермен және инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге дайынбыз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ақтөбе заманауи агломерация орталығына айналатын төрт қаланың қатарына енді. Келешекте Ақтөбе миллиондаған тұрғыны бар қалаға айналады. Сондықтан біздегі тұрғын үй құрылысын әрі қарай дамытудың келешегі зор, — деді Бердібек Сапарбаев.

Dongil Highvill өкілдері Ақтөбеге жұмыс сапары кезінде қала дамуының бас жоспарымен танысты, құрылыс үшін болашағы бар жерлерді қарап шықты. Жергілікті билік тұрғын үйлерді салудан бөлек Ақтөбеде ултразаманауи спорт кешендері мен ғимараттар салуда әріптес болуды ұсынды.

— Бұл менің Ақтөбеге алғашқы сапарым. Қаланың таза екенін байқадым, инфрақұрылымы дамыған. Қаланы әрі қарай дамытуға лайықты үлесімізді қосатынымызға сенемін, — деді Ким Ёнг Чжу кездесу кезінде.

Dongil Highvill компаниясының Ақтөбе облысының құрылыс нарығына кіруі жөніндегі түпкілікті шешім осы жылдың соңына дейін қабылданатын болады деп күтіліп отыр.

Dongil Highvill Кореяның тұрғын үй құрылысы саласында көш басында тұр. Қазақстан нарығында 2004 жылдан бері келе жатыр. Қазіргі таңда Қазақстанның елордасында Highvill Astana, Highvill Park I, Highvill Park II, Highvill Ishim сынды ауқымы ірі жобалар жүзеге асырылуда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*